Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрмасы Ригадағы екінші оқу-жаттығу жиынын аяқтап, әлем чемпионатына қатысу үшін Финляндия астанасы – Хельсинкиге аттанды. Жерлестеріміз әлем біріншілігіне дайындық жұмыстары аясында Латвияда 8 және 9 мамыр күндері жергілікті хоккейшілерімен екі мәрте жолдастық матч өткізіп, өкінішке қарай, екі ойында да қарсыластарынан ірі есеппен жеңіліп қалды. Маңызды дода алдындағы бұл екі жеңіліс Юрий Михайлис шәкірттерінің әлемдік жарыстағы жарқын жеңістеріне бастайды деген үміттеміз.
Ригадағы алғашқы матчта мұзайдын иелері Андрей Шутовтың қақпасына жауапсыз бес шайба соқты. Алғашқы кезеңде өте белсенді ойнаған латвиялықтар негізгі шайбаларын дәл осы 20 минуттың ішінде салды. Қорғаныстағы ойыншыларымыздың олқылығының салдарынан бар-жоғы төрт минуттың ішінде қарсыластар қақпамызға үш шайба соғып кетті. 11-минутта Николай Елисеев есепті ашса, арада екі минут өткенде Латвия құрамасы сан басымдығына ие болып, таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Шайба авторы – Карлис Кукште. Ал 15-минутта айдын иелері тағы да сан басымдығын тиімді пайдаланып, нәтижесінде Н.Елисеев дубльдің авторы атанды.
Үзілісте Юрий Михайлистің тиісті ақыл-кеңесін тыңдап шыққан қазақстандық хоккейшілер екінші 20 минутта белсенді ойнай бастады. Қорғаушылар бірінші кезеңдегідей қорғаныста аса көп қателік жасаған жоқ. Тек шабуылдағы жігіттер көп ретте гол соғатын мүмкіндікті пайдалана алмай, салы суға кетіп жатты. Дегенмен латвиялықтар бұл кезеңде де қақпадан саңылау тапты. 25-минутта Оскарс Батна мергендік танытты – 4:0. Үшінші кезеңде де жерлестеріміз қарсыластарымен тең дәрежеде өнер көрсетіп жатқан-ды. Ю.Михайлис кездесудің соңғы минуттарында есеп айырмасын қысқарту үшін тәуекелге барып, мұзайдынға қақпашының орнына алтыншы ойыншыны шығарды. Матчтың аяқталуына бір секунд қалғанда Андрис Джериньш бос қалған қақпаға алыстан соққы жасап, командасының бесінші голын соғып кетті. Қорытынды есеп – 5:0.
Кездесуден кейін ұлттық құраманың шабуылшысы Павел Акользин Қазақстан хоккей федерациясының ресми сайтына ойын туралы пікір білдіріп, жеңілістің бірнеше себебі бар екенін, олардың ең бастысы – команда ойыншыларының бір-бірімен ойнап үйреніспегенін атап өтті.
«Бүгінгі ойындағы есеп ештеңеге әсер етпесе де, жеңіліс қашанда ауыр тиеді. Меніңше, біз бір-бірімізбен ұзақ уақыт бірге ойнамағандықтан, түсінісу қиын болып жатыр. Сонымен қатар біздің құрамадағы көп хоккейші үшін маусым ерте аяқталып, қажетті ойын тәжірибесінен шығып қалған. Бірінші кезеңді сәтсіз ойнап, көп тәртіп бұзуға мәжбүр болдық. Ал қарсылас мұндай сәтті ұтымды пайдаланып кетті. Болашақта мұндай қателіктерге жол беруге болмайды. Екінші және үшінші кезеңдерде ойын біршама тең дәрежеде өтті, тіпті кей сәттерде біз басымдыққа ие болдық. Себебі, біз бұған дейін басқа аренада дайындалдық та, матчты басқа мұзайдында өткіздік. Алғашқы кезеңде аяқтарымыз мұзға үйренбей, біраз қиналдық. Ал екінші кезеңнен еркін сырғанай бастадық. Сондай-ақ бүгін латвиялық қақпашының күні болған сияқты. Барлық шабуылымызды қайтарып отырды. Әлем чемпионатында ойынымыз бір жүйеге түсіп, жақсы ойын көрсетеміз деп ойлаймын», деді ол.
10 мамырда өткен екінші жолдастық кездесуде Юрий Михайлис негізгі құрамға өзгеріс жасап көрді. Бірінші минуттан бастап қақпаны көкшетаулық «Арланның» қақпашысы Илья Румянцев қорғады. Сондай-ақ матчқа шығатын хоккейшілер тізіміне Дмитрий Гренц, Саян Данияр және Әділ Бекетаевтар енді. Бірақ бұл кездесуде де жеңіс бұйырмады. Бірінші ойынның сценарийі қайталанған матчта мұзайдын иелері алғашқы кезеңде қақпамызға үш, екінші және үшінші кезеңде тағы да бір-бір шайба соқты. Кездесудің екінші минутында Робертс Букарт сан басымдығы арқылы есепті ашса, кейіннен Артур Кулда (13-минут) мен Ренарс Крастенбергс (17-минут) мергендігімен көзге түсті. Ал екінші кезеңнің 35-минутында Мартиньш Дзиеркалс қақпаны дәл көздесе, үшінші кезеңнің 58-минутында Родриго Аболс командасының бесінші шайбасын соқты. Латвия құрамасының екі ойындағы 10 шайбасына екінші матчта Никита Михайлис бір голмен жауап қайтарды. Екінші матчтың қорытынды есебі – 5:1. Осылайша Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының алдындағы екі жолдастық кездесуде де жеңіліп қалды.
Матчтан кейін Қазақстан хоккей федерациясының баспасөз қызметіне сұхбат берген бас бапкер Юрий Михайлис шабуылшы Павел Акользиннің ойын қолдап, ұлттық құрамадағы хоккейшілерге ойын тәжірибесі жетіспей жатқанын атап өтті.
«Ұлттық құрама хоккейшілері бұрынғыдай бір клубта емес, әрқайсысы әртүрлі командаларда ойнап келген соң, бір-бірімен түсінісуі қиындап, көп хоккейшіде ойын тәжірибесінің аздығы кері әсерін тигізіп жатыр. 3-4 ай мұзайдынға шықпаған хоккейшілерге бірден ойынға кірісіп кету қиын екені белгілі. Қарсыластарымыз екі матчта да жылдам ойнап, біздің жігіттер олардың жылдамдығына ілесе алмай қалды. Сондықтан да қақпамызға көп гол өткізіп алдық. Олар екі ойында да голдың көп бөлігін сан басымдығына ие болған кезде ғана соғып отырды. Демек, бізге алдағы уақытта осы жағына көбірек көңіл бөлу керек. Екінші ойынның екінші және үшінші кезеңінде біздің жігіттер жиі шабуыл жасап, гол соғуға тырысты. Құрамада оң өзгеріс бар екені байқалады», дейді бас бапкер.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 13 мамырда басталатын Финляндиядағы әлем чемпионатының алғашқы ойынын 14 мамыр күні елорда уақытымен сағат 15.20-да Дания хоккейшілерімен өткізеді. Жексенбі күні Дания құрамасы Ұлыбританиямен екі құрамда екі ойын өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті – 2:0, 8:0. Ал топтағы тағы бір қарсыласымыз Германия Аустрияны ұтты – 3:1. Сенбі күні біздің топтағы Словакия мен Франция құрамалары мұзайдында кездесіп, словакиялықтар 2:0 есебімен жеңіске жетті.