• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2014

Ғарышкерге құрмет

643 рет
көрсетілді

Облыстық Достық үйінде об­лыстық планетарийдің ұйым­дас­тыруымен әлемнің тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің ту­ғанына 80 жыл толуы мерейтойы­на арналған «Гагарин көктемі» космонавтика апталығы ашылды. Апталықтың ашылу салтанатына зиялы қауым, ардагерлер, қаладағы орта арнаулы оқу орындары мен мектептердің оқушылары, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери инс­титутының курсанттары қа­тысты. Апталықтың ашылуына арнайы келген қазақтан шық­қан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Қазақ­стан Республикасының Халық Қаһарманы, техника ғылым­дары­ның докторы Тоқтар Әубәкіров пен «Қазғарыш» ұлттық ғарыш агенттігінің өкілі, «Ғарышты дамы­ту институты» қоғамдық бірлестігінің директоры, ғарыш­кер – сынақшы, авиация пол­ков­нигі Айдын Айымбетов шараның құрметті қонағы болды. Шараның ашылу салтанатында сөз алған об­лыстық мәдениет, мұрағат жә­не құжаттама басқарамасы бас­шы­сының орынбасары Қыдырғали Ермұхан апталықтың маңызы мен мәніне, оның патриоттық тәрбие берудегі рөліне тоқталды. Мұндай бастамалар жастардың бойында ғарыш кеңістігін зерттеуге, жалпы ғылымға деген қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін де жеткізді. Апталық аясында ұйымдастырылатын шаралардың ұйымшылдықпен өткізілуіне сәттілік тілей келіп, сөз кезегін Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровке берді. Ол өзінің ұшқыш болуды бала кезден армандағанын, сынақшы-ұшқыш болғанын, ғарышкерлер қатарына қалай келгенін әдемі әңгімеледі. Кездесуге қатысушылардың көптеген сұрақтарына нақты да толымды жауап берді. Ғарышкер еліміздің ғарыш саласының дамуы мен осы бағыттағы таяу бо­лашақтағы атқарылатын жұмыс­тардан да хабардар етті. Қазақ елінің ғарыш саласындағы табыс­тары алда екеніне сендірді. Шара барысында «Балалар – ғарышқа» байқау – көрмесі сал­та­натты ашылды. Жалпы, бай­қау­ға ғарыштық үлгілер мен топта­малар, ғарыш тарихы, декора­тивті қолданбалы өнер, көркем­өнер аталымдары және әдеби шы­ғар­малар бойынша 400 оқу­шы қатысып, туындыларын қазы­лар талқысына ұсынды. Көрме бай­қау­дың жеңімпаздары мен жүлде­герлері дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.