Қазақы төбеттің қадір-қасиетін бүгінгілердің қаншалықты білетіні белгісіз. Ал тіршілігі дала төсінде өрілген, тұрмысы табиғатпен біте қайнасқан кешегілер қазақы иттің қадірін біліп, жоғары бағалаған. Өйткені қазақы төбет тұқымының жолға шыққанға сенімді серік, үйінде, өрісте мал-палын түз тағысынан тайсалмай қорғаушы. Сондықтан оны қалай бағаламасын?
Иә, қазақы төбеттің қайсарлығы, әбжілдігі басқа да қасиеттері туралы көп айтуға болады. Дегенмен өзім білетін, бала кезден есте сақталып қалған мына оқиғаны келтіре отырып, қазақы төбеттің өжеттігі мен өрлігін, мықтылығын айтпақпын.
Ойын баласы кезіміз. Маусым айының алғашқы күндері. Шамамен алғанда 1981-1982 жылдардың бірі болу керек. Ол кезде Созақ ауданына қарасты кейбір кеңшарлардың қойшылары жазғы жайлау – Сәкен Сейфуллин айтқандай, «Арқаның Бетпақ деген даласына» жаппай көшірілетін-ді. Жұрт қатарлы біздің үй де көшіп барған. Су мәселесі шешілсе, малға жаздың күні Бетпақтан жайлы мекен жоқ. Кеңес Одағының пәрменімен, Бетпақтың барлық тұстарында құдықтар қазылып, оның суы мотормен шығарылады. Су жинайтын әуіттер, мал су ішетін астаулар қойылған. Әрбір құдықтың өз атауы бар: Аққу өлген, Қарлысай, Кемерқақ, Қызылқақ, Иманқұл құдық, Тынысбек құдық, солай кете береді. Қай құдыққа тақау жайғасқанымыз есімде жоқ, біздің үй де сондай құдықтардың бірін маңайлай орналасқан. Әр құдықтан түсте үш-төрт отар су ішеді. Ешкім құдықтың дәл қасына үй тікпейді, өйткені үш-төрт отар күн сайын бірінен соң бірі келіп су ішетіндіктен сонша малдың тұяғы жердің шаңын аспанға көтереді. Кім шаңға көміліп, аяқасты болғысы келеді дейсің?..
Көкем отарды таң атар-атпас өргізіп кетеді. Біз, балалар жағы оны-мұны тірлікті атқаруға жарап қалғанымызбен, жауапты істерге жұмсала қоймаймыз, әрі түнде ойын қуып кеш жататындықтан бұл шақта шырт ұйқыда боламыз. Шаруа үшін таңғы салқын өте құнды сәт. Себебі таңғы салқынмен мал жақсы жайылады, соның нәтижесінде қоңды болады. Қоңды малмен қыс мезгіліне сенімді барасың. Ал күн арқан бойы көтерілгеннен бастап, отар ыстықтан оңды жайыла қоймайды. Тіпті он екілерге жақындағанда қойлар үйездеп, жайылып қарық болмайды. Содан көкем отарының басы – серкелер мен ешкілерді құдыққа қарай бағыттап жібереді. Отарға керегі де осы, күнде су ішіп жүрген жеріне жөңкіле басады.
Міне, қойшының осындай қалыпты-қарбаласты, қауіпті, алаң көңілді тірлігінде иттің рөлі өте жоғары. Түнде иесін демалтып, ит-құстан отар күзетеді, таңғы алагеуім шақта қожайынына еріп, отарға бас-көз болады. Мал жүрген жер ит-құссыз болмасы белгілі.
Біздің мойны, аяқтары жуан, кеудесі келісе біткен, тарғыл түсті, маңғаз жүрісті, күндіз бас көтеріп үрмейтін, түнде іргеге тығылмай, үйдің маңынан есептегенде 3-4 шақырым жерді айнала торуылдап жүретін, таң атқанда қожайынын жалғыз қалдырғысы келмей, отарды бірге өріске өргізісіп кететін қазақы Сырттан деген төбетіміз болды.
