Бүгін, 29 сәуірде сағат 8.00-ден 14.00-ге дейін Нұр-Сұлтан қаласында ұрыс жағдайына барынша жақындатыла отырып, лаңкестік актілерге қарсы оқу-жаттығу өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елорданың Терроризмге қарсы шұғыл штабының мәліметінше, оқу-жаттығу «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның Техникалық жолаушылар паркінің аумағында (Шу көшесінің аяқталған тұсы, Әл-Фараби – Қошқарбаев көшелерінің қиылысы) өтеді.
Іс-шара мақсаты – шұғыл штабтың күштері мен құралдарының террористік әрекеттерге дереу жауап қайтару бойынша дайындығын тексеру.
«Оқу-жаттығу түрлі күрделі элементтерді қамти отырып, ұрыс жағдайына барынша жақындатылған. Техникалық жолаушылар паркінің маңайында шектеу шаралары қарастырылған. Осыған байланысты азаматтардан өткізіліп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және жұмылдырылған мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға шақырамыз», делінген хабарламада.