Былтыр Павлодар облысының агроөнеркәсіп кешенінде оң нәтижелер тіркеліп, салаға жауапты басшылар сүйінші сұрап, мәре-сәре күй кешкені рас. Әрине, еңбек – шаруаныкі. Өңірде соңғы 30 жылда алғаш рет 1 млн тоннадан астам дәнді дақылдар жиналды. Картоптың да түсімі мол. Қоймаға 600 мың тонна «екінші нан» жөнелтілген-ді. Пысықай бизнесмендер құр жатсын ба, жергілікті картопқа америкалық компания басшылығының назары түсіп отыр.
Инвестордың ниеті зор
Жасыратын несі бар, бәленбай тонна картоп жинадық деп бөркімізді аспанға атқанымызбен өңірде қайта өңдеу саласы ақсап тұр. Павлодарлықтардың сұранысын артығымен қамтамасыз етеміз деп алып, мамыр-маусым айларында жергілікті дүкен сөрелерінен павлодарлық картопты таппай қаламыз. Бар болса да, бағасы аспандап кететіні шындық. Тұрғындар қалтаға салмақ салса, амалсыздан Мысырдан жеткізілген картоптан дәм тататыны рас.
Қайта өңдеу саласын бекерден тілге тиек еткеніміз жоқ. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, америкалық компания павлодарлық билік ұйымдастыра алмай отырған қайта өңдеу саласында нәпақа табуға ұсыныс білдіріпті. Әрине, жергілікті басшылар меймандарды қуана қарсы алғаны анық. Жылдың соңында «қайта өңдеу саласында ірі жоба жүзеге асты» деп есеп беруге жақсы емес пе?
«Champion Foods» компаниясының вице-президенті Джонатан Буринг облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовпен кездесіп, жобаның жай-жапсарын талқылады. Америкалық компания павлодарлық картопты өңдеуге және экспорттауға мүдделі. Облыс әкімі бизнесменге еліміздегі картоптың үштен бірі Павлодар облысында өсірілетінін айтты. Инвестор одан хабардар болған соң келіп отырған шығар. Әйтпесе, алыстан ат терлетіп келудің не қажеті бар?
– Павлодарлық картоп – Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал бренд. Біздің облыс жыл сайын 600 мың тоннаға жуық азық-түлік картобын өндіреді, бұл – өңір қажеттілігінен 7 есе артық. Біз картопты сапалы сақтау үшін барлық жағдайды жасаймыз. Өңірдегі картоп қоймаларының қуаты 400 мың тоннадан асады. Облыста 4 тұқым өсіру шаруашылығының болуы жоғары сапаны қамтамасыз етеді. Басты басымдықтардың бірі – қайта өңдеу саласы, – деген аймақ басшысы ынтымақтастықтың алғышартын жасады.
Өз кезегінде «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының АҚШ-тағы өкілі Ғалымжан Матаев «Champion Foods» компаниясының Луизиана, Техас қалаларында, АҚШ-тың портты қалаларында, сондай-ақ Қытайда, Үндістанда және Парсы шығанағы елдерінде азық-түліктің алдыңғы қатарлы жеткізушісі екенін хабарлады. «Қазіргі уақытта компанияның тапсырыс қоржыны 2 млрд доллардан асады. Осы компаниямен байланыс орнатудағы негізгі мақсат – Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдері мен картопты қайта өңдеуді және жүйелі экспорттауды ұйымдастыру», дейді ол.
Джонатан Буринг павлодарлық картоптың климаттық жағдайлары мен сапалық параметрлерінің АҚШ-тың кейбір штаттармен ұқсастығын атап өтіп, жергілікті өнімді шет елдерге саудалауға, маркетинг бағытын реттеуге дайын екенін жеткізді. Алғашқы жүздесудің әңгімесі осындай. Алдағы уақытта қос тарап байланыс орната ма, оны уақыт көрсетер.