Көкем: «Сырттан үйге құтайғалы көзім ашылып, түнгі ұйқым тыншып қалды. Түз тағылары да үй маңынан аулақ жүретін болды», деп жиі айтатын. Оның түн бастала үйден ұзап, алыста үріп жүретіні, қауіпті деген кез келген бөріден қаймықпайтынын көрсетсе керек. Жарықтық, майда-шүйдені елең қылмайтын. Тәкаппар әрі кірпияз көрінетін. Асын құйғанда итаяғына қарай құйрығын бұлғаңдата елпілдеп жүгірмейтін. Тек итаяқтың басынан адам кеткен соң ғана барып, қоректенетін. Осындай тектілігін білдіретін қасиеттері бізге де әсер етсе керек, оны көп мазалай бермейтінбіз. Оны әлденеге алдап шақыруға, орынсыз айтақтауға, қысқасы, еріккеннен ермек етуге бара қоймайтынбыз.
Дегенмен біз Сырттанның қандай да бір ерлігін, дұрысы өзгемен айқасын көрмеген едік. Соның бір реті келсе ғой деп жүретінбіз. Міне, оның реті де келе қалды. Бұл бұлай болған-ды.
Сол кезде Бетпақта геологтердің экспедициялары өріп жүретін... Бірде, біздің үйдің оң жағын ала, екі-үш шақырым қашықтыққа вагонын сүйретіп келіп геологтер орналасты. Бәрі славян тектес, дұрысы орыстар. Үлкендер жағы айтпақшы, орыспысың деген, олар итсіз жүре ме? Араларындағы біреуінің биіктігі тура тайыншадай, апайтөс, шымқай қап-қара иті бар екен. Иттің де осындай ірісі болады екен-ау дестік. Қарғыбауы қандай керемет, жалт-жұлт етеді. Кісіні қызықтырады. «Жегені алдында, жемегені артында», демекші, әлгі қара ит барынша күтімде екені көрініп тұр. Мынаның қасында біздің Сырттан көзін жаңадан ашқан күшіктей болып қалды.
Содан күндер өтіп жатты. Көкем таңғы жайылымнан қайтар жолда құдыққа қарай отарымен күнде геологтер тұрағының жанынан өтеді. Қасында, әрине, Сырттан бар. Көрші отырғандықтан көкем геологтермен таныс болып қалған. Сөйтіп, жүргенде әлгі тайыншадай қара иттің иесі көкемнің алдынан күнде шығып, екі итті төбелестірейік деп қолқалайды екен. Мұны біз кейін білдік. Бұл ұсынысқа көкем көнсін бе? Жоқ, әрине. Күніне жарап тұрған төбетін мына аюдай қара иттің талауы мен талқысына қалайша тастамақ? Алайда күн сайын алдынан шығып, қылқылдай берген соң көкем «бір мәнісі болар» деп төбелестіруге келісімін береді. Негізі, көкем іштей «кәупиген денесі болмаса аялы алақаннан өзгені көріп өспеген қара итке Сырттан алдыра қоймас», деп топшылап та жүрген екен. Бірақ қара ит туралы қате ойлап, жасық дегенім зор болып шығып, өз итім мертігіп қалар деп сақтанып, төбелестіруге келісімін бере қоймаған көрінеді. Оны кейін өзі айтып берді.
