• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Референдум 13 Мамыр, 2022

Жаңа Қазақстанды құруға бастайтын жол

15022 рет
көрсетілді

Бұған дейін егемен еліміздің тарихында екі рет референдум жарияланған. Енді, міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 5 маусым күні үшінші рет жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Республиканың саяси жүйесін түбегейлі өзгеріске ұшырататын осынау тағдыршешті кезеңде Аmanat партиясы Ұлттық академиялық кітапханада ұлт ұстыны болған зиялы қауым өкілдерімен бас қосып, Ата Заңымыз – Конституцияға енгізілетін түзетулер мен толықтыруларды талқылады.

Суперпрезиденттік жүйеден қуатты Парламенті бар пре­зи­денттік республикаға көшуді үндейтін референдумды жариялау – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының кезекті бір жарқын көрінісі екені сөзсіз. Референдумның мақсаты – саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіру, конституциялық реформа жасау. Өзгерістер Конс­титуциядағы 98 баптың үштен біріне әсер етеді. Бұл Жаңа Қазақ­стан құру жолындағы ел дамуы­ның жаңа кезеңге аяқ бас­қанын білдіреді.

Алқалы жиын тізгінін Túrkis­tan газе­тінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы ұс­тады. Басқосуда алғаш болып сөз алған Аmаnат партия­сы­ның хатшысы Дәулет Кәрі­бек референдум өткізу бо­йын­­ша партия жанынан құ­рыл­ған штабтың жұмысы мен күн тәртібінде белгіленген ша­­ра­ларға қысқаша тоқталды.

«Референдумға орай партия жанынан қоғамдық штаб құрылып, оны саяси ұйымның жетекшісі Ерлан Қошанов басқарды. Штабтың құрамында 5 мыңға тарта мүше бар, олар алдағы күндері ел мен жерді аралап, халыққа Ата Заңымызға енгізілетін өзгертулердің мәнін түсіндіреді. Кездесулер барысында азаматтардың айтқан ұсыныстары мен талап-тілек­тері талқыланып, шешімін күткен күрделі мәселелер партия басшылығына жеткізіледі. Саяси ұйымның мүшелері осы сапарында тек референдумды насихаттап қоймай, елдің аманатын да арқалап келетін болады», деп сөзін сабақтады Дәулет Кәрібек.

Партия хатшысы Сенат және Мәжіліс депутаттарының қатысуымен өтетін аймақ­тарды аралау шарасы екі кезеңнен тұратынын жеткізді: біріншісі –12 мамыр мен 20 мамыр аралығы, екіншісі – 26 мамыр мен 3 мау­сым аралығы. Олар жер-жерде зиялы қауым өкілдерімен, ақсақалдармен, елдің белсенділерімен, қоғам қайраткерлерімен кездесіп, көпшілікті толғантып жүрген көкейкесті мәселелерді қозғайды.

«Egemen Qazaqstan» газетінің басшысы Дархан Қыдыр­әлі Конс­ти­туцияның жаңаруы іргелі си­патқа ие екенін және ол елдің ­сая­­си­ жүйесін түбегейлі өзгерте­тінін атап өтті. Ол осы шешім қабылдау үрдісіне халық­тың өзі белсеніп қатысуы керек­тігінің маңыз­ды­лығына тоқтал­ды. Сондай-ақ референдум қоғамды жан-жақты демокра­тия­ландыруға және Жаңа Қазақ­станды құруға мүмкіндік беретінін еске салды.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Ата Заңға енгізілетін жа­ңа­шылдықтардың арқасында халық пен биліктің арасы жа­қын­дай түсетінін, өзара диалог орнайтынын жеткізді. Сенатор Конституциялық сот төрелігінің ел игілігі үшін тиімді жақтарына тоқталды. Ал сенатор Айгүл Қапбарованың айтуынша, Үкімет заң шығару барысында халықпен толықтай санасуы тиіс.

«Заңда жер қойнауы, өсім­діктер мен жануарлар әлемі, табиғи ресурстар халыққа тиесі­лі деген сөз бар. Алайда соны­мен қатар мемлекет халық аты­нан иелік жүргізуге құқылы деп жазылған. Бұл да талқылау­ға тұратын мәселе. Мысалы, заң дайындау барысында министр­ліктер халықпен санаспайды, содан түрлі келеңсіздіктер, келіс­пеу­шілік туады, дау шығады. Сондықтан халықтың тағдырына қатысты күрделі мәселелерді шешу барысына халық өзі тіке­лей қатысып, хабардар болу керек. Қарапайым жұртшылық рефе­рендумның ашық өтетініне толықтай сенімді болуы керек», деді Сенат депутаты.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясат­тану факультетінің деканы Қайрат Сақ референдум арқылы біз болашақтың іргетасын қалайтындығымызды жеткізді.

«Әлеуметтік желіде адамдар референ­думның ашық және әділ өтетіндігіне сен­бейді. Тұрмысы жүдеу көпші­ліктің күмә­нін де түсінуге болады. Өйткені шенеуніктер халықтың мұң-зарын естуден қалды. Де­ген­мен де біз кезінде осындай саяси өзгерістер болса екен деп арман­дадық. Қазір Мемлекет бас­шысы жағдайды өз қолына нық алды. Енді тұрмысымызды түзеп, жағдайымызды жақсартып алу үшін ел патриоттары осы мүм­кіндікті қалт жібермей, өз пай­дамызға асыруымыз керек. Бұл – біздің тарихи миссиямыз. Біз болашақ ұрпақтың тағдыры үшін жауаптымыз», деді Қ.Сақ.

Моңғол елінен Қазақстанға көшіп келгеніне әлі ай тола қой­маған ақын Сұра­ған Рахмет­ұлы сырт жерде жүрген қан­дас­та­ры­мыздың жағдайы, тіл, діл, әдебиет, мәде­ниет, рухани жаңғыру мәселесін әңгіме өзегіне айналдырды. Сөзін Ата Заңымызға мемлекеттік тілдің мәртебесін нығырлап ­жазып қою қажеттігін айтып түйіндеді.

Жиынға қатысқан басқа да зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар Конституцияда болатын өзгерістер туралы өз пікірлерін айтып, ел ішіндегі өзге де өзекті мәселелерді талқыға салды.

Мемлекеттік модельді кешен­ді түрде өзгертуге мүмкіндік беретін Конституциялық реформа – Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге негіз бар. Ол биліктің өкі­летті тар­мақтарын (Парламент, мәслихат) айтар­лықтай күшейтеді. Сол арқылы көп­шілік халықтың мемлекетті басқару ісіне ара­ласуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңар­тылған заң аясында барлық саяси күштер мен партияларға дербестік берілуі елдегі саяси ұйымдардың тең дәрежеде бәсекеге түсіп, демократиялық үрдістерді үдете түсетіні сөзсіз.

Алдағы референдум – жекелеген топтар­ды күшейтуді емес, мемлекетімізді жетіл­ді­руді, жаңғыртуды және нығайтуды көз­дей­ді. Сондықтан халық осы мүмкіндікті құр жібермей, 5 маусым күні дауыс беруге қа­тысуы тиіс.