Ақтөбе қаласындағы «Зерек ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мектепке дейінгі балаларды өздігінен дамыту және қазақша үйрету үшін суретті кітапшаларды оқитын дыбысты қалам ойлап шығарды.
Бүлдіршіндердің ой-өрісін дамыту мақсатында жасалған бұл жүйе арнайы мамандар мен тәрбиеші-ұстаздардың ұзақ жылғы еңбегінің жемісі екен. Ал оны жасаған өнертапқыштардың бірі – біздің Ақжайық ауданының орталығы Чапаевтағы мектеп-гимназияның түлегі Абзал Қадырбаев екені тұрғындар үшін зор мақтаныш.
«Зерек» атты сөйлейтін қаламның ерекшелігі неде? Пайдалану туралы нұсқаулықта көрсетілгендей, сөйлейтін қалам – заманауи технологияның сапалы және қауіпсіз электронды өнімі. Оның атқаратын функциялары да аз емес. 2-3, 4-5 және 6-7 жастағы балаларға арналған жеке-жеке суретті кітапшаларды пайдалана отырып, қаламды оған тигізу арқылы баланың айналамен таныстығы, ортаны танып білуі басталады. «Зерек» қаламы бүлдіршіндердің қызығушылығын арттырып, ойлау, көру, түсіну, сөйлеу, сурет салу қабілеттерін дамытады. Әр баланы өз ана тілінде еркін, жатық сөйлеуге, сөз мәнерін қалыптастыруға, оқуға, есептер шығаруға, тақпақтар жаттауға, ән айтуға жаттықтырады.
Суреттерді пайдалану арқылы дыбыс пен әуенге толы интерактивті сабақ алуға болады. «Балалар мектепке барғанша көп сөзді, сөйлемдерді, сандарды жаттап алып, сайрап тұрады. Балабақшада болсын, үйде болсын, сөйлейтін қалам мен суретті кітапшалардың сәбиге берері мол», – деп пікір білдіріпті педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жәния Нұржан. Қаламды компьютерге USB арқылы қосып, жады картасына ән жазып, оны МРЗ картасы арқылы тыңдай да аласыз. Сөйлейтін қалам экологиялық талаптарға сай таза өнімдерден жасалған.
Көлемі шағын бұл құрал алып жүруге өте қолайлы, ыңғайлы. Ол әр балдырғанның сенімді серігі, сүйікті досы, ақылшы ұстазы болары анық. Осындай аса қажет оқу құралын жасаған Абзал бауырымыз болашақта оны жетілдіре түсу үшін еңбектеніп жүргенін айтады. Ал «Зерек» қазір еліміздің батыс аймағындағы қала, ауыл дүкендеріне түсе бастады.
Болат ЕСҚАЛИЕВ,
журналист.
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы.
Суреттерде: Абзал Қадырбаев өзі жасаған оқу құралымен және «Зеректің» жалпы көрінісі.