Елордадағы Конгресс-Холл сарайында Қазақстандағы Беларусь мәдениеті күндерінің ашылу салтанаты өтіп, шара барысында жиналған қалың көпшілік Беларусь телеграф агенттігінің қорынан іріктеліп алынған фотосуреттердің «Бүгінгі Беларусь» атты көрмесі мен өрелі өнер шеберлерінің концертін тамашалады.
Басқосуда сөз алған Беларусь Республикасының Мәдениет министрі Борис Светлов «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенконың бастамасымен біздің елдеріміз тек саясатта ғана емес, сонымен қатар, мәдениет саласында да үлкен әріптестікке қол жеткізіп отыр. Былтыр Беларусь елінде Қазақстанның мәдени күндері болып өтіп, сол кезде бізді қазақтың ғажайып өнері мен мәдениеті тәнті еткен болатын. Бүгін беларусьтықтар сол игілікті бастаманы жалғастырып, Астанаға ең үздік өнерпаздарын алып келіп отыр» деп, өнерді құрметтейтін Астана жұртшылығына ризашылығын білдірді.
Қарымта сөз кезегінде біздің елдің Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы алыстан ат арылтып келген құрметті меймандарды құттықтай келіп, бұл дәстүр екі ел арасындағы бүгінгі таңда экономикадағы сияқты өрелі үрдісті қамтыған ықпалдастықтың жарқын көрінісі екенін, бұл салтанатты шара екі елдің әріптестік қарым-қатынасын бұрынғыдан да биік деңгейге көтеретіндігін атап өтті.
Өнерсүйер қауым алдында Беларусьтің жекелеген орындаушылары мен шығармашылық ұжымдары, соның ішінде «Песняры» Беларусь мемлекеттік және «Хорошки» хореографиялық ансамблі, Беларусьтің халық әртістері Ядвига Поплавская мен Александр Кремко өнер көрсетті.
Камшат ЖҰБАТХАНОВА.
АСТАНА.