• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 29 Сәуір, 2022

Рүстем Әбдіраш: Жеңіс пен жетістіктің бастауында бірлік тұрады

648 рет
көрсетілді

– Рүстем Жарасқанұлы, тарихи тақырыптағы фильм­дер­дің төңірегінде пікір қайшы­лы­ғының жүретіні белгілі, сіз­дің «Алмас қылышты» түсіре­мін деп алмас қылыштай қайрал­дым» деген сөзіңіз де сол талас-тартысты меңзеп айтылса керек. Кең форматтағы эпопеялық жо­ба­лар, тарихи тақырыптағы фильм­дер тапсырыс негізінде бүгінгі күннің талабымен түсі­ріледі, бірақ ол болашақта да өзектілігін жоймас үшін режиссер нені біліп, нені ескеруі керек, әлде уақыт өте келе, ол фильм­дер бәрібір ескіріп, көрерменді қызықтыра алмауы заңды ма?

– «Алмас қылыш» фильмі – төңірегіне мыңдаған адамды топтастыра алған ұлттық идеяның жемісі. Фильм қазақтың арғы тарихын алғаш рет қопара жазған Ілияс Есенберлиннің «Көшпенді­лер» шығармасының желісі бо­йын­ша қолға алынғанын талай мәр­те айттым. І.Есенберлин үш кітаптан тұратын «Көшпенділер» тарихи эпопеясын кеңестік партия идеологиясының дәуірлеп тұр­ған кезінде жазды. Алмағайып за­ман­­да қазақтың санасына «қазақ хан­дығы», «қазақ мемлекеті» деген сөздерді сыналап кіргізіп, арманы азаттық болып, ерлік жасап жаз­ған шығармасында ол кісінің ыж­дағатты ізденісінің нәтижесінде табылған, пайдаланған көптеген деректері кейінгі тарихшылардың мәліметімен толықтырылып жатыр. Қуатты кеңес империясының шеңберінен шығармайтын сол кезеңдегі идеологияның әсерімен жазылған шығарма болғандықтан, автор тарихи шындықты астыртын, тұспалдап қана жеткізуге немесе айтқысы келген ойын аңыз-әпсана әдісіне орап жазуға мәжбүр болған тұсы да жоқ емес. Сондықтан фильмде өзгертулер көп болды. Сценарийді жазу бары­сында XV ғасырда қазақ хан­­ды­­ғының құрылуымен бірге өріс алған жыраулар әдебиетіне, ха­лық­­­тың топтасуы мен бірігуін өлең­­­деріне өзек етіп, күш-қуаты­ның нығаюына, бүгінгі тілмен айт­қанда, мемлекеттілігінің тұтас­тығын қамтамасыз етуге үндеген зар заманның жыраулары, тіпті қолбасшылары десек те жарасар, Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Доспамбеттердің өлең­­деріндегі тарихи шындық пен бүгінгі тарихшылардың жаңа де­ректері негізге алынды. Бұл жырау­лар қазақ халқы­ның бо­лашағын ойлап, ұрпағының татулықпен, бірлікпен қалыптасып өсуін жырлайды. Сол себепті алдаспан ақындардың есімі қазақ халқының аңызында, әдебиетінде, тарихтағы естелігінде сақталып қалған, тарихта өмір сүрген, со­ңына мұра қалдырған дерегі бар кісілер. Қазақ әдебиеті тарихында шығармалары өз атымен жеткен жыраулар поэзиясын да зерделеп, М.Тынышпаев, М.Мағауин зерттеулерінің тереңіне үңіле отырып, олардың да жазбаларын кәдеге жаратып, қисынын кел­тіруге тырыстық.

«Алмас қылыш» – деректі фильм емес, көркем дүние. Көркем дүние болғандықтан, ол ешқа­шан нақтылық пен шындықтың дәлме-дәл көшірмесі бола алмайды, тарих шежіресінің ақиқатында ауытқудың болуы заңды. Жазбаша дерек атаулыдан 550 жыл бұрын Қазақ хандығы құрылған кезде «Тарих-и-Рашидиде» ғана «көш­пелі өзбек хандығынан Жәнібек пен Керей бөлініп шықты» деген нақты жазылған бір ғана дерек бар. Қалған деректердің бәрін І.Есен­берлиннің деректеріне, басқа да мәліметтерге сүйене отырып, киноға ыңғайлап, құрастыруға тура келді. Бұл фильм әу баста Қазақстанның жас ұрпағының, жалпы халықтың өз елінің тарихына деген қызығушылығын оятатын жоба болса екен деген оймен жасалған дүние болатын.

