• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 05 Мамыр, 2022

Өнерден өрнек іздеген

330 рет
көрсетілді

Мемлекеттік орталық музейде «Бірге жасаймыз» білім беру көркем жобасы қатысушыларының «Әлем балалар көзімен» атты көрмесі ашылды.

«Балалар жылы» аясын­да жүзеге асқан жобаға жүздеген жеткін­шектің жеке жұмыстары қойылған. Өнерден өрнек ізде­ген өрендердің өмірді қабыл­дауы да әртүрлі. Заңғар көкке қол созған асқар таулар, қызғал­дағы құлпырған жазира жоталар, айнадай тұнық айдын көл­дер олардың арманына қа­нат бітірген.

«Бірге жасаймыз» жобасы мен «Сен суретшісің» шеберханасы кескіндеме мектебі ретінде 10 жыл бойы қалалық және аудандық көрмелерге белсенді қатысып келеді. Жас суретшілерге арнап Қазақстан мен Украинаның белгілі бейнелеу өнер шеберлері шығар­машылық сабақтар, түрлі пле­нэр­лер өткізуді дәстүрге ай­нал­­дырған. Мектеп түлектері бү­гінде тек Алматы қаласының ғана емес, сонымен қатар АҚШ, Ан­глия, Аустралия және басқа да елдердің көркемсурет кол­ледждері мен жоғары оқу орын­дарының студенттері.

 Ең бастысы, аталған шығар­машыл орта өнерге немқұрайды қарамайтын, өз дарындарын шың­дағысы келетін түрлі жастағы адамдарды біріктіре алды. Себебі шығармашылық ұшқынын әрбір адам бойынан табуға болады. Кенеп бетінде сенімді сырғыған қылқалам қимылынан түрлі жолақтар, бояулар мен бейнелер пайда болып, соңында тамаша бір картинаның дүниеге келуін бақылау да бір ғанибет. Күні кеше өнерден алшақ жүрге­ніңмен бүгін өзіңді кескін­деме өнерінде байқап көрген тіпті де бөлек. Балалар шығар­машылығын қолдау, ата-аналар мен оқытушылардың ө­зара қарым-қатынастарын дәріптеу мақсатында ашылған көрме шаһар тұрғындары мен қонақтарына осындай керемет әсер сыйлайды.

 Бейнелеу өнерінің бар­лық түрін қамтыған туындылар жас шеберлердің ішкі әле­міндегі толқынысын паш етеді. Қаншама жазықсыз жан­дар жапа шеккен әскери қақ­ты­ғыстар, әлемдегі геосаяси тұрақсыздық балалардың да көңіл алаңына айналған. Адам­затты бейбіт өмірге шақырған картиналарда балалар жыламаса, ата-аналар аман болса деген әппақ тілек жатыр. Бірлік пен ынтымақты ту еткен кенеп жағындыларынан тазалықтың иісі аңқиды.