• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2014

Қауіпсіздікті қатаң сақтаған жөн

359 рет
көрсетілді

«Қазақстан темір жолы» ұлттық қомпаниясының еншілес кәсіпорны – «Локомотив» акционерлік қоғамының бастамасымен Ақмола оқу комбинатында жүргізушілерді дайындайтын кәсіптік курс тыңдаушыларымен кездесу өтті.  Аталмыш кездесудің басты мақсаты – болашақ жүргізушілерге  теміржол тораптарын кесіп өткен кезде, өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне қауіп төндірмес үшін,  жол жүру ережелерін сақтаудың қаншалықты маңызды екендігін жан-жақты түсіндіріп, және бір пысықтап алу еді. – Қазіргі кезде теміржол торап­тарындағы жол қауіпсіздігін сақтау өте маңызды мәселе болып тұр, – деп тұжырымдайды  «Локомотив» АҚ-тың вице-президенті Иван Костыря. Оның келтірген дерек­теріне сүйенсек, жыл сайын  теміржол жылжымалы құрамының қатысуымен адамның жарақат алуына және өліміне әкеп соғатын 30-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркеледі екен. Тек өткен жылдың өзінде ғана соның салдарынан 7 адам мерт болыпты. Теміржол торабындағы автомобильдің по­йызбен соқтығысуының со­ңы әркез қайғылы аяқталады. Өйткені, пойыздың салмағы жеңіл көліктікінен 1000 есе үлкен болса, тежегіш жолының ұзындығы 500-ден 1000 метрге дейін барады. Осы орайда Иван Костыря жүргізушінің кінәсінен теміржол жұмысшысы қаза болған жайтты тілге тиек етті. Бұл оқиға 2013 жылдың 16 қарашасында Ақтау қаласының маңындағы теміржолдың Маңғыстау бөлі­гіндегі Тамақ–Маңғышлақ өткелінде орын алған.  Жүк көлігі мен автожанармай тасы­ғыштың соқтығысуы салдарынан мұнай құйылған 18 цистерна мен тепловоз жолдан шығып кеткен. Ақырында тепловоз бен 10 цистернаның түгі қалмай жанып, тепловоз машинисінің көмекшісі қаза тапты. Ал машинисті күйік шалып, ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Абырой болғанда, оттың ортасында жүрсе де теміржолшылар диспетчерлік аппарат пен жақын келе жатқан құрамның локомотив бригадасына өрт туралы алдын ала ескертіп үлгерген. Олар осы әрекетімен үлкен қатердің алдын алды. Алайда, жүргізушінің немқұрайдылығы  кесірінен өз өмірі мен денсаулықтарын құр­бан етті. Қаза тапқан машинистің кө­мекшісі Нұрболат Жасанов көзі тірі болса сәуір айында 25 жасқа толар еді. Ол Қазақ көлік және коммуникация академиясының түлегі. Теміржолға жұмыс іс­теуге 2011 жылы келген. Нұрбо­лат пойызды өзі жүргізуді де ар­мандайтын. Сөйтіп, 2013 жылдың шілде айында ол Ақтөбе оқу орталығында тепловоз маши­нисі курсын бітірген болатын. Ал 35 жастағы машинист Берік Күлбарақов теміржолда 2003 жылдан бері еңбек етіп келген. Ол 2 қыздың әкесі. Қазіргі кезде Берік Күлбарақов сауықтыру курсынан өтіп жатыр. Кездесу барысында «Локо­мотив» АҚ өкілдері қазақ­стандық көлік жүргізушілерді жолда қырағылық танытып, ережені қатаң сақтауға шақырды.  Иван Костыря өз сөзінде «жүргізушілер теміржол тораптары ең қиын да қауіпті бөлік екендігін естен шығармағаны жөн», деп атап өтті. Сондай-ақ, кездесу барысында автокөлік жүргізушілеріне теміржол тораптарын кесіп өтудің ережесі жазылған жадынамалар таратылды. Үмітжан ЖАПАР.