• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Мамыр, 2022

Баспана бақыты

161 рет
көрсетілді

Пандемия уақытында жедел жәрдем қызметкерлері «майданның» алғы шебінен табылып, үлкен ерлік көрсетті. Жай уақытта да адам өміріне араша болып, антына адал екендіктерін іспен дәлелдеуде. Олар барлық мақтауға лайық. Осы ретте кеше Екібастұз қаласындағы жедел жәрдем қызметкерлеріне пәтер кілттері табысталды.

Атап айтсақ, кеншілер шаһарында­ғы 103 облыстық стансасының екі фельдшері баспаналы болды. Қызметтік пәтер саналса да, жас мамандар үшін әжептәуір көмек екені анық.

Былтыр Екібастұз қаласы әкімдігі жедел жәрдем қызметкерлеріне 4 қызметтік пәтер үлестірген-ді. Оның екеуіне желілік қызмет бригадасының дәрігері мен фельдшері қоныстанып келсе, 2 пәтер жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрған еді.

– Бұл мәселені 103 облыстық станса басшылығы өз мойнына алды. Жөнделген пәтерлерді Екібастұздан бес шақырым жерде орналасқан Қарасор ауылында тұратын екі фельдшерге беру туралы шешім қабылданды. Енді олар жұмысқа келу үшін ұзақ жол жүріп әуре болмайды, – дейді жедел жәрдем қызметі басшысының орынбасары Ирина Мищенко.

Естеріңізге салсақ, 2016 жылы Екі­бастұз жедел жәрдем қосалқы станса­сы облыстық станцияның құрамына кір­ген. Бүгінде мұнда 125 адам еңбек етуде. Оның жетеуі – дәрігер, 73-і фельдшер және 34-і жүргізуші бар. 2021 жылы қо­салқы стансада заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған санитарлық көлік толығымен жаңартылған.

Пандемия кезінде Екібастұз қосалқы стансасының медицина қызметкерлері  жоғары кәсіби және үйлесімді жұмысты көрсетті. Сонымен қатар соңғы 2 жыл ішінде бөлімшеде жіті коронарлық синдромдары мен басқа да аурулары бар, ЖКО-дан кейін  тасымалдау кезінде бірде-бір өлім-жітім оқиғасына жол берілген жоқ.