• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Мамыр, 2022

Шаһарда шаруа шашетектен

209 рет
көрсетілді

Қазір Павлодар қаласының билігі шыбын-шіркейдің мәселесімен әлек. Шалыс басса, тұрғындардың наласына ұшырайтынын жақсы түсінеді. Бастан өткен соң барынша қамданып жүр. Бұл – мезгіл мәселесі. Шаһарда одан да маңызды проблемалар аз емес. Жылу құбырларының тозуы, жолға асфальт төсеу сияқты коммуналдық бағыттағы жұмыстар шашетектен. Сәйкесінше, шағым да көп.

Басшылар жүйкесін тауысады, басқа жұ­мысқа ауысады. Мәселе сол кү­йін­де қала береді. Тіпті жыл сайын ушыға тү­суде. Көшеден кез келген пав­ло­дар­лықты тоқтатып, «шаһарда қан­дай проб­лема бар?» деп сұрасаңыз, ком­му­налдық сала туралы сайрай жөне­ле­ті­ніне күмәніміз жоқ.

Бұдан хабардар облыс басшылығы жуық­та Павлодар қаласын дамыту жө­­­­­нін­де үлкен жиын өткізді. Оған бұ­­­рын­­ғы шаһар басшылары арнайы ша­қы­­рылып, ардагерлердің ұсыныс-ті­лектері назарға алынды. Павлодар қа­ла­­сының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, облыс орталығындағы 610 ауланың 83 пайызын, яғни 504 ауланы жаңарту қажет. Әрине, оның барлығын бір жыл ішінде жаңарту мүмкін емес. Сондықтан жергілікті билік биыл әзірге 150 аулада балалардың ойын және спорт алаңдарын орнату, асфальт жабындысын ауыстыру, орындықтар қою, көлік тұрақтарын қарастыру сияқты шаруа­ларды тындырмақ. Бұдан бөлек, 55 воркаут алаңдары мен көше тренажерлары орнатылады деп жоспарлануда. Павлодарлықтар жарық мәселесін жиі көтереді. Бүгінде 164 аула тасқараңғы күйде екен. 10 көшенің бойында жарық желілері мүлдем жоқ. Осы ретте, шаһар басшылығы жыл соңына дейін қосымша 2 250-ден астам тірек бағандары мен шамдар қойылатынына сендіруде. Жалпы, шаһардың инфрақұрылымын жаңғыртуға облыстық бюджеттен 14 млрд теңге, республикалық қазынадан 2 млрд теңге қаражат қарастырылмақ. Аз ақша емес, әрине. Облыс басшылығы ендігі жерде мұндай қомақты қаржыны тиімді пайдалану керек екенін ескертті.

Бүгінде облыс орталығындағы жол­дардың 24 пайызының сапасы сын көтермейді. Жаяу жүргіншілерге арнал­ған жолдар ескі технологиямен ретке кел­тіріледі. Биыл 12 көшедегі 25 ша­қы­рым­нан астам жолды қалпына келтіру үшін 13 млрд теңге жұмсалмақ. Бұған дейін жеке сектордағы 174 көшеде мүлде жол болмаған еді. Өткен жылы оның 20-сына асфальт төселіпті. Биыл тағы 53 көшеде жаңа жол жабындысы пайда болмақ.

Даму жоспары талқыланған жиынға қатысқан қоғамдық кеңес мүшелері де ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Бала­ларды оңалту орталықтарын көбей­ту, қоғамдық дәретханалар ашу, құрылыс сапа­сын жақсартуға қатысты талап-ті­лектер айтылды.

 

ПАВЛОДАР