• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2014

Ғалымдар және ғылымдар

878 рет
көрсетілді

Ұлттық ғылымның биылғы төл мерекесі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 115 жылдығымен сәйкес келіп,  Алматыдағы «Ғылым ордасы» РМК ғимаратында салтанатты оқиғаларға ұласты. Жыл сайын 12 сәуірде еліміз­дің ғылыми қауымдастығы өзі­нің төл мерекесін атап өтеді, өткен жылға есеп беріп, алдағы жылдың жұмыстарын саралайды. Ғылым саласының бетке ұстар ғалымдары мен оқымыстылары тоғысқан биылғы шара мерекелік концерт пен марапаттаулардан басталып, Білім және ғылым вице-министрі Т.Балықбаев пен бірқатар ғалымдар Қ.Сәтбаевтың ғылыми мұрасы мен қазақ ғылымына қосқан үлесі жайлы баяндама оқыды. Салтанатты жиында ғылымға еңбегі сіңген, елдің құрметіне бөленген аяулы жандардың қатарында Сәтбаевтың немересі – Жармағанбетова Әлима Қайнекейқызы да болды. – Атам Қаныш Сәтбаев сынды ғалымдар ілуде бір кездеседі. Ондай тұлға дарыған қазақ хал­қы қандай бақытты. Ол кісі­нің ғылымға, білімге деген құш­тар­­лығы бізге де сіңген болуы керек. Өйткені, оның үш қызы да ғы­лым докторы болған. Үш қызы­­нан тараған ұрпақ та ғылым айна­ласында жүр. Бұл бізге беріл­ген аманат сияқты. Мен бүгін­гі шара барысында еңбегім баға­лан­ғанына өте қуаныштымын, – деді «Д.В.Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия институты» АҚ зертхана меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Әлима Қайнекейқызы. Салтанатты оқиғалар кезінде Қаныш Сәтбаевтай нар тұлғалы қазақ жайлы тамаша естеліктер төгілді. «Сәтбаев феномені» де­ректі фильмі көрсетіліп, акаде­мик­тің ізін жалғастыра отырып, Қазақстанның бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыру үшін еліміздегі ғылым саласын дамыту қажеттігі талқыланды. Ғалымдардың төл мерекесі қарсаңындағы жиында Білім және ғылым вице-министрі Т.Ба­лықбаев: – Алдағы уақытта жаңа жобаларға байқаулар жариялайтын боламыз. Сондағы сараптама және ұлттық ғылыми кеңестер жүйесін толығымен қайтадан қарап, оны бүгінгі таңның талабына ыңғайлаймыз. Ғылым нәтижелерін өндіріске, индустрияға қажетті болуын қарастырамыз. Соған байланыс­ты бүгінгі таңдағы үдемелі индус­триялық-инновация­лық даму бағдарламасының негізінде арнайы қажетті ғылыми-зерттеу­лерді жеке жоба ретінде бекі­теміз деп отырмыз. Тағы бір мәселе, бүгінгі таңда ғылымға жас мамандар қажет. Соларды тәр­бие­леп, дайындау үшін арнайы бағ­дарламалар жасалуда. Биылғы жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, әлеуметтік ғылымдарға байланысты инс­титуттар және Қазақ ұлттық техникалық университеті «Пара­сат» холдингінің ғылыми институттарымен бірігіп, ғылыми, қызметкерлер дайындау жүйе­лерін енгізбек. Қазақ аграрлық университеті мен Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде де осындай үрдіс болады. Мұндағы негізгі мақсат – бүгінгі ғылым мен білімді және өндірісті ұштастыру болып табылады. Сол арқылы институттардың негізінде мамандар дайындау жүйесін іске асырамыз деп отырмыз, дейді. «Ғылымсыз мемлекет болмайды, егер бізде ғылым болмаса, біз бір елге рухани тәуелді боламыз. Ал тәуелді болмас үшін өз ғылымымыз болып, ол әлемдік ғылымның аясында дамуы тиіс. Сондықтан Қазақстан ғылымын, ғылымның негізінде технологияны дамыту ауадай қажет», дейді академик Әбдімәлік Нысанбаев. Қазіргі күні елімізде ғылымды басқару мен қаржыландырудың жаңа тетіктері қызмет етеді. Мәселен, 2011 жылы ғылымға – 26,9 миллиард теңге, 2012 жылы – 46,6 миллиард теңге бөлінсе, 2013 жылы 52,9 миллиард теңгеге жеткен. Ілкімді жобаларды іріктеу үшін Ұлттық мемлекеттік ғылы­ми-техникалық сараптама орталығы және бес Ұлттық ғылыми кеңес (ҰҒК)жүргізетін тәуелсіз сараптама жүйесі іске қосылды. Сол сияқты әлемдік ақпарат­тық ресурстарға қолжетімділік қамтамасыз етіліп, ғылымға жо­ғары оқу орындарының қатысуы кеңейтілуде. Олардың ғылыми жобаларды орындауға қатысу үлесі 67 пайызға дейін өскен. Екі жақты негізде халықаралық ынтымақтастық даму үстінде. Ғылым және техника саласында Ұлыбритания, АҚШ, ҚХР, Корея, Жапония, Египет, Германия, Италия, Франция, Польша, Ресей және тағы басқа елдермен 30 мем­лекетаралық келісім жасалыпты. Сонымен, мерекелік шарада ғұмырын ғылымға арнаған ізденімпаз жандар Мемлекеттік сыйлықпен, атаулы сыйлықпен наградталады. Үздік ғалымдар мен талантты жастар стипендия­мен мадақталатыны айтылды. Қазіргі таңда Президент тапсырмасына сәйкес серпінді ғылыми-зерттеулері және инновацияларды енгізгені үшін ғалымдарға әл-Фараби атын­дағы мемлекеттік сыйлық таға­йындауға қатысты жұмыстар жүргізілуде. Сол сияқты биыл да Ғылым қызметкерлерінің күні айтулы шаралармен басталып, ғалымдарымыз «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Аталған құрметті белгіге үсті­міздегі жылы еліміздің химия, математика, физика, биохимия, биология, тарих, философия ғылымы саласында тер төгіп жүрген 11 ғалым лайық деп танылған. Олардың қатарында алда айтқан Әлима Жармағанбетова, ғылым докторлары Рауза Қонаева, Марат Молдахметов, Григорий Мун, Юрий Нужнов, Станислав Харин, Марат Саятов, Бақытжан Ахметов, Амандық Төлешов бар. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.