Наурызда 12 пайызға шығып, рекордтық меже орнатқан инфляция деңгейі сәуір айында жылдық мәнде 13,2 пайызға көтерілді. Соңғы бір жылда азық-түлік тауарлары – 17,9, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 11,1 және ақылы қызметтер 8,9 пайызға қымбаттаған. Әсіресе былтырғы сәуірмен салыстырғанда жаңа піскен көкөніс, құмшекер, картоп пен құс етінің бағасы аспандай түсіпті.
Бағаны ырықтандырумен үкімет белсенді айналысып жатыр. Соның ішінде Сауда және интеграция министрлігі дүкендердің рұқсат етілген сауда үстемесін сақтауды қатаң қадағалайды. Ал Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, қазір елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры шамамен 643,5 мың тоннаны құрайды. Қант зауыттары өнімін есепке алмағанда, шамамен 30 мың тонна қант қоры бар.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ай басында азық-түліктің негізсіз қымбаттауына жол берген өңірлердің әкімдеріне бұл мәселеге жеткілікті бақылау жасалмай отырғандығын атап көрсеткен еді.
«Азық-түлік бағасын ұстап тұру – бірінші кезектегі маңызды мәселе. Мен бірнеше рет «айналым схемасын» қаржыландыруды арттыруды тапсырған едім. Алайда бүгінде жұмыс тиісті деңгейде орындалған жоқ. Осы айдың соңына дейін қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін арттыруды тапсырамын. Алдағы аграрлық маусым қарсаңында өңірлердің бірінші кезектегі міндеті күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасасу болуға тиіс. Егер қазір мүмкіндікті жіберіп алсақ, маусымаралық уақытта біз бағаның өсуіне тағы да тап боламыз», деп ескерткен болатын Премьер-Министр.
Ұлттық статистика бюросы баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлының айтуынша, жыл басынан бері индекс құрылымындағы азық-түлік тауарларының үлесі 40,7 пайызды, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 30,2 пайызды, ақылы қызметтер 29,1 пайызды құрады.
«Ай сайын бюро тауарлар мен қызметтердің толық жиынтығы бойынша бағалардың өзгерісін тіркейді. Онда азық-түліктің, тұрмыстық және шаруашылық тауарларының, ересектер мен балалар киімдерінің, денсаулық сақтау, көлік қызметтерінің және т.б. қызмет пен тауарлардың бағасы ескеріледі, барлығы – 508 позиция. Біз бағаны барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде түрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша бақылаймыз», дейді.
Сондай-ақ автомобиль бағасы – 19,2, тұрмыс құралдары – 18,1, жеке қолданыс тауарлары – 15,1, құрылыс материалдары – 14,7, жуу және тазалау заттары – 14,3, жиһаз – 13, тоқыма бұйымдары – 8, фармацевтика өнімдері 7,6 пайызға өскен. Қымбатшылықтан қызмет көрсету саласы (+8,9 пайыз), тұрғын үй-коммуналдық қызметтер де (орташа 5,6 пайызға) тысқары қалмаған.
Жылдық инфляция 13,2 пайызға жеткенімен, сәуір инфляциясы наурызбен салыстырғанда (3,7 пайыз болған еді) төмен – 2 пайызды құрап отыр. Телеграмдағы RiskTakersKZ каналының сарапшылары елде инфляцияның өсуіне геосаяси жағдай қатты әсерін тигізді дейді.
«Бизнес біртіндеп бейімделетін шығар, ал бағаның өсуіне әсер еткен валюталық шок айырбас бағамының күшеюіне байланысты бірте-бірте бәсеңдейді. Нарықтағы монополияны жою және олигархтармен күресу шаралары баға өсімін тежеуі мүмкін. Егер сұраныс пен ұсыныстың жаңа шоктары болмаса инфляция 15 пайыз деңгейінен төмен қалыптасады деп күтеміз. Жыл қорытындысы бойынша біздің базалық болжамымыз – 14 пайыздан жоғары», деп жазады сарапшылар.
Қаржыгер Андрей Чеботаревтің пайымдауынша, баға өсіміне қатысты өз пайымын былай жеткізеді.
«Теңге соғысқа дейінгі деңгейіне оралды, енді баға неге төмендемейді деп сұрайды бәрі. Біріншіден, теңгеге деген сенім бәрібір төмен. Қазіргі күшейгені уақытша, бір күні қайтадан әлсірей бастайды деп ойлайды. Екіншіден, бізде психология бағаны тікелей төмендету өте қиын болатындай етіп қалыптастырылған. Жалпы алғанда, теңгеге деген сенімнің төмендігінен бағаны кері қайтару өте қиынға соғады. Бағаны төмендету теңге курсын төмендетуден де қиын», дейді сарапшы.
Тұтыну тауарлары мен қызметтеріне бағаның өзгеруі
пайызбен, өсуі
2022 жылғы
сәуір
Анықтама:
2022 жылғы
наурыз
2021 жылғы
сәуірге
2021
жылғы
желтоқсанға
2022 жылғы
наурызға
2021 жылғы наурызға
2022 жылғы ақпанға
Тауарлар мен қызметтер
13,2
7,3
2,0
12,0
3,7
Азық-түлік тауарлар
17,9
11,6
3,1
15,4
5,8
Азық-түлік емес тауарлар
11,1
4,9
1,2
10,9
2,8
Ақылы қызметтер
8,9
3,6
1,0
8,3
1,4
Бағаның өсуі (сәуір 2021ж.-сәуір 2022ж., өсім, пайызбен)
54,6% құмшекер
16,9% жылқы еті
46% жаңа піскен көкөністер
15,8% кондитерлік өнімдер
30,3% картоп
15,4% пастерленген сүт
28,8% құс еті
14,8% қышқыл сүт өнімдері, жаңа піскен жемістер, нан
25,5% жармалар
13,6% ет өнімдері
23,4% макарон өнімдері
12,8% сары май
22,7% ұн
12,4% шошқа еті
22,3% күнбағыс майы
18% минералды және ас су
19,3% қатты ірімшік
16,2% салқындатылған сусындар
18,3%, тоқаш және ұннан жасалған өнімдер
16% темекі өнімдері
17,5% қой еті
11,7% алкогольді сусындар