• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 29 Сәуір, 2022

Елордада Қазақстан халқының бірлігі күні қалай тойланады

851 рет
көрсетілді

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Биыл елордада мереке қаланың барлық ауданында кеңінен атап өтіледі. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттер, спорттық жарыстар, көрмелер, челлендждер және басқа да шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

1 мамырда елордада ЭКСПО көрмесі алаңында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған спорттық-бұқаралық іс-шара өтеді. Қала тұрғындары ұлттық спорт түрлері бойынша, оның ішінде асық ату, қол күресі, арқан тарту және гір көтеруден жарыстарға қатыса алады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Сонымен қатар, бұл күні төрт алаңда шығармашылық ұжымдар мен елорда әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Концерттер ЭКСПО алдындағы алаңда, Жазушылар аллеясында, Demalys Promenade, Студенттер саябағында өтеді.

1 мамыр күні Музыкалық жас көрермен театрында «Шәмші» мюзиклі көрсетілсе, елордалық қуыршақ театры «Алдар және оның достары» концерттік бағдарламасы қойылады.

Цирк бағдарламасын 30 сәуір мен 1 мамыр күндері әлеуметтік желілердегі парақшаларда Астаналық цирк әртістері онлайн режимінде көрсетеді. Сонымен қатар, қаланың Біріккен музейлері дирекциясының барлық ведомстволық бағынысты мекемелері ресми аккаунттарда қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, атаулы күн туралы танымдық ақпараттармен бөлісетін болады.

Мерекеге орай аудандық әкімдіктерде көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төс белгілерімен марапаттау өтеді. 1 мамырда Есіл ауданының әкімдігі «Ботаникалық бақ» кешенінде Ашық есік күні аясында тегін экскурсия ұйымдастырады, ал Байқоңыр ауданының әкімдігі этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен бірге ағаш отырғызады.

Сонымен қатар, аудандық әкімдіктердің әлеуметтік желілердегі парақшаларында мамыр айына қарай әлемнің түрлі тілдерінде өлең оқу бойынша челлендж, оқушылар арасында «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты суреттер конкурсы өткізіледі.

29 сәуірде №5 және №68 мектеп-гимназияларында «Ынтымағы жарасқан – көпұлтты Қазақстан», «Қазақсатан – достық мекені» бірыңғай сабағы өтеді. М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында түрлі этностардың балалары арасында зияткерлік ойындарының жеңімпаздары марапатталады. Ал №60 мектеп-лицейде «Бір шаңырақ астында» атты кітап-иллюстрациялық көрмелердің тұсаукесерлерін тамашалауға қатысқан үздіктер марапатталады.

Сонымен қатар, 29 сәуірде паралимпиадалық жаттығу орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында үстел теннисінен ашық қалалық турнир ұйымдастырылады.

Бірлік күніне арналған концерттік бағдарламалар «Шарапат» және «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығында өтеді. 1 мамырда концерт «Үміт» дағдарыс орталығында да ұйымдастырылады.

Елорданың Балалар көркемсурет мектебінде 29 сәуір мен 1 мамыр аралығында «Халық достығы – ел бірлігі» панорамалық көрмесі жұмыс істейді.

Сонымен қатар, мереке құрметіне қалада футболдан спорттық жарыстар, «Спорт – менің таңдауым» ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, сондай-ақ баскетбол, волейбол және футбол спорт түрлерінен турнирлер өткізіледі. №2 өнер мектебінде «Достық бұлағы» экспозициясы қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталады.

30 сәуірде Нұр-Сұлтанда «Шаттық» шығармашылық фестивалінің салтанатты жабылуы өтеді, онда барлық санаттар бойынша сыйлық иегерлері анықталады.

Бұл күндері қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері де өздерінің видео-құттықтауларын дайындап отыр.

1 мамыр күні М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында жексенбілік мектептері «Мен, сен, ол, бәріміз – тұтас елдің сәніміз» челленджін ұйымдастырады. «Көп ұлтты, тату елім – Қазақстан» концерттік бағдарламасы №1 балалар музыкалық мектебінде өтеді. Дәл осы күні «Жетісу» саябағында елордалық ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері концерт қояды.

Достық үйінде Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «ANK Live» студиясының тікелей эфирі, ал №7 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақ пен қазақша күрестен турнир өтеді.

Біріккен музейлер дирекциясы мерекеге орай «Ұлттық бірлік – ұлы байлық» көрмесін ұсынып, «Қазақстан бірлігі – халықтар достығында!» іс-шарасын өткізеді.

«Жетісу» саябағында қаланың жас тұрғындары мен қонақтары балалар арасындағы ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарда бақ сынай алады. Ең мықты қатысушылар естелік сыйлықтар мен марапаттарға ие болады.

Сонымен қатар «Тамерлан», «Береке» және «Бәйтерек» балалар үйі тәрбиеленушілері арасында шахмат турнирі өткізіледі.

«Жастар» сарайында бұл күні «Достық - біздің тірегіміз» мерекелік бағдарламасына қатысуға болады, ал 2 мамырда «Наз» мемлекеттік би театры көрермендерді «Қазақстан – достықтың киелі бесігі» концертіне шақырады.

Бірлік мерекесіне орай қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі бірқатар іс-шаралар дайындады. 28 сәуір күні № 9 бұқаралық кітапханада «Парасат жолы» бағдарламасы аясында «Біз біргеміз және татумыз» атты әңгіме-шолу өтеді, күндіз №9 балалар кітапханасында «Біз бір халықпыз, бір елміз» атты әдеби сағат өтеді, ал № 8 балалар кітапханасы «Бәріміз бұл жерден орын табамыз. Қазақстан – біздің ортақ, мейірімді үйіміз!» хороводы өтеді.

№ 7 бұқаралық кітапханада «Достық әнін шырқайық» флешмобы және «Татулық – достықтың киелі бесігі» патриоттық сағаты ұйымдастырылады, №5 балалар кітапханасы «Біз – бір халықпыз, біз – бір елміз» әдеби карнавалына шақырады. №5 бұқаралық кітапханада «Бірлік, келісім, бейбітшілік» билиоэкспозициясы, ал №10 бұқаралық кітапханада «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» көрме-панорамасын дайындауда.