Содан бірде, отарды суғарып болған соң үй маңына үйездетіп тастадық та Сырттанды ертіп геологтерге қарай беттедік. Орыс кісі серіктерімен бірге итін жетектеп алдымыздан шықты. Екі жақ бетпе-бет келдік. Амандасу рәсімі болған жоқ. Бұрын сәлемі түзу болып жүрген екі топ бейне бір майдан даласында бірін-бірі аңдысқан қарсыласқа айналып шыға келгендей. Орыс кісі іші пысып, күші тасып жарап тұрған қара итінің қарғыбауын шешті де еркіне қоя берді. Көкем біссіміләсін айтып Сырттанның сауырынан алақанымен әлсіз ұрып, ортаға шық дегендей ишарат жасады. Екі ит бірден арпалыса кеткен жоқ. Араларына он шақты метр қашықтық тастап бір-біріне қарама-қарсы тұрып қалды. Ақ пен қара арбасқандай, қазақ пен орыс аңдысқандай, жер иесі мен келімсек керіскендей. Әлем тып-тыныш. Тырс еткен дыбыс жоқ. Бәріміз іш тарта қалғанбыз. «Мынаның денесі тым үлкен екен», деп Сырттан қаймыға қоймағандай. Қара ит өзінің алдында күшіктей болып тұрған Сырттанды менсінбейтіндей ме, қалай? Солай сияқты. Бірақ шынын айтқанда, біз онысын анық аңғара алмадық. «Еш себепсіз, ескі кексіз таласып, тегін фильм көрсететін ақымағың біз емес дегендей» екеуі де арыға бармады. Сол сәтте қара иттің иесі жерден кішкене ғана құрт кесекті іліп алды да, оны өз итіне қарай лақтырып жіберді. Өзіне лақтырылған кесекті өзге емес Сырттан тарапынан атылған оқтай көрген тайыншадай қара ит азуын ақсита, жеп жіберердей Сырттанға ұмтылды. Айқас нәтижесі мүлде біз күткендей болмады. Бәрі Сырттан жеңіледі деп сенімді түрде алдын ала болжап қойған-ды. Қайдан? Айқас қысқа әрі нұсқа болды. Қара ит денесі ірі болса да ширақ қимылдап Сырттанды бас салған. Сол сәтте қарсыласын сабырмен тұрған жерінде күтіп алған Сырттан көз ілеспес жылдамдықпен қара иттің алқымына азуын салды да, тастай қатып жібермей, қарсыласын жамбасқа салып алып ұрған балуандай әбжілдікпен аюдай немені жерге бұрқ еткізбесі бар ма? Міне, қызық. Мұндайды кім көрген? Көрермен қауым енді не болар екен деп ойлап үлгергенше Сырттан қайратты азуымен қара иттің алқымынан тағы бір-екі рет мытып-мытып жіберді де, өлтіріп қоймайын дегендей жанашырлықпен аранынан қара итті босатып жіберді. Бір өлімнен қалған қара ит өзімен салыстырғанда күшіктей тұқымдасынан жұрт алдында масқара болып жеңілгеніне қысылғандай, қайта шабуылдамақ былай тұрсын, жаны кеудесінде қалғанын олжа көріп беті ауған жағына қыңсылаған күйі қаша жөнелді. Сырттан болса айқастан кейін жан-жағына маңғаздана қарап алды да, кетуге рұқсат сұрағандай не «адам деген серігін осылай қауіпке айдап сала ма екен» дегендей болып көкеме бір қарады да, іле үйге қарай бүлкілдеп желе жөнелді.
Жеңіс біздің жақта. Үстем болып тұрмыз. Геологтердің жүні жығылып қалған. Дегенмен олар Сырттанның мықтылығын мойындап, төбетімізге мадақ сөздерін айтып жатты.
Кейін естіп-білгеніміздей, айқас алаңынан қашып, жан сауғалап кеткен қара ит содан түн қараңғысында вагонға бір-ақ келіпті. Байғұс ит сол күннен бастап көкемнің не біздің отардың төбесі көрінгеннен қыңсылап, байлаулы тұрған жерінен шынжырын үзіп жіберердей болып тартынып, әлек болады екен. Мұндайда иесі босатып жібереді екен, әйтпесе қарғыбауына буынып өліп қалуы мүмкін ғой.
Мен бірде геологтердің вагоны жанынан өтіп бара жатып байқап қалдым, қара иттің жағдайы алғаш көргенімдей емес, төмендеп кетіпті. Бұл қайдағы бір қазақтың жаман итінен жеңіліп қалған иттің өз иесінің алдында құны тым түсіп кеткенін аңғарса керек.
Ал Сырттан біздің ұзақ жылғы сенімді серігіміз болды. Кейін қартайғанда бірден жоқ болып кетті. Іздеп, сұрастырып едік, білдік, көрдік деген ешкім болмады. Сырттанымыз бір жақтан тілін салақтата келіп тұратындай болып елеңдеп ұзақ жүрдік. Бірақ содан қайтып оралмады. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген рас қой.