• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Мамыр, 2022

Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен 11 адам табылды

199 рет
көрсетілді

Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен 11 адам аман-есен табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, Исатай ауданында 11 адам жоғалып кеткен.

Олар кеше, 8 мамырда аудан орталығы – Аққыстау ауылынан 160 шақырым қашықтағы «Ақмаңдай» учаскесіне бару үшін жолға шыққан.

«Кеше, 8 мамыр күні сағат 14:00-ден «УАЗ» маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен 10 жолаушы Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылынан 160 шақырым қашықта орналасқан аталған учаскеге жету үшін жолға шыққан. Алайда, ауа-райының қолайсыздығына байланысты Махамбет ауданына баруды көздеп, жолдан адасып кеткен. Бүгін, 9 мамырда сағат 10:50-де Исатай ауданында бір күн бұрын хабар-ошарсыз кеткен 11 адамды іздестіру іс-шарасы жүргізілді. Жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарына Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері мен «ТРЭКОЛ» техникасы тартылды. Іздестіру іс-шарасына Исатай аудандық полиция бөлімінің 1 қызметкері қосылды. Бір күн бұрын хабар-ошарсыз кеткен 11 адам бүгін, 9 мамырда жергілікті уақытпен сағат 14:50-де Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылынан шамамен 85 шақырым қашықтықта орналасқан Жасқайрат елді мекенінен аман-есен табылды. Табылған адамдардың денсаулығында кінәрат жоқ. Олар алғашқы медициналық көмекке жүгінуді қажеп деп таппады», деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Қазір бір жүргізуші мен 10 жолаушы Жасқайрат елді мекенінен Х. Ерғалиев ауылына аман-есен жеткізіліп, ағайын-туыстарына табысталды.

Аяна Тоғанбек