• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2014

Ел патриотын тәрбиелеу – міндет

477 рет
көрсетілді

Республика Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің жетекшісі, полковник Мұхамеджан Таласовтың басқаруындағы ақпараттық-насихат тобы Қызылжар өңірінде болып, Жолдаудың басым қағидаттарын түсіндірді. Әскери-патриоттық клубтар мен жас армияшылар орталықтарының өкілдерімен жүздесуде сапар мақсаты жұртшылық арасында Қарулы Күштердің беделін нығайтуды, өскелең ұрпақ бойына қазақстандық патриотизм рухын қалыптастыруды діттейтіні айтылып, бұл бағыттағы атқарылып жатқан іс-шаралардан хабардар етілді. Онда сөз алған М. Таласов тарихи құжаттың мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі нақты шаралардың ішінде қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, өңірлік қауіпсіздік мәселелері басты тақырып болып табылатынын жеткізе келіп, жас­тарды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу жолдарына тоқталды. Елін, Елбасын сүйетін патриот қалыптастыру–баршамыздың міндетіміз. «Мәңгілік ел» идеясы қазақстандықтардың ізгі армандары мен күш-жігерлерін бір арнаға топтастырып, еліміздің жарқын болашағына жетелейтін басты құжат болып табылады. Бұл орайда, белсенді, білімді, денсаулығы мықты, еліміздің лайықты азаматтары ретінде өсіп келе жатқан жастарға Елбасы үлкен сенім, зор жауапкершілік жүктеді. Делегациялық топты аймақ басшысы Самат Ескендіров қабылдап, еліміздің экономикасын арттыруда солтүстікқазақстандық жастардың алар орны елеулі екенін, олардың бойларына міндет, абырой, парыз, борыш секілді қасиетті ұғымдарды сіңіру жолында іргелі істер атқарылып жатқанын, өңірде жұмыс істейтін 10 әскери-патриоттық клуб пен 14 жас армияшылар орталығының негізгі қызметі Отанды, елді, жерді сүю идеяларын ұғындыруға бағдарланғанын жеткізді. М. Таласов өз сөзінде кең ауқымда өрбіген әңгіме үшін ризашылығын білдірді. Қорғаныс министрлігі, облыстық әкімдік және жас армияшылардың республикалық штабы арасында әскери-патриоттық жұмыстарды одан әрі нығайту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Қалалық мәдениет үйінде соғыс, Қарулы Күштер, интернационалист-жауынгерлер ардагерлерінің, жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген жиында Қарулы Күштер Бас штабының орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің жетекшісі М. Таласов «Патриотизм – мемлекеттіліктің негізі» деген тақырыпта баяндама жасап, «Мәңгілік елге» бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол –  «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарын іске асыру жолдарынан жан-жақты мағлұмат берді. Соңғы жылдары еліміздің Қарулы Күштерінің құрылымдық базалық, материалдық-техникалық жарақтану жағынан нығайып, қатары күші мығым, рухы жоғары сенімді қорғаушылармен толыға түскенін аңғару қиын емес. Мамыр айында Астанада «KADEX-2014» әскери техникалар мен қаруланудың халықаралық көрмесі мен әскери парад өтуі – армиямыздың кәсіби шеберлігінің кемелденуінің айғағы. Әскери дайындық жүйесін жетілдіру бағытында маңызды қадамдар жасалып, тәжірибелік сабақтар, ату алаңдарына шығу мүмкіндіктері көбейді. Отан қорғау қатарына шақырылушылар арасында әскери-патриоттық тәрбие шараларын кешенді жүргізуге ұдайы назар аударылады. Алматы қаласында алғашқы әскери-техникалық мектеп ашылды. Биылдан бастап «Жас ұлан» әскери әндер фестиваліне оқу орындарының өкілдері де қатысатын болады. Қазақ радиосымен бірлесе отырып, «Әскери әндер» атты музыкалық радио жоба эфирге шығады. Конкурстық гала-концерт Тұңғыш Президенттің туған күні қарсаңында өтеді. Басқосу Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблінің концертіне жалғасты. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.