• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2014

Ұтылыстан ұтарымыз көп

334 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы­­­ның орынбасары Рахым Ошақбаев пен «Қайталама металлургия өнеркәсіпшілерінің республикалық одағы» қауымдастығының төрағасы Владимир Дворецкий брифинг өткізді. Баспасөз мәслихатында отан­дық кәсіпкерлердің Еуразия­­­лық экономикалық одақта қалай жұмыс істейтіндігі туралы әңгімеленді. Біртұтас экономикалық кеңіс­тікте қазақстандық бизнестің бәсекелестікке төтеп берерлік мүмкіндігі де сөз болды. Осы ара­да, палата басқармасы төраға­сының орынбасары кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одақ­тың жақтаушысы екенін айта отырып, шарттың кейбір тұстарын әлі де жетілдіре түсу керектігіне назар аударды. Сөйтіп, журна­листерге «келісімдерді жетілдіру туралы ұсыныстарымыз бен экономикалық интеграцияға деген көзқарастарымызды шатас­­тырып алмауларыңызды өтінемін», деді. Ұсыныс айту, пікір талас­тыру кәдімгі жұмыс үдерісі екенін айтты. Қазақстан, Ресей, Беларусь елде­рінің Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одақ құру жөніндегі шартының соңғы нұсқасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтында бірер күнде жарияланатын көрінеді. «Келесі айдың соңы­­на таман Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылады. Сөйтіп, келісім алдағы жыл­дың бірінші қаңтарынан күшіне енеді. Осылай, еуразия­лық интеграция өзінің келесі кезеңіне қадам басатын болады», деді Р.Ошақбаев. Оның айтуына қарағанда, Қазақ­станның бизнес-қауымдастығы Ұлттық кәсіпкерлер палата­сы­ның пікір алмасу алаңы арқылы осы шартты жасауда қазақ­стан­дық ұстанымды нақтылауға белсенді түрде тартылыпты. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы былтырғы күз айларынан бері өз сайтында шарттың маңызды нұсқаларын жария­лап келеді екен. Дәл осы уақытта шарттың бес нұсқасы орналастырылған. Енді алқаның қорытынды кеңесінің алдында, шарттың соңғы нұсқасы бірер күнде дайындалып болып, ол да палата сайтында жарияланады. Осыдан кейін барлық кәсіпкерлер, қауымдастықтар құжатты зерттеп, зерделеп, өз ұсы­ныстарын айтуға мүмкіндік тумақ. Мұны да басқарма төр­­аға­сы­ның орынбасары айтты. Сон­дай-ақ, эконо­микалық одақ аясын­да Қазақ­станның шағын және орта биз­несі өркендей түсетінін де зор сеніммен тілге тиек етті. «Біз экономикалық ықпалдастықтың белсенді жақтаушыларымыз. Оны құру барысында Үкіметке бизнестің құқықтарын сақтауға бағытталған ұтымды тетіктерді ұсынып жүрміз. Интеграцияға күмән келтірудің керегі жоқ. Өйткені, бұл игілігі мол шара. Оның ең басты пайдасы – қазақстандық кәсіпкерлерге 170 миллиондық нарыққа жол ашылады. Ол біздің нарықтан он есе үлкен екені айтпаса да түсінікті», деді Р.Ошақбаев. Үш ел арасындағы бұл әріп­тестікте Қазақстанның ұста­ным­дары өте ұтымды көрінеді. Мәсе­лен, Қазақстан Ресей мен Беларусь елдеріне қарағанда, бизнес-ахуал жа­­­ғынан озық тұр. Оны көптеген сарапшылар мойындаған. Нақты дәлелі, біздің елде салық деңгейі төмен. Оған қоса, жекеменшік құқық­тары қатаң сақталады. Сондай-ақ, бізде бизнеске қажеттің бәріне қолжетімді. Таяуда қабыл­дан­ған заңнама бойынша кез келген кәсіпкерлік субъектісі Үкіметке өз ұсынысын жолдай алады. Мұндай жағдай Ресей­де де, Беларусьте де жоқ. Осының арқасында, Қа­зақ­стан әріптестеріне қарағанда, Еура­зиялық экономикалық одақ ­аясында бәсекелестікке төтеп бере алары анық, дейді басқарма төрағасының орынбасары. Мұ­нымен бірге, біздің елге инвестициялар мен кәсіпкерлерді тартуға да барлық қолайлылықтар жасалыпты. Осы игіліктің бәрін екшей келіп, ықпалдастықтан түсетін экономикалық пайданы жоққа шығармауымыз керектігіне назар аударды. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».