• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 08 Мамыр, 2022

Солтүстік Ирландияда ұлтшылдар жеңіске жетті

318 рет
көрсетілді

Солтүстік Ирландияда өткен Ассамблея сайлауы нәтижесінде ұлтшыл партия – Sinn Féin жеңіске жетті. Осылайша, алғаш рет елдегі бірінші министрді тағайындау құқығын иеленіп отыр. Атауы тікелей аударғанда «Өзіміз ғана» деген мағынаны білдіретін партияның Стормонтта (Солтүстік Ирландия парламенті) көп мандат иеленуі Солтүстік Ирландиядағы ғана емес, жалпы Ұлыбританиядағы ахуалға да әсер етеді.

Сайлау 5 мамыр күні өткен еді. Дауыс са­нау нәтижесі бойынша Sinn Féin 27 ман­­дат иеленді. Салыстырмалы түрде қар­а­­сақ, 2017 жылғы саяси бәсекеде де пар­­тия осыншалықты нәтиже көрсеткен еді. Бірақ бұл жолы олардың басты қар­сы­ласы – DUP (Демократиялық одақтас пар­тиясы) бұрынғыдай қолдауға ие бол­ған жоқ. DUP-қа небәрі 24 орын ғана бұйырды.

Нәтижесінде, Sinn Féin-нің вице-пре­зи­денті, бірінші министрдің орынбаса­ры қыз­метін атқарып келген Мишель О’Нил бірінші министр атанбақ. Ұлт­шыл­дар партиясы бұрын-соңды мұндай мәрте­беге қол жеткізген жоқ-тұғын. Тіпті, А­с­сам­­­блеядағы ең үлкен партия аталған да емес.

Саяси бәсеке алдында О’Нил ханым сайлауды «нағыз өзгерістер кезеңі», деп мәлімдеп, «саясатымыз бен халқымыз үшін айқындаушы сәт жеткенін» мәлім­деген еді. «Бүгін бәріміз үшін жаңа дәуір бас­талды. Қоғамдағы қарым-қаты­нас­тар­ды әділдік, теңдік және әлеуметтік әділет негізінде қайта құруға мүмкіндік беретін сәт келіп жеткеніне сенімдімін», деді М.О’Нил.

Оның айтуынша, партияның басты міндеті – бөлу емес, серіктестікте жұмыс істеу. Сондай-ақ басқа да көзқарас ұста­на­тын партияларға құрметпен қарай­ты­нын, тізе қосып еңбек ететінін алға тартты.

Биылғы ақпанда DUP мүшесі Пол Гиван бірінші министр қызметінен кеткеннен соң атқарушы билік ыдыраған-ды. Бірінші және бірінші министрдің орын­басары рөлдері бірлескен кеңсе сана­латындықтан, Мишель О’Нил де қыз­метінен кеткен-ді. Енді, араға екі ай салып Мишель ханым жаңа қызметіне кіріспек.

Бұдан бөлек, Alliance партиясы – 17, Ольстер одақшылар партиясы (UUP) – 9, Социал демократтар және лейборис­тер партиясы (SDLP) 7 мандат иеленді. Сонымен қатар екі орынның кімге бері­летіні бюллетеньдер толық саналып біткеннен кейін белгілі болмақ.

Солтүстік Ирландияның мемлекеттік хатшысы Брэндон Льюис Стормонттың қай­тадан қалыпты жұмыс істеуі мақ­са­тында партия жетекшілерімен кезде­сетінін хабарлады. «Мен партияларды мүмкіндігінше тезірек атқарушы билікті құруға шақырамын. Солтүстік Ирландия халқы маңызды мәселелерді жеткізетін тұрақты және есеп беретін жергілікті үкіметке лайық», деп мәлімдеді.

Ирландияның премьер-министрі Мишель Мартин де көршілес елдегі саяси бәсекеге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жаңа басқарушы үкімет Солтүстік Ирландияны өркендету үшін өте маңызды.