Өз шығармамның болашақ­та­ғы тағдыры туралы алдын ала ешнәрсе айта алмаймын, ол тіпті дұрыс емес те шығар. Уақыт өте келе бәрі айқындалады. Міне, осы жаңа ғана «Еларнадан» беріліп жатқан «Қазақ хандығының» «Алтын тақ» сериясын көріп, орнымнан тұрған бетім. Осы жо­лы бастан-аяқ асықпай отырып көрдім. Фильм түсіріліп, экранға шыққаннан кейін ел қатарлы көргеніңде аса көп ешнәрсе түсі­не бермейсің. Араға уақыт салып барып, әр кадрды асықпай зерде­лесең, басқаша қабылданады. Қыс­қа мерзім ішінде, шектеулі қара­жатпен ауқымды жоба жа­сал­ғанына өзім де таң қалдым. «Ал­мас қылыш» Youtube желісі­не қойылғалы бері шартараптағы әлем елдерінен 9,5 млн адам көр­ген екен. Әсіресе, ағылшын субтитрімен орналастырылған орыс тіліндегі нұсқасы өте көп көрермен тартты. Көрген адамдар фильмнен алған әсерін айтып, пікір қалдырып, жетістігі мен кемшілігін қатар жазып жатыр. Фильмнің ағылшын тілінде­гі нұсқасы дүние жүзінің кино алаң­дарына шығып, сатылым жайлап жүзеге аса бастады. Дәл бүгінгі күні Түркияның «ТRT AVAZ» арнасынан осы жобаның фильмі де, сериалдық нұсқасы да қатар жүріп жатыр. Корея, Қытай, Араб елдеріне де таныстырылу үстінде. Екі нұсқасын да көрермен қауым жылы қабылдаған сияқты.

– Сіздің фильмдеріңіздің бас­­ты ерекшелігі – тарихи сюжет ар­қылы елдік пен бірліктің дәріп­телуі деп білеміз. Отқа оранып, дүр­лігіп жатқан дүрбелеңге толы дүние­дегі мазасыздықты айтпағанда, бейбіт елдердің өзінде сенім қайшы­лығы, партия алауыздығы, тіпті әлеу­мет­­тік желі іріткісі сияқты іш­кі араз­дық жиі көрініс тауып оты­­рады. Біздің көпұлтты елі­міз­де бірлік идеясын көрсетіп оты­ру маңызды. Бірақ қандай тәсілмен?

– Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттей жүріп, жыраулар поэзиясымен жақсылап таныс­қа­нымды жоғарыда айттым ғой. «Балаларға өсиет, қылмаңыздар кепиет. Бірлігіңнен айрылма, бір­лікте бар қасиет. Татулық болар береке, Қылмасын жұрт келеке» дейді ақылман Ақтамберді. Жастайынан ауызбіршілікпен, дос­тықпен қалыптасып өскен жас ұрпақ халқына тек жақсылық ойлайды. Кешегі Алтын Орда құра­мында болған Қазан хандығы, Астрахан хандығы, Ноғай ордасы, Әбілқайыр Шайбани құрған көшпенді Өзбек хандығы, содан кейінгі бөлініп шыққан Қазақ хандығы, осының бәрін бүгінгі кезеңге параллель қарастыратын болсақ, ғасырлар өте тарихтың айна-қатесіз қайталанатынын байқаймыз. Көзіміз көрген ке­шегі алып империя құлдырап, құлағаннан кейін бөлшектерге бөлініп, бірнеше жаңа мемлекет пайда болды. «Өз еркімен қосылды» деген өтірікке сендіріп, бәрінің басына бір қамытты кигізген құрсаудан босап шығып, егемен ел болып отырғанымызға да, міне, отыз жыл. Тарихи се­риал­дар мен фильмдерді түсіру мін­деті жүктеліп, бес-алты ғасыр бұрынғы Өзбек хандығы мен Қазақ хандығы арасындағы теке­тірес, соғыс көріністерін камерамен таспалап жүргенде кеудеме келіп кептелетін «бір соғыстың ызғары бар» деген ойдан өзім де тітір­кенуші едім. Бүгінгі Ресей мен Украина арасындағы қақты­ғыс­тан тарихи параллель іздесек, ел мен жердің тұтастығы жолын­да ұлы жорықтар кешіп өткен баба­ларымыздың ерлігінің, жанкеш­тілігінің өте ұқсас екенін көріп, тарих дөңгелегінің кері айналатынын мойындайды екенсің. Алтын Орда дәуірлеген кезеңде біз де қағанат тізгінін ұстаған билеуші ел ретінде төрткүл дүниеге белгілі болғанбыз. Бүгінде жиі айтылатын «алты Алаш» дегеніміз сол Алтын Орда империясында бол­ған бауырлас елдердің ортақ атауы болуы мүмкін деген ой сана­ның бір бұрышында үнемі жаңғы­рып тұрады. Сол ұлы қағанат ыдыра­ғаннан кейін, қазағы, өзбегі, қарақалпағы, татар, ноғай, баш­құрты бар, қаншама ұлыстар мен жеке мемлекеттер пайда болды. Фильм түсіріп жүргенде тарихтың осылай қайталанып отыратынын ойлаған да жоқ едім, бүгін, міне, көз көріп, көңіл сеніп отыр.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Осыдан жүз жыл бұрын қазақ жерінде жергілікті халық 90-нан артық пайызды құрап отырды. Қазақстан бір күнде көпұлтты мемлекетке айнала салған жоқ. Кеңестік саясаттың нәтижесінде сонау Қиыр Шығыстан бері қа­рай, Волга бойындағы, Кавказ елдеріндегі халықтарды қазақ жеріне мәжбүрлеп көшіргеннен бергі бір ғасырдан астам уақыт бойына Қазақстан үздіксіз өзге этнос өкілдерімен толықтырылып отырды. Бұл үшін олар да, қазақ та кінәлі емес. Ел ретінде өркендеп, дамуымызға тигізген мұның өзін­дік игі ықпалын да теріске шығара алмаймыз. Тәуелсіздік алған отыз жылдан бері елімізде болған іргелі өзгерістер қазақ халқының сан жағынан да, сапа жағынан да толығуына әсерін тигізді. Ендігі мұрат – бірлікке ұмтылып, егемен­діктен айрылмай, еліміздің іргесін бекіте түсу. Қару-жарағы бар ел, бәлкім, айбарлы, мықты шығар, бірақ елдің ынтымағы мен бірлігі одан да мықтырақ. Елді, жерді, тілді қорғауға халық күш-қуатты бірліктен алады. Барлық жеңіс пен жетістіктің бастауында бірлік тұрады. Осы асыл мұраттың іргесі идеология арқылы, кино, телевизия арқылы халықтың санасына сіңірілуі керек. Отаншылдыққа үндейтін, рухты оятып, көтеретін әскери-патриоттық, тарихи фильм­дерді көбірек түсіріп, қазақша контентті көбейтіп, қалыптастыра беру керек.

– Тарихи тақырыптағы фильм­дермен халықаралық кино бәйгелерге қатысып, жеңіс­ке жетудің мүмкіндігі қандай?

– Бұл мәселенің нәзік иірімде­рі, өзіндік технологиясы бар. Тақы­рып таңдауға талғаммен қарап, оның әлем халқына қызықты болуын, тарих жүйесінің бір-бірімен байланысын есептей отырып жасаса, үлкен кинофестивальдерге қатысудың мүмкіндігі мол. Про­дюсерлік жұмысы, арнайы сценарий жазу, шетелдік компаниялармен біріге отырып, колоборация жасау да маңызды тетіктерінің бірі. Бұл – өте күрделі жұмыс.

