Ертең Мажарстан астанасы – Будапештте велоспорттан бір жыл бедерінде ұйымдастырылатын ең маңызды үш жарыстың алғашқысы, яғни 113 жылдық тарихы бар «Джиро д’Италия» гранд-туры басталады. Үш аптаға жалғасатын биылғы велокөпкүндіктің кезеңдері Мажарстан, Словения және Италия тас жолдарында өтіп, 29 мамырда Веронадағы жекелей бәсекемен өз мәресіне жетеді. Биылғы додада әдеттегідей қазақстандық Astana Qazaqstan Team велоклубының спортшылары да бақ сынайды.
Әлемдегі ең көне веложарыстың бірі саналатын «Джиро д’Италияның» тарихы сонау 1909 жылдан бастау алады. Кезінде Италиядағы қарапайым спорт басылымының таралым санын өсіру, оқырмандар қатарын көбейту мақсатында ұйымдастырылған бұл дода бүгінде әлем жұрты сүйсініп тамашалайтын әйгілі веложарыстың біріне айналды. 1908 жылы Gazzetta dello Sport газетінің велоспорт бөлімінің редакторы Армандо Куне басылымның 7 тамыздағы нөмірінің бірінші бетіне 1909 жылдан бастап «Джиро д’Италия» көпкүндігінің басталатындығы жөнінде хабарландыру береді. Ертесі күні оқырмандар арасында көп талқыланған жарыстың жарнамасынан соң редактордың идеясын Италия велоспорт одағы қолдай кетіп, алғашқы жарысты 1909 жылдың 13 мамырында өткізеді. Италияның Лорето қаласынан басталған велокөпкүндік Миланда тізгін тартады. Сегіз кезеңнен тұрған алғашқы турнирде жергілікті велошабандоз Луиджи Ганна жеңімпаз атанады. Ал жалпы турға 127 велошабандоз қатысып, ұзақтығы 2488 шақырым жолды жүріп өткен. Бір қызығы, мәреге 127 спортшының тек 49-ы ғана келген.
Іргетасы 2006 жылы қаланып, 2007 жылдан бастап ірі гранд-турларға қатысу құқығын иеленген «Астана» велокомандасы сол жылдан бастап дәстүрлі «Джиро д’Италияға» тұрақты қатысып келеді. Команда енді жасақталған соң Александр Винокуров бастаған жігіттер алғашқы маусымда үздіктер қатарынан көріне алмады. Келесі жылы кіл мықты велоспортшылардан жасақталған қазақстандық команда алғаш рет ірі жеңісіне қол жеткізді. Әйгілі испаниялық велошабандоз Альберто Контадор сол жылғы доданың 15-кезеңінен бастап қызғылт түсті жейдені үстіне киіп, жарыс соңына дейін жалпы есепте көшбасшылықты ешкімге берген жоқ. Бір айта кетерлігі, Контадор «Джиро д’ Италияның» бірде-бір кезеңінде жеңіске жетпей, жарыс жеңімпазы атанған санаулы спортшының бірі. «Астананың» «Джиро д’Италиядағы» жеңісті жолы кейін бес жылға үзіліп, 2013 жылы италиялық Винченцо Нибали қайта жалғады. Ол ең бірінші 2013 жылы үздіктер қатарынан көрінсе, араға үш жыл салып, 2016 жылы тағы да сол биігінен көрінді. Сонымен қатар әр жылдары жекелеген кезеңдерде «Астананың» басқа да велошабандоздары тұғырдың биік сатысынан көрініп жүрді.
Өкінішке қарай, 2016 жылдан бері бақандай алты жыл өтсе де, қазақстандық команданың бірде-бір өкілі әлі күнге дейін жүлдегерлер қатарынан көріне алмай келеді. 2020 жылы «Астананың» даниялық өкілі жалпы есепте алтыншы орынға табан тіреген болса, былтыр ресейлік Александр Власов жүлдеге сынықсүйем қалғанда сүрініп, төртінші орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды.