«Енді саяси партия мен сайланған өкіл­дің бәрі бірінші және бірінші ми­нистр­дің орынбасарын ұсынады. Сол­түс­тік Ирландия халқының мүддесіне қыз­мет ететін жаңа атқарушы билікті құру мақ­сатында депутаттар өз мандатын жа­ңар­туға міндетті», деді М.Мартин.

Жалпы, Солтүстік Ирландия құрыл­ған 1921 жылдан бері ұлтшылдар пар­тия­сы алғаш рет Стормонтта көп мандат иеленіп отыр. Бір қызығы сол, Sinn Féin Солтүстік Ирландиядағы «Дағ­дарыс жылдарында» атышулы IRA (Ирланд республикасы армиясы) ұйымымен байланысы болғаны айтыла­ды. Оның үстіне, Солтүстік Ирлан­дия­ның басқарушы органдарының құ­ры­лы­мы ерекше. Дербес мемлекет санал­ғаны­мен, Солтүстік Ирландия Ұлы­бри­тания­ның қарамағына кіреді және патша­йым Елизавета екіншіге бағынады. Ұлы­бри­тания үкіметі құрамында «Солтүстік Ирландия кеңсесі» бар. Оны мемлекеттік хатшы басқарады. Міндеті – «Белфаст келісімінің» сақталуын қамтамасыз ету.

Ал Ассамблея, яғни парламент елдегі заң шығарушы, басқарушы қызметпен айналысады. Сайлау нәтижесі бойынша жеңіске жеткен партия министрлер кабинетін жасақтап, бірінші министр мен оның орынбасарын тағайындайды. Осындай күрделі жүйеде ұлтшыл партия – Sinn Féin-нің жеңіске жетуі елдегі саяси тектоникалық тақтаның жылжи бастағанын көрсетеді.

Естеріңізде болса, XX ғасырдың екінші жартысында Ирландия аралында қақ­тығыс өрті өршігені бел­гілі. Тара­зы­ның бір басында Ирланд рес­пуб­ли­ка­лық армиясы (IRA) Ирландияның бірі­гуі және британиялық басқаруды тоқ­тату үшін күрессе, келесі жағында Ұлы­британия қарулы күштері мен лоя­листер тұрды. Қақтығыстың өршігені соншалық, адам ұрлау, партизандық соғыс, кек қайтару күнделікті жағдайға ай­на­лып кеткен-ді. Шиеленісті реттеу үшін 1998 жылы «Белфаст келісіміне» қол қойылды. Соған сәйкес екі тарап та қару­лы қақтығыстарды тоқтатып, 30 жыл­ға созылған текетіреске нүкте қойды.

Нәтижесінде, Солтүстік Ирландия Ұлыбритания құрамында қалғанымен, дербестігін сақтап қалды. Бұл «билікті бөлісу принципі» арқылы жұмыс іс­тейді. Сондықтан да Солтүстік Ир­лан­­дия үкіметі Ұлыбританияның бас­қа елдерінен ерекше. Яғни үкі­мет құ­ра­мында Ирландиямен бірігу­ді қол­­дай­тын ұлтшылдар да, Ұлыбри­тания­ның құрамында қалуды жақтайтын одақ­шылар да болуы міндетті. Осылайша тарихи айырмашылығына қарамастан, екі тарап та ынтымақтаса әрекет етуге талпынады.

Ассамблеяда 90 мүше бар. Оны сайлау бес жылда бір рет өтеді. Бірінші ми­нистр мен оның орынбасарының бірі одақшыл, екіншісі ұлтшыл болуы тиіс. 2006 жылдан бастап бірінші министрді Ассамблеядағы ең үлкен партия таға­йын­дайды. Егер сайлауда одақшыл пар­тия жеңіске жетсе, онда министрдің орын­басары ең ірі ұлтшыл партиядан таға­йындалады. Немесе керісінше. Екі ми­нистрдің де өкілеттігі тең. Бірі қыз­мет­тен кетсе, екіншісі де креслосын босатады.