– Кәсіби актерлермен жұ­мыс істегенді жөн көресіз бе, әлде «шы­­найылық» үшін кө­ше­ден кез­дей­соқ адамдарды шақы­расыз ба? Қолға алған жоба­ларыңызда актерлік құрамды қан­шалықты жаңалап отыра­сыз? Мұны сұраған себебім, сіз­дің фильмдеріңізде белгілі есім­дер мен белгісіздер, екеуі де ара­лас жүреді...

– Менің фильмдерімде екеуі де бар. «Сталинге сыйлық» филь­мінде Нұржұман Ықтымбаев сияқ­ты белгілі актермен бірге белгі­лі поляк режиссері Зануссидің ұсы­нысымен Польшадан Давид Маркиш, Ресейден Екатерина Ретникова, Александр Баширов сынды актерлер келіп қатысты. Кеңес өкіметі жер аударған мың­даған адамды қоқыс секілді қазақ даласына әкеліп төккенде, жатсынбай бауырына басқан қа­зақ­тардың жанашырлығы мен дархандығына көркем ескерткіш қойғым келді. Бұл фильм нағыз жалпыадамзаттық ізгілік пен ұлт­тар арасындағы достық идеясын көтерді. Талай халықаралық фестивальдердің үлкен марапаттарына, гран-при жүлделеріне ие болды. Фильмдегі кейіпкерлерді ойнауға әр ұлттың өкілдері шақы­рылды. Кәсіби емес актерлер фактурасы, түр келбеті, психодинамикасы жағынан кейіпкерлерге ұқсас болғанымен де, қабілетіне қарай іріктеліп алынады. Бұрын киноға түспеген, көшеде жүрген адамды бірден камера алды­на әкелу қиын. Бірақ кейде қиыр­шық тастардың арасынан жыл­тыраған алтын табылып жатады. Мысалы, Е.Тұрсыновтың «Шал» фильмінде басты рөлде ойнаған Ерболат Тоғызақов алғаш рет «Сталинге сыйлық» фильміне тү­сіп, дүнген Фатының рөлімен актер ретіндегі мүмкіндігін сынап байқады. Бірақ Ерболат ағамыз бұрыннан киноның төңірегінде жұмыс істеп жүрген адам, ақыр соңында әжептәуір актерге айналып кетті. «Қазақ хандығында» да кездейсоқ жайттар көп болды. Қытай кинематографиясында­ғы әйгілі есімдердің бірі, сол жақ­тағы қандастардың арасынан маңдайы жарқырап шыққан режиссер Жанар Сағатқызы Алма­тыға келген сапарында Шай­бани­дің бәйбішесінің рөліне шақы­рылып, тәп-тәуір образ жасады. Бірінші рет кастингке келіп, Қа­сым ханның рөліне алынған дебю­тант Мейірғат Амангелдин, Шахмұхаммедтің рөлін сомда­ған Ниязбек Шайсұлтанов деген бауыр­ларымыздың да жолы ашылып, бүгінде жаңа жобалардан жиі бой көрсететін танымал актерлерге айналды. Атырау облысында садақ, жамбы ату сияқты ұлттық ойындардың дамуына басшылық жасап, бұл өнерді бес саусақтай меңгерген бейтаныс Асланбек Жанбалаев та «Қазақ хандығына» түсіп, нәтижесінде тұнықтығымен, тазалығымен Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» филь­мінде басты кейіпкерді ойнап шықты. Бұлай тізбелей беретін болсам, бірталай адамның атын атауға тура келеді. Рас, кәсіби актермен жұмыс істеген әлдеқайда жеңілірек, бірақ белгілі әртістердің жанында жаңадан жұлдыздар жанып, кино көгінен көрініп жатса, бұл да айтулы жетістік.

– Кино саласынан алыс қа­рапайым адамдар сіздер түсір­ген туындыны «қызық фильм екен, актер тамаша ойнады, жақ­­сы» деп немесе «жаман» деп біржақты, кесіп-пішіп баға­лайды. Ал киноның қалай тү­сірі­летінін бүге-шігесіне дейін бі­ле­­тін кәсіби көзқарастағы сіз өз­ге әріп­тестеріңіздің жұмысын қа­лай қабылдап, қалай баға­лай­сыз?