Қазақстандық жанкүйерлер «Астананың» «Джиро д’Италиядағы» жеңіспен өрілген тамаша дәстүрі биыл қайта жалғасатынынан үмітті. Өйткені биылдан бастап қазақстандық велоклубқа кезінде команданы өрге сүйреген италиялық Винченцо Нибали мен таулы кезеңдердің үздігі колумбиялық Мигель Анхель Лопес қайта оралды.
«Джиро д’Италия» жарысының екі дүркін чемпионы, жеті кезеңнің жеңімпазы, гранд-турдың 2010, 2011, 2017 жылғы 2019 жүлдегері Винченцо Нибали биылғы «Джироға» 11 мәрте қатысқалы тұр. Ал осы доданың 2018 жылғы жүлдегері Мигель Анхель Лопес үшін бұл төртінші жарыс болмақ. Сондай-ақ «Астана» командасының тағы бір өкілі испаниялық Давиде Де ла Крус та «Джиро д’Италия» велокөпкүндігінде төртінші мәрте өнер көрсетеді. Жоғарыдағы үш спортшыдан бөлек, биылғы жарысқа «Астана» велоклубынан италиялық Валерио Конти және Фабио Феллине, америкалық Джо Домбровски, колумбиялық Харольд Техада мен қазақстандық жас велошабандоз Вадим Пронский қатысады. Вадим биыл қатарынан екінші жыл үлкен жарыста бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.
Осыдан бірнеше күн бұрын «Астананың» спорттық директоры Джузеппе Мартинелли BiciSport басылымына сұхбат беріп, «Джирода» Мигель Анхель Лопес команда капитаны болатынын айтты. «Біз осы жылы колумбиялық велошабандозға үлкен сенім артып отырмыз. Өйткені 2018 жылы ол өзінің Италиядағы алғашқы ірі турниріне бірінші рет қатысып тұрғанына қарамастан, жалпы есепте үшінші орынға ие болды. Келесі жылы үздік ондықтың қатарынан табылып, ең үздік жас велошабандозға берілетін ақ жейдеге ие болды. Төрт жылдың ішінде ол әжептәуір тәжірибе жинақтады. Сол тәжірибесінің арқасында биыл топ жаруға тиіс. Әрине турнирде бізден де мықты командалар, Лопестен де тісқаққан велошабандоздар бар екенін жоққа шығармаймын. Бірақ біз Мигельге сенім артамыз. Оның басты қарсыласы ретінде эквадорлық Ричард Карапасты (Ineos) ерекше атап өткім келеді. Ол өз алдына жоғары мақсат қоятын, үнемі тұрақты нәтиже көрсетіп жүретін велошабандоз. Меніңше, «Джироның» тағдыры Мармоладеде өтетін 20-кезеңде шешілсе керек», дейді ол.
Сонымен қатар Джузеппе Мартинелли Ричард Карапасты қалай жеңу керектігін ойластырып жатқанын да мәлімдеді. «Оны ешқашан қараусыз қалдыруға болмайды. Әр кезең сайын ыңғайсыз позицияда ұстап, еркін қимылдауына мүмкіндік бермеуіміз керек. Әрине бұл жерде оның қасында жүретін велошабандозға батылдық, жедел шешім қабылдап отыруға тура келеді. Ал дәл осы тұста біз Винченцо Нибалидің көмегіне мұқтажбыз. Ол Лопеске жақсы көмекші бола алады деп ойлаймын. Бірақ кей сәттерде оны еркіне жіберіп, жарыстан ләззат алуына мүмкіндік береміз. Өйткені ол сондай құрметке лайық велошабандоз. Сондықтан оған енді ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ», дейді «Астананың» спорттық директоры.
Айта кетейік, биылғы «Джиро д’Италия» велокөпкүндігіне 22 команданың 218 велошабандозы қатысады деп жоспарлануда. Ал 21 турға созылатын жарыста спортшылар Будапешт пен Веронаға дейін жалпы ұзақтығы 3445,6 шақырым жолды жүріп өтеді.