Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында жас орындаушылардың ХХІІІ «Жас қанат» байқауының алғашқы кезеңі басталды. Еліміздің әр өңірінен іріктелген балғын өрендердің байқауы үш күнге созылады. Сәуірдің 13-і күнгі қорытынды гала-концертте жеңімпаздар анықталады.
Жыл сайын өтетін дәстүрлі ән байқауы бұл жолы да әдеттегідей балауса өрендерге елорданың көрікті жерлерін аралату, мәдениет ошақтарымен таныстыру, мәдениет пен өнердің танымал өкілдерімен жүздесу, пікір алмасу секілді алуан маңызды шаралармен өрілді. Осы жағынан сүйікті Астана жастарды үлкен сахнаға жетелеуде, ән өнеріне деген талғам-талабын күшейтуде, өмірден өз орнын тауып, балғын қанатын қатайтуда айтарлықтай рөл атқарып келе жатқаны шындық.
Сондай есте қалар шараның бірі «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өткен кездесуге жастар үлкен ынтамен келді. Айта кету керек, елорда театры Астанаға келген қонақтар жиі бас сұғатын ең көрікті ғимарат саналады. Сол себепті де, өнерлі өрендер үшін мұндағы әрбір зал мен сахналық ерекшелікті аралап, тамашалаудың жөні бөлек. Еңселі әсем ғимараттың ішкі салтанатына сүйсінген жасқанаттықтарды мұнан кейін театр директоры, белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов қабылдады. Мәдениет қайраткерімен кездесуде жастар композитордың рояльдегі сүйемелдеуімен «Мен деп ойла», «Аяулым» әндерін қосыла шырқап, естелік суретке түсті. Музыка майталманы жастарға: «Ән салыңдар. Өздерің сүйген іспен шұғылданыңдар. Армандарыңа жетіңдер!» деп сәттілік тіледі. Байқауға қатысушылар елорданың әсем жерлері саналатын «Думан» ойын-сауық орталығында, Қазақ ұлттық өнер университетінде болып шаттыққа кенелді. Әлемдегі ең ірі оқу орындарымен тығыз қарым-қатынастағы университетте білім алудың өзі өрендер үшін үлкен арман десек те, байқауға қатысушылардың арасында осы оқу орнында оқитын жастардың болуы көп жайтты аңғартса керек. Соның бірі – үшінші курс студенті Нұрсұлтан Қарабалиев есімді өнерпаз. Бәйгеге үкілеп қосқан үздіктері жеңіп шығуына үмітті университет басшылығы жастарды ыстық ықыласпен қарсы алды. Мұнда білім алып жатқан жастардың өнерге баулынуы оларды қатты қызықтырды. Оқу орны басшылығы тарапынан музыканттар мен бишілердің сахнаға дайындығымен, галерея көрмесімен, жас суретші-мүсіншілердің шығармашылық жұмыстарымен, түсірілім алаңында қиял-ғажайып киноның түсірілу әдістерімен жақынырақ танысып шығуға толық жағдайлар жасалды.
Міне, жүректері алып-ұшқан өрендердің асыға күткен сын сағаты да келіп жетті. Алғашқы сахна. Асау толқындай алабұртқан көңіл. Лүпіл соққан нәзік жүректер. Көктемнің үнімен жарыса сыңғырлаған мөлдір бұлақтар. Он екі қаладан бәйгеге он төрт өнерпаз қатысуда. Байқаудың тағы бір ерекшелігі, Астана, Көкшетау, Талдықорған, Орал, Ақтөбе, Семей, Қарағанды сияқты қалалармен қатар Арыс (ОҚО), Әйтеке би (Ақтөбе), Аягөз (Семей) сынды өңірлерден шыққан жастардың өнерін тамашалау мүмкіндігі туып отыр.
Аида АХМЕТЖАРОВА.
–––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Сұлтан СЕЙІТОВ.