• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Әлем 29 Сәуір, 2022

Тбилисиде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның отырысы өтті

386 рет
көрсетілді

Қазақстандық делегацияны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Грузия делегациясын вице-премьер, Экономика және тұрақты даму министрі Леван Давиташвили бастады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан мен Грузия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Бұл екі ел арасындағы Үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысы.  Шараны ұйымдастырып, жылы қабылдаған грузин тарапына Қайырбек Өскенбаев алғыс білдірді.   

«Соңғы 16 жылда Грузиядан Қазақстанға жалпы тікелей инвестиция ағыны 285 миллион доллардан асты, ал Қазақстан Грузия экономикасына 495,3 миллион доллар инвестициялады. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 88 миллион доллардан асты. Жыл басынан бері оң динамика сақталып отыр», ­деді Қ.Өскенбаев.

Ол сондай-ақ екі ел арасындағы өзара сауда-саттықты арттыру үшін айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті. Қазақстандық компаниялар металлургия, мұнай-химия, тамақ және машина жасау, сондай-ақ фармацевтика сынды бірқатар салада өңделген тауарлар экспортын арттыруға дайын. Жалпы экспорттық әлеует 170 миллион долларға бағаланады.

«Өнеркәсіп саласында грузиндік әріптестерімізді ынтымақтастыққа және Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құруға шақырамыз. Біз қолдау көрсетуге дайынбыз. Бүгінгі таңда елімізде Грузияның қатысуымен 248 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді», деді Қазақстан делегациясын бастаған Қайырбек Өскенбаев.

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қазір Қазақстанда белсенді индустриялық-инновациялық саясат жүргізіліп жатқанын, ал дамудың басым бағыттарының бірі бірлескен жоғары технологиялық өндірістерді енгізу болып табылатынын атап өтті.

«Әлемдегі күрделі геоэкономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен макроэкономикалық жағдайы тұрақты және инвесторлар тарапынан сенімге ие», ­ деді ол.

Пленарлық отырыс барысында қатысушылар Қазақстан мен Грузия арасындағы көлік, коммуникация, IT және инновациялар, ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт және туризм сияқты салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.

Атап айтқанда, дәстүрлі түрде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ХТР) дамыту перспективалары қарастырылды. Қайырбек Өскенбаев бұл бағытта қазақстандық экспорттың ұлғаятынын, оның ішінде Қытайдан транзиттің көлемі ұлғая беретінін, осы орайда Грузия аумағы арқылы транзиттің ыңғайлылығын сақтай отырып, ынтымақтастықты одан әрі дамыту керектігін атап өтті.

Сонымен қатар, екі тарап денсаулық сақтау саласында ынтымақтастық, атап айтқанда, білім және тәжірибе алмасу бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайту және кеңейту бойынша ұсыныстарды қарастырды.

Үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысының қорытындысы бойынша Қайырбек Өскенбаев пен Леван Давиташвили тиісті хаттамаға қол қойды. Сонымен қатар шара аясында «Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Грузияның Мәдениет, спорт және жастар министрлігі арасындағы спорт саласындағы өзара түсіністік туралы» меморандум, сондай-ақ стандарттау және метрология саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.