• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Мамыр, 2022

Мемлекеттік бажды қалай қайтаруға болады

750 рет
көрсетілді

Мемлекеттік кірістер комитеті мем­лекеттік бажды бюджеттен қай жағ­дайда және қалай қайтаруға болатыны туралы түсіндірді. Салық төлеушілер мемлекеттік бажды қате төлесе немесе заңдық мәні бар әрекеттен бас тартса ақшаны қайтара алады.

Мемлекеттiк баж – уәкiлетті мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың заңдық мәнi бар, оның ішінде құжаттарды (олардың көшірмелерін, телнұсқаларын) берумен байланысты әрекеттер жасағаны үшiн алынатын, бюджетке төленетін төлем.

Мемлекеттік бажды қайтару Салық кодексімен және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 27 ақпан­дағы №306 бұйрығымен бекітілген Жеке шоттарын жүргізу қағидаларымен реттеледі.

Артық төленген мемлекеттік баж

Мемлекеттік баждың төленген сомалары – жүзеге асырылуы үшін осындай мемлекеттік бажды төлеу талап етілетін әрекет­терді жасамауы фактісін тиісті уәкі­летті мемлекеттік орган электронды база ар­қылы немесе қағаз түрінде растаған жағ­дайда, артық төленген болып танылады. Салық төлеушінің тиісті құжаттарды бергенге дейін әрекеттер жасаудан бас тартуы әрекеттерді жасамау фактісі ретінде танылады.

Салық органы мемлекеттік баждың ар­тық төленген сомасын қайтаруды са­лық төлеуші ұсынған өтініші және тиіс­ті мемлекеттік органның қайтарудың заң­ды­лығын растайтын құжаты негізінде жүргізеді.

Мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруды оның төленген жері бойынша салықтық өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде салық төлеушінің банктік шотына жүргізеді.

Қате төленген мемлекеттік баж

Мемлекеттік баждың қате төленген сомасы ретінде мыналар танылады:

1) төлем құжатында: салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі дұрыс көрсетілмеген; салық органының сәйкестендіру нөмірі дұрыс көрсетілмеген; төлемнің мәтіндік мақсаты төлем мақсатының кодына немесе кірістердің бюджеттік сыныптамасының кодына сәйкес келмейді;

2) екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым салық төлеушінің төлем құжатын қате орындаған;

3) ақша жіберуші – салық төлеуші тіркеу есебінде тұрмаған салық органына төлем жүргізген;

4) ақша жіберуші – салық төлеуші мемлекеттік баж төлеушісі болып табылмайды.

Мемлекеттік баждың қате төленген сомасы мынадай құжаттар ұсынған жағдайда қайтарылады:

1) салық төлеушінің салықтық өтініші;

2) екінші деңгейдегі банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның өтініші;

3) қате фактісі анықталған жағдайда, салық органы жасаған мемлекеттік баждың қате төленген сомасының туындау себептері туралы хаттама.

Салық төлеушінің салықтық өтініші, екінші деңгейдегі банктің өтініші ұсынылған және мемлекеттік баждың қате төленген сомасы түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қайтарым жүргізіледі.

Осылайша, мемлекеттік баждың артық/қате төленген сомасын қайтару үшін төлем жүргізілген орын бойынша мемлекеттік кіріс­тер органына белгіленген нысандағы са­лықтық өтінішті (ҚР ҚМ-нің 2018 жыл­ғы 12 ақпандағы №160 бұйрығының 15-қо­сымшасы) және қайтаруға негіз болып табылатын құжаттар берілген уәкілетті мем­лекеттік органның растайтын құжатын ұсыну қажет.

Сонымен қатар мемлекеттік баждың артық/қате төленген сомасын қайтару жүр­гізуге салықтық өтінішті электронды түрде Мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеуші кабинеті» web-қосымшасы, egov.kz порталы, «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы растайтын құжатпен қоса жолдауға болады.