Суармалы алқабы бар шаруалар қор болмайды
Облыстағы картоптың үлесі жайлы сөз қозғалса, Набережное ауылындағы «Андас» шаруа қожалығы ойға оралады. Былтыр мұнда 1 100 гектарға картоп отырғызылған-ды. Биылғы меже де сол шамалас. Мұнда әр гектардан шамамен 40-60 тонна, кейде 70 тонна өнім жиналатынын ескерсек, шаруашылықтың облыс былай тұрсын, өзге өңірлерді ұзақ уақыт картоппен қамтуға мүмкіндігі зор.
Егіс алқабынының жай-күйін шаруашылық басшысынан гөрі агроном жақсы білетіні анық. Бұл ретте, бас агроном Мұхтар Бексейітовті әңгімеге тарттық.
– Егіс алқабына жылдағыдай картоптың «Гала» және «Импала» түрі отырғызылады. Соңғысы – ерте пісетін сорт. Бастысы, өсімдікке күтім керек. Осы ретте, жаз бойы 6-7 рет өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Өсімдіктің жапырақтарын бақылап, кейде қалай өсіп жатқанына көз жеткізу үшін қазып та көреміз. Минералды тыңайтқыштардың қолданылуы маңызды. Алдыңғы жылдары зиянды құрттар, арамшөптер ара-тұра кездесті. Тыңайтқыштар арқылы жағдай тұрақталды. Ерте пісетін картоптың мерзімі 60, 70, 90 күнге дөп келеді. Бір гектардан 40 тонна өнім жиналса, оның өзі орташа көрсеткіш. 60-70 тонна өнім жиналса – еңбегіміздің ақталғаны. Картоп толығымен суармалы алқапта жатыр. Суармалы жердің пайдасы айтпаса да түсінікті ғой. Қуаңшылық орын алған уақытта табиғатқа тәуелді болмайсыз, – дейді М.Бексейітов.
Бас агроном картоптың «Гала» сұрпы өте сапалы әрі өнімді екенін айтты. Ауылда бір түптен 4-5 картоп шыққанда мәз болушы едік. Мұнда бір түптен 20-дан астам картоп түйнегі жиналатынын естігенде аң-таң болдық. Көктемде отырғызылған 1 картоптан ірі-ірі мол өнім алынуы қарапайым тұрғындар үшін таңсық дүние, әрине. М.Бексейітов бір түптен шамамен 30 картоп алынса, өнімнің сапасы төмендейтінін айтты. Яғни көп жиналды екен деп қуануға болмайды.
Шаруаларға өнімді жинай сала сатқан тиімді. Қоймаң болса, көкөністі сақтап, нарықта сұраныс артқан кезде босатуға да болады. Бірақ тұрақтандыру қорымен байланыс орнатқысы жоқ. Қор ұсынған баға өзге сатып алушылардан артық емес. Яғни қормен байланыс орнатудың артықшылығы байқалмайды. Келісімге келсең, өнімді өз қоймаңда сақтауың керек. Бұл – үлкен жауапкершілік, дейді шаруашылық өкілдері. Себебі мемлекет қаржысын алғаннан кейін өнімнің сапасын жіті қадағалау қажет. Өзге де талаптары жетерлік. Оны айтып отырғанымыз тегін емес. «Андас» шаруа қожалығы бұл істе аузы күйгендердің бірі екен. Содан болар, қазір республика былай тұрсын, Ресей, Қырғызстаннан келген сатып алушылармен байланыс орнатуда.
Мұнда картоптан бөлек, 200 гектарға сәбіз егіледі. Ерте пісетін «Абака» және «Каскад» гибридті түрлері тамыр жаяды. Әу баста кәсібі 50-60 гектар жерден басталған шаруашылықтың тыныс-тіршілігі, ізденісі, ғылымға ден қоюы, жаңашылдығы мақтауға тұрарлық. Қазір мұнда тауарлы сүт фермасының құрылысы жалғасуда. Ендігі жерде өсімдік шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамытуға ниетті.