Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында ел дамуында негізгі бағдар болатын бірнеше саяси реформаға кеңінен тоқталды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жүйелі трансформациясына ықпал ететін және мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының жаңа парадигмасын айқындайтын саяси реформалардың 10 басым бағытын белгілеп берді.
Негізгі іргелі өзгерістер бес бағытты қамтитын болады. Біріншіден, саяси жүйені терең демократияландыру, екіншіден, суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу қажеттігі айтылды. Үшіншіден, Президенттің өкілеттіктерін белгілі бір деңгейде шектеу, Парламенттің екі палатасының қызметін қайта форматтау және Мәжілістің рөлін күшейту, Конституциялық сот құру, мемлекеттік билік тармақтарының тепе-теңдігі жүйесін одан әрі жетілдіру мәселесі маңызды болып отыр.
Сайлау жүйесін демократияландыру – аралас пропорционалды-мажоритарлық модельге көшу және партияларды тіркеу процесін одан әрі ырықтандыру керектігі де назардан тыс қалмады.
Жалпы алғанда реформалар жүйелі, кешенді сипатқа ие екені рас. Енді Конституцияның 33 бабына (31-бапқа және 2 жаңа баппен толықтыру) түзетулер енгізіледі. «Бүгін мен Конституциялық Кеңеске Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын енгіземін. Бұл біздің негізгі заңымыздың талабы. Конституцияға енгізілетін түзетулер Тәуелсіз Қазақстан тарихында жаңа тарау ашады деп сенемін. Бұл жаңа Қазақстанды құрудағы маңызды кезең», деді Мемлекет басшысы заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобымен өткізген кездесуінде. Осылайша, конституциялық реформаның басталуын білдіретін алғашқы қадам жасалды.
Конституциялық реформаның саяси мәні – бұл суперпрезиденттіктен президенттік басқару нысанына көшу кезіндегі Екінші Республиканың көрініс табуы.
Алдымен Мемлекет басшысы саяси партияға мүшеліктен бас тарту туралы айтқан болатын. Енді ол сол сөзін іс жүзінде дәлелдеп, Amanat партиясының төрағалығынан бас тартып, партия қатарынан да шықты.
Конституцияға сәйкес Президент адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі екенін ескере отырып, Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшы лауазымдарға орналасуына конституциялық деңгейде тыйым салу жөнінде ұсыныс айтты. Бұл да қолдауға тұрарлық қадам екені даусыз.
Президенттің Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастыруға қатысты өкілеттіктері өзгереді. Конституцияда белгіленген қолданыстағы тәртіпке сәйкес Президенттің өзі Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастырады, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің төрағасын тағайындайды. Енді оларға Конституциялық соттың және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу құқығын Парламент Сенатының депутаттарына беру ұсынылды. Бұл ретте Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастыру заңмен айқындалатын болады.
Мемлекет басшысы Президенттің артық өкілеттіктерін алып тастау және әкімдер мен мәслихаттарға жергілікті жерлерде шешімдер қабылдау кезінде көбірек дербестік беру арқылы «қолмен басқару» практикасынан кету қажеттігін атап өтті.
Қысқасы, Президент міндеттеген өзгерістердің барлығы да Жаңа Қазақстанды құру жолындағы жарқын қадам екені талас тудырмайды.
Күнсұлу ПІРМАНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторанты