Биыл Алматыда Жеңіс күні жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Соғысқа қатысқандар мен тыл еңбеккерлеріне жергілікті биліктен де, ардагерлер кеңесінен де барынша көңіл бөлінеді. Бұл туралы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов брифинг барысында мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Алматыда Жеңіс күніне орай 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылады. ъ
«Соғыс батырлары бейнеленген 40 билборд орнатылды. 9 мамыр тақырыбында қаланың барлық медиабордтарында және метро станцияларында роликтер орналастырылды. 20 мың «Жеңіс лентасы» дайындалып, қала тұрғындарына таратылады», деді Ахан Бижанов.
Лентаны сауда ойын-сауық орталықтарына, саябақ аймақтарына, 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябаққа, Орталық мәдениет және демалыс саябағына барған кезде алуға болады.
«Негізгі бағдарлама 9 мамырда сағат 9:30-да басталады. Биыл «Батырларға тағзым» акциясы ұйымдастырылады, оның аясында қала тұрғындары М. Горький атындағы Алматы қаласының Орталық демалыс саябағынан Гоголь көшесіндегі 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябаққа дейін соғыста қаза тапқан батырларды еске алуға гүл шоқтарын қою үшін өтеді», деді ол сөзін толықтыра кетіп. Гүл шоқтарын қойған соң қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт болады. Шара барысында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне мерекелік дастархан жайылады.
«Сонымен қатар мереке өтетін жерде әскери шатырлар мен заманауи қазақстандық әскери техника, қару-жарақ қойылады. Мерекелік шаралар аудан әкімдіктері жанындағы алаңдарда да, саябақтарда да, тіпті, тұрғын үйлердің аулаларында да күні бойы өтеді», деп мәлімдеді Ахан Бижанов.
Сондай-ақ Жеңіс күніне орай 5 млрд 400 млн теңгеге біржолғы әлеуметтік көмек беріледі.