– Ұлттық Кино қордағы фильм­­­дерді сұрыптайтын комиссия құра­мында болғандықтан, ел назарына ұсынылған бірталай фильмдерді қайта қарап жатырмыз. Фильмдердің сапасы туралы біржақты ой қорыту мүмкін емес, әртүрлі деңгейдегі жұмыстың бірі көңілден шығады, бірі көрмей жатып, жылдам жалықтырып жі­береді. Соңғы кезде түсірілген туындылардың ішінде Б.Қалым­бетовтің «Мұқағали» фильмі тақы­рыбы, көркемдік сапасы, идеясы жағынан ең өркештісі. Ақын­ның трагедиялық образын тереңнен қазған, поэзиядағы тұлғасы өмір­ден көрген қиындықтары ар­қылы бірте-бірте биіктеп, ас­қақ әрі бірегей бейне болып шық­қан. Мен де ақынның баласымын, әдеби ортаның ахуалымен жақсы таныспын, сондықтан ре­жис­сердің ақын туралы көркем тол­ғанысы шынайылығымен баурады. Фильмдегі кей фрагменттер, параллельдер соңғы жылдары ме­нің өмірімде болған тағдыр сы­нағымен, өзегімді өртейтін қасірет-қайғымен қатар қабысып, ерекше әсер етті. «Мұқағали» фильмі үшін Болат ағама ризамын. Сондай-ақ кейінгі жас буын режиссерлердің ішінен Фархад Шарипов деген жігіттің шығармашылығы назар аудартады. Өзі алматылық болған соң, фильмдерін орыс тілінде, қала өмірін қаузап түсірсе де, әр фильмінің өзегінде елең еткізерлік ерекше жаңалық жатады. Түсірген фильмдерінің бәрі де шетелдік фестивальдер мен байқаулардың бас жүлдесін олжалап жүр.

– Авторлық кино және тарихи сериал – қай жанрда жұмыс істегенде өзіңізді суда жүзген балықтай еркін сезінесіз?

– «Қазақ хандығы» жоба­­сын қолға алған кезде сериал форма­тымен бастаған едік. Бонус ретінде әр маусымға арналып екі жобадан жасалды. Бірінші маусым­да «Алмас қылыш», екінші мау­сымда «Алтын тақ» атты фильм – режиссер ретінде өз ұсыны­сым­мен дүниеге келген туынды­лар. Мемлекет қаржы бөлген кез­де тек сериалға тапсырыс берген болатын. Соған қарамастан, сериалдың әр маусымына қосып екі кино жасап шығардық. Бірақ ілгеріде түсірген «Қаладан келген қыз», «Құрақ көрпе», «Сталинге сый­лық» фильмдерінің бәрі де – ав­торлық кинотуындылар. Жаныма жақын. Сондықтан ерте ме, кеш пе, авторлық киноға қайта ораламын деген ойдамын. Қазір осы мақсатқа дайындық үстіндемін.

– Біздің режиссерлеріміз бұрынғыдай емес, Батыс көрер­меніне бағыттап кино түсіру­дің пайдасы жоғын түсініп қал­ғандай. Дегенмен кино режиссері атақ-марапат, мойындалу мен танымалдылықты қай алаңнан іздегені дұрыс?

