Қызылордада үш адамды өлтірді деген күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
7 мамырда Қызылорда қаласында атыс болды. Осы дерекке байланысты жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, алты күдікті ұсталып, қамауға алынды. Төрт күдіктіге қатысты іздеу жарияланған.
«Оқиға болған жерді және күдіктілердің тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында бес қару-жарақ, бірнеше оқ-дәрі, есірткі және жеті автокөлік айғақ ретінде алынып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Барлық қатысушының жеке басы анықталып, жәбірленуші тараптың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Жоғарыда көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар негізінде сегіз қылмыстық іс, яғни адам өлтіру бойынша - 2, бұзақылық бойынша - 2, қарудың заңсыз айналымы бойынша 3 іс және есірткінің заңсыз айналымы бойынша бір іс тіркелді», деді Қызылорда облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді.
Қазіргі уақытта қылмыстық істің мән-жайын жан-жақты, толық және объектив түрде тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылордада атыстан үш адам қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілгені хабарланған болатын. Қайғылы оқиға 7 мамыр күні кешке болған.