Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы мен ілеспе құжаттарды талқылайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов палатаның жалпы отырысында аталған заң жобасының маңызды тұстарын атап өтіп, оны талқылауды барынша ашық өткізуге шақырды.
«Қаржылық интситуттардың мүдделері мен біздің азаматтардың сұраныстары арасында теңгерім табу қажет. Осы мақсатта жүйелі шешімдер қабылдануы керек», деді ол.
Бұған дейін хабарланғандай, Үкіметте «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы әзірленді. Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың банкроттығын көздейтін заң жобалары бойынша жария тыңдаулар өткізді.
«Бүгінгі таңда азаматтардың едәуір бөлігі түрлі себептер бойынша қаржылық жағдайының нашарлауына тап болып отыр. Бұның негізгі факторлары - жұмысынан немесе еңбек қабілеттілігінен айырылу, жалпы экономикалық құлдырау аясында әл-ауқат деңгейінің төмендеуі және коронавирустық инфекция бойынша карантиндік шараларды енгізу. Біздің отандастарымыздың төлем қабілеттілігі қалпына келтірілуі тиіс», деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов.
Оның айтуынша, министрлік «Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және азаматтардың банкроттығы туралы» заң жобасы бойынша жұмысты аяқтады.
Сондай-ақ заң жобасында банкроттықтың қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша міндетті курстарды өткізу көзделген. Әзірленген заң жобасы 21 заңнамалық актіге (8 кодекс пен 13 заң) өзгерістер мен толықтыруларды енгізеді.
Айта кетсек, заң жобасы әлі қабылданған жоқ.
«Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және азаматтардың банкроттығы туралы» заң жобасы және екі ілеспе заң жобасы мемлекеттік органдармен келісіліп, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесіне енгізілді.