– Кино деген – өнер, өнер бол­ғанда да, өнердің төресі. Формасы мен мазмұнына қарай авторлық кино, көрермен киносы, концептуалды кино, жанрлық кино, коммерциялық кино деп тарамдалып кете береді. Жанрлық кинода жас режиссерлердің үлкен шоғыры танылып келеді. Авторлық кинода да өзіндік жаңашыл бағытымен назарға ілігіп жүрген режиссерлер бар. Бірі қарапайым көрерменнің көңіл төрінен орын алып жатса, енді бірі фестивальдегі қатал қазылар алқасының бағасын алып, ертеңіне елеңдетіп қояды. Мысалы, Дәрежан Өмірбаевтың фильмдері – таза авторлық кино, кез келген адам түсіне бермеуі мүмкін, бірақ өз көрерменін қа­лып­тастырған режиссер. Өз басым екі киноны да сабақтасты­рып, көрерменнің де көңілінен шығатын, бик санаттағы шетелдік байқауға да қатысатын ортақ дүние жасап шығарғым келеді. Өзімді «Сатыбалды Нарымбетов ағамыздың шинелінен шықтым» деп мақтанамын. Тірі болса, телефонмен де хабарласып, кездесуге де шақырып, бағыт-бағдар беріп, ағыл-тегіл ақылын айтар еді. Әлі есімде, бала күнімде әкем екеу­міз жетектесіп алып Жазушылар одағына келдік. Алдымыздан Сатыбалды аға шықты. Бала бол­сам да, екеуінің жақсы дос еке­нін әңгімесінен сезіп тұрмын. Сон­да әкем: «Сәке, менің балам өс­кенде сен секілді режиссер болады. Сонда сен оның өкіл әкесі боласың» деді. Әкемді әулие ме деймін, тура айтқанындай болды да шықты. Сәкен ағамның мек­тебін көргеннен кейін ол кісіні кинодағы өкіл әке ретінде қабылдайтын едім, жақыныма айналып кеткен екен, жоқтығы жаныма батады.

– Пандемияның да әсері болар, кино алаңында көптен бері көрінбей кеткен сияқтысыз. Жақын арада сізді жаңа жобалар аясынан көре аламыз ба?

– «Қазақ хандығы» аяқтал­ған соң ешбір жоба бастай алмай отырмын. Бірді-екілі жобамды комиссияға тапсырған едім, өтпеді. Не себепті өте алмағанын ешкім түсіндірмеді. «Құжатты дер кезінде өткізген жоқсыз» деп ең аяғында өзімді кінәлі етіп шы­ғарды. Қазір 1930 жылдардағы қазақтың бір отбасысының тағ­дырын баяндайтын «Зергер» деген жаңа жоба әзірлеп отырмын. Отызыншы жылдардағы аш­тықты көрген балалардың жасы бүгінде тоқсаннан асып бара­ды. Бұл Абайтану ғылымының ірге­сінің беки түсуіне бар саналы ғұмы­рын сарп еткен, бүгінде жасы 90-нан асқан ғұлама ға­лым Мекемтас Мырзахметов аға­мызбен әңгімелескенен кейін туған ой болатын. Қиын-қыстау заман­да халқымыздың басынан өт­кен сол нәубетті көзімен көрген кіш­кентай балалардың естелігінен құрал­ған сценарийді комиссияға тапсырдым. Нәтижесін күтіп отырмын.

– Оқырманға қандай фильм­дерді көруге кеңес бересіз және олар қай қырымен маңызды деп есептейсіз?

– Қазақты айтпағанда, әлемдік кино индустрия тақырыбы, қар­жысы, техникалық мүмкіндігі жағынан мүлде басқа деңгейге өтіп, жаңа талаптар негізінде жұмыс істеп жатса да, нағыз ха­лық­тық хитке айналған шымыр ойлы клас­сикалық фильм­дер маңызын ешқашан жоймайды деп ойлаймын. Түсіріліп жатқан жаңа шедеврлер, жай ғана жақсы фильмдер жетерлік. Бірақ соның арасында культ киноға айналған, ешқашан тозбайтын, ескірмейтін фильм­дер болады. Акира Курасаваның, Андрей Тарковскийдің фильм­дері, Американың 70-жылдардағы атышулы режиссерлерінің клас­сикаға айналған фильмдерін қай­талап көргеннен адам ләззат ал­маса, «уақытым текке өтті» деп өкінбейтіні анық. Қысқасы, көрер­мен ақылды киноны көбірек көру­ге ұмтылса, өз өміріне кішкен­­тай болса да, жарық сәуле түсірер еді. Ақылды кино адамға ой салады, өріс-танымын жаңа сапаға көтереді. Көңіл көкжиегі кеңейіп, өмірге көзқарасы өзгереді. Тіпті қарапайым тілмен тарқатқанда, өмірге не үшін келіп, не үшін кете­тінін түсінеді...

– Әңгімеңізге рахмет.