• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Мамыр, 2022

«Оңтүстік волейболының атасы» атанған бапкерге ескерткіш тақта орнатылды

484 рет
көрсетілді

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының волейболын берісі Қазақстанға, арысы күллі ТМД елдеріне танытқан бапкер Орынбасар Мерқұлұлы 70-тен асқан шағында дүниеден өтті. Мақтааралдықтар бапкер талай жыл тер төгіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарған спорт мектебінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аудан әкімі Бақыт Асанов, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының өкілі Айтжан Бердашев, спорт ардагері Қалжан Мырзақұлов, марқұмның отбасы, жора-жолдастары, шәкіреттері және жас спортшылар қатысқан жиында Орынбасар Мерқұлұлының өмір жолы, волейболдағы жетістіктері, өңір спортының дамуына сіңірген еңбегі жөнінде мағлұмат берілді. Жас спортшыларға спорттық керек-жарақтар таратылды. Көпшілік білікті бапкер, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы Орынбасар Мерқұлұлының есімін өзі ұзақ жыл жұмыс істеп, талай саңлақты тәрбиелеген спорт мектебіне беруді ұсынды.

Еске сала кетейік, Орынбасар Мерқұлұлы аудан волейболын тынымсыз еңбегінің арқасында жаңа белеске шығарды. Оның жетелеуімен ауданнан қазақ елін тамсандырған талай талантты волейболшы қыздар шықты. Үздік ойыншылары ұлттық құрама командасының сапында халықаралық дүбірлі додаларда Қазақстанның намысын қорғап, жасындай жарқылдады. Бапкердің еңбегі жоғары бағаланып, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанған.