• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Мамыр, 2022

Қоғамдық пікірдің құдіреті

405 рет
көрсетілді

Жақында алуан-алуан ақпарат­тар сапырылысып жататын әлеу­меттік желідегі жылт еткен «Сүйінші хабар» жұрттың назарын селт еткізді. Запастағы поли­ция генерал-майоры Мир­лан Қызылов «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеу­меттік көмектің мөлшерін, көз­дерін, түрлерін және оны беру қағи­даларын бекіту туралы» Қазақ­стан Республикасы Үкі­меті­нің 2012 жылғы 12 нау­рыз­дағы №320 қаулысына өзгеріс­тер енгізу туралы Үкімет­тің 2022 жылғы 31 наурыздағы №182 қаулысы шыққанын қуана хабарлапты. Желі пайдаланушылар да қуана қолдап жатты.

Жетімдіктің бала ғана емес, ер жігіт үшін де бір кем дүние екенін Ішкі істер ми­нистрлігіне қарасты жоғары оқу орындарының курсанттары қатты сезінеді. Соның бірі қостанайлық Татьяна Водолазкинаның тағдыры да жеңіл емес. Ол бала кезден тұлдыр жетім қалып, балалар үйінде өсті. Полицей мамандығын армандаған қыз Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына үздік бағамен түскен соң, оны Ресейдің ІІМ Краснодар уни­верситетіне оқуға жіберді. Қазір бесінші курста оқып жүр. Ол Қазақ­стан жағынан да, Ресей жағынан да жетімдігіне байланысты әлеуметтік көмек ала алған жоқ. Ал еліміздегі әлеуетті құрылымдар оқу орындарын­да білім алып жүрген жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз өс­кен курсанттар жетіп артылады. Олар да Татьяна секілді мемлекеттің бұл қамқорлығынан тыс қалған. Ал Татьяна Водолазкинаның Нұр-Сұлтан қаласындағы азаматтық жо­ғары оқу орнының бірінде оқитын ту­ған сіңілісі ата-анасы жоқ балалардан шыққан студенттерге арналған мемлекеттік әлеуметтік көмекті еш кедергісіз алады. Сонда азаматтық білім ордасындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз өскен студент пен әлеуетті құрылымдар оқу орындарындағы осы тағдырлас курсанттың айырмашылығы неде? Неге әлеуметтік көмек біріне төленеді, екіншісі мұнан қалыс қалады?

2017 жылы «Қазақстан Респуб­ли­­касы ішкі істер органдары қыз­мет­керлеріне ақшалай ризықты, жәр­дем­ақыларды және өзге де төлемақыларды төлеу қағидаларын бекіту туралы» ІІМ 2014 жылдың 14 қарашасындағы №808 бұйрығына өзгеріс енгізуді ұсынып, бұл істі қоғамдық пікірдің өзегіне айналдырған запастағы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов болатын. Өйткені өзі Ш.Қабыл­баев атындағы Қостанай академия­сы­на басшылық еткен жылдары осы білім ордасында жасынан ата-ана­сыз жетім өскен 14 курсант білім алды. Әлеуметтік теңсіздікті қалпы­на кел­тіру мақсатымен ол тиісті орын­дарға бес-алты хат жазды. Қысқа қайырар болсақ, хаттардың бір-екеуі келген жауап­тың өзі қоғамдағы әділетсіздікке жаны ауыратын шенеуніктердің қарасы көрінбейтінін дәлелдегендей еді. Ішкі істер министрлігі Кадрлармен жұмыс департаментінен келген жауапта Үкіметтің 2012 жылғы 12 нау­рыздағы «Әлеуметтік көмек көр­сеті­л­етін азаматтарға әлеуметтік көмек­тің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» №320 қаулысы бекіткен нор­маға сәйкес жетім өскен курсант­тарды тамақпен, киіммен, аяқкиім­мен және жұмсақ мүкәммалмен қам­тамасыз ету министрліктің бюд­жетінде қаралмағандығы айтылды. Еліміздің бұрынғы Бас прокуроры Ғ.Нұрдәулетов М.Қызыловтың өзіне жазған хатын Білім және ғылым министрлігіне бағыттапты. Қолы­на түскен хатқа сол кездегі вице-ми­нистр Б.Асылова: «ІІМ оқу орын­дарын­дағы жетім және ата-анасының қам­қорлығынсыз өскен курсанттар­ға көрсетілетін әлеуметтік көмек аза­мат­тық жоғары оқу орындарының осы тағ­дырлас студенттеріне бері­летін осын­дай көмекпен бірдей. Осы­ған бай­ланысты министрлік қол­­да­ныс­тағы заңнамаға өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізуді орынсыз деп са­найды» деп жауап берді. Бұл енді «мен не деймін, домбырам не дейді­нің?» кері болған-тұғын. Құдай-ау, хат­та әлгі әлеуметтік көмектің түр-мөл­шері жөнінде емес, еліміздің заңы мен Үкімет қаулысы белгілеген сол кө­мек­тен курсанттардың құрқол қа­лып қойғаны туралы айтылып еді ғой?

 Ал генералдың хатына Білім және ғылым министрі А.Айтмағамбетов 2020 жылдың 10 шілдесінде берген жауабында Ішкі істер министрлігі өз ауласындағы істі шарбақтан шығар­май, өзі шешсін деген пиғылын біл­дір­ген екен. 17 жасында курсант ата­натын жастар тағдырына қатысты мәсе­ле­лердің Білім және ғылым ми­нистр­лігіне еш қатысы жоқ па? Осы ми­нистрлік жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мұны ортақ іс деп қараса болмас па еді? ІІМ оқу орнындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз өскен курсанттарға берілуге тиісті әлеу­мет­тік көмек туралы қоғам көтерген мә­селені министрліктер осылай қақ­пақылға салды. Ортақ мәселе, елдің қамы ғой деп білек сыбанған, істі алға жылжытып жіберген ешқайсысы жоқ.

 Мирлан Қызылов 2021 жылы 11 наурызда еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетіне «Жетім курсанттың жазығы не?» атты мақала жазды. Міне, шын сөз де қын түбін­де жатпайтын кездік сияқты тесіп шығады. Мақалада айтылған мәселе бірден Президент назарына ілікті. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл бо­йынша былтырғы 15 наурызда «Өзекті мәселе, жүйелі түрде шешу керек» деп шекесіне нұсқау жазып, бірқатар мемлекеттік орган басшысына тапсырма берген болатын.

Енді жоғарыда запастағы полиция генерал-майоры М.Қызылов сүйіншілегендей, Президент нұсқауы түрткі болып, биылғы 31 наурызда «Әлеуметтік көмек көрсетілетін аза­маттарға әлеуметтік көмектің мөл­шерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысына өзгерістер енгізу туралы Үкіметтің №182 қаулысы шықты. Осы қаулы бекіткен қағидалар орындалса, өз құқын қорғап, бірнеше мәрте сотқа жүгінген Татьяна Водолаз­кина да, ҚР ІІМ арнаулы оқу орындары­ның одан басқа жетім және ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз өскен тағы 25 курсанты (2021 ж. сәуірдегі дерек) әлеуметтік көмегін алып, мем­ле­кет­тің қамқорлығын сезінетін бола­ды. Айтпақшы, заңдар мен Үкі­мет қау­­лыларына жалтақтықтан болуы керек, Нұр-Сұлтан қалалық және Алматы аудандық соттары да Т.Во­до­лаз­кинаның талап арыздарын қара­ған­да нақты шешімге келе алмай, солқылдақтық танытыпты.

– Өкінішке қарай, өзім оқып жүрген Ресей ІІМ Краснодар университеті басшылары мұндай көмек олардың өкілеттігіне кірмейтінін айтты, ал өз елімде бұл мәселе заңды құжаттарда кеткен олқылық екенін түсіндім. Ұстазым, запастағы полиция генерал-майоры Мирлан Қызыловтың «Еге­мен Қазақстан» газетіндегі «Жетім кур­санттың жазығы не?» атты мақа­ласы­нан кейін сең қозғалды. Ал­ғы­­сым шексіз, бұл бізден кейінгі кур­­сант­­­тарға керек көмек ғой, – дей­ді Татьяна. Жаңа қаулының шық­қа­­ны­на Ш.Қабылбаев атындағы академия курсанттары А.Жамбулова, Е.Тура­беков, Р.Төлегенұлы, Д.Әсетов те қуа­ны­шын және қоғамдық пікірге қозғау салған ұстазына алғысын жеткізді.

– Негізі әлеуметтік мәселе қайдан шығады? Әрине, әділетсіздік­тен шығады. Ал әділет үшін жаны ауыр­ма­ғандар неге болса да салғырттықпен қарайды. Қолданыстағы құқықтық актілерге мемлекеттік органдардың формализм тұрғысынан қарауынан қоғамда осындай әділетсіздіктер орын алады. Мемлекеттік органдар «Құқықтық актілер туралы» заңның 50-бабын басшылыққа ала отырып, «қабылданған нормативтік құқықтық актілерді іске асыру тиімділігін болжау, талдау, бағалау арқылы оларды жетілдіру жөнінде ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында» шынайы мониторинг жасап отырса, біздегі құ­қық­тық актілердің сәйкессіздігі орын алмас еді, – дейді генерал Мирлан Қызылов.

Үкіметтің бұрынғы олқылықтарды толтырады деген жаңа қаулысы бекіт­кен қағидалар бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығын көр­мей өскен курсанттар әлеуметтік көмек-қаржыларын 2017 жылғы 1 қыр­күйек­тен бастап ала ма, әлде жоқ па, оны ІІМ басшы-қосшыларының ықпал-ықы­ластары біледі. Қаралып отыр­ған қаулының 2012 жылы шық­қанын ескерсек, 2017 жылы қоғамдық пікір көтерілмегенде, жетім өскен кур­сант­тардың конституциялық әлеу­меттік құқығы жабулы қазан жабу­лы күйінде қала берер ме еді кім білсін?! Қоғамдық пікірді қалыптас­тыру­да баспасөздің орны бөлек екен­іне Үкіметтің жаңа қаулы қабылдауының өзі дәлел секілді.

Айтпақшы, өзекті мәселенің Ұлттық қауіпсіздік органдарының, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің өздеріне ведомстволық бағынысты әскери, арнаулы оқу орындарына да қатысты екенін айтқымыз келеді. Ондағы жетім өскен курсанттардың жағдайы қалай екен? Жауабын құзырлы мемлекеттік органдарға қалдырайық.