Атқарушы билік немесе министрлер кабинетіне бүкіл партияның өкілдері кіре алады. Сайлауда қанша орын алғанына қарай әр партия өз үміткерін ұсынады. Тіпті, аз қолдау иеленген партиялардың саясаткерлері министр қызметіне кірісуі ықтимал. Ассамблея экономика, білім беру, денсаулық сақтау секілді мәселелермен айналысады. Ал кей салада, соның ішінде халықаралық қатынастар және қорғаныс мәселесі Ұлыбритания үкіметіне бағынышты.

Sinn Féin-нің жеңіске жетуі келесі бір әңгіменің ұшын шығарып отыр. Ұлт­шылдар Ирландиямен қосылуды көк­­сейтіні белгілі. Партияның парла­ментте көп мандат иеленуі осы бағыт­та жұмыс жүргізіле бастайтынын аңғар­тады. Өйткені Sinn Féin-нің түпкі мақ­саты – Солтүстік Ирландияның Ұлы­бри­та­ниядан шығып, Ирландиямен бір ел атануы.

Бірақ бұл сайлаудағы жеңіс Ирлан­дияның жақын арада біріге қояды дегенді білдірмейді. «Белфаст келісімінде» екі ел қайта қосылуы үшін Солтүстік Ирландия халқының көпшілігі қолдауы тиіс делінген. Әзірге тұрғындар бұған асығар емес. Сәуірде жүргізілген сауалдама нәтижесі халықтың үштен бірі ғана бұл бастаманы қолдайтынын көрсетті.

Партияның президенті Мэри Лу Мак­дональд алдағы уақытта бірінші ми­нистрді тағайындауға әзірлік жүріп жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, бірігу жөніндегі референдум алдағы бес жылда өтуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл мерзім тұрғындардың пікірін өзгертуге жеткілікті деп айтсақ қателеспейміз. Өйткені кейінгі кездердегі оқиғалар Солтүстік Ирландиядағы қоғамды дүр сілкінтті.

Мәселен, «Брексит» Ұлыбритания мен Еуропалық одаққа ғана емес, Сол­түстік Ирландияға да бас ауру бол­ғаны белгілі. «Брекситте» жиі тал­қы­ланып, ортақ мәмілеге келу қиынға соққан түйткіл – Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасындағы шекара. Бұл түйіннің күрделі болғаны сон­ша­лық, әлі күнге дейін жалғасып кел­еді. Өйткені олардың бірі – Одақ құра­мын­дағы тәуелсіз мемлекет, тағы бірі Ұлыбританияның әкімшілік аймағы. Бірақ екі елдің арасындағы шекара құжат жүзінде ғана. Әйтпесе, халықтың ауылы аралас, қойы қоралас болып кеткелі қашан?!

«Брексит» аясында «Солтүстік Ирландия протоколына» қол қойылды. Аталған келісімге сәйкес, Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасында шекара болмайды, құжат тексеру, камералық бақылау орнатылмайды. Яғни Солтүстік Ирландия тұрғыны (Ұлыбритания азаматы) Ирландияға (Еуропалық одақ құрамында) өте қалса, ешқандай кедергі көрмеуі тиіс.

Сондай-ақ тауарларға да салық салынбайды. Бірақ Ұлыбританиядан келе­тін өнімдер Солтүстік Ирландия аума­ғына өткенде тексерілуі тиіс. Өйткені Еуропалық одақ ережесіне сәйкес, қарт құрлыққа ұйымға мүше емес мемлекеттен келетін сүт, жұмыртқа секілді бірнеше тауар шекаралық тексеруден өтуі тиіс. Демек, Ұлыбританияның өз тауары бір аймағынан екінші айма­ғы­на өткенде тексеріледі. Бұл қосым­ша кедергі туындататыны айтпаса да түсінікті.