Жаһанды жайлаған пандемия кезінде елімізде науқастарға маңызды көмек көрсетілгенімен, бірқатар түйткілді мәселенің де ұшы қылтиғаны белгілі. Соның көш басында отандық дәрі-дәрмек өндірісі тұр. Дертке дауа, жанға шипа болатын дәрі-дәрмек болмаса, сырқаттан дер кезінде сауығу мүмкін емес. Шынында, аталған саладағы тапшылықты қалай жоюға болады? Бұл үшін қандай жұмыстар атқарылуы қажет?
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін Зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек. Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет», деп баса айтты.
Алайда дәрі-дәрмек саласындағы машақат осы күні елімізде ғана емес, төрткүл дүниеде маңызды мәселеге айналып отыр. Мәселен, жуырда Ресей тұрғындары ең қажетті дәрі-дәрмек түрлері тапшы екенін айтып, шағым жасады. Тұрғындар ғана емес, осы елдің дәрігерлері де өткен наурыз айында 80-ге тарта дәрі-дәрмек түрінің азайғанын мәлімдеді. Ал Қырғызстандағы дәріханаларда коронавирус пен пневмонияға қарсы антивирустық препараттардың, қажетті дәрілердің сарқылғаны жөнінде айтылуда. Халықтың көп бөлігі дерттің асқынған уақытында «Арбидол», «Эргоферон», «Гепарин», «Клексан», «Фраксипарин», «Инфулган», «Парацетамол» сынды дәрілер мен антибиотиктер үшін жаппай кезекте тұрғанын көрдік.
Отанымызға оралайық. Бүгінде елімізде індеттің беті қайтқанымен, пандемияға шалдыққан науқастар әлемнің әр түкпірінен табылады. Яғни сақтық шараларынан толық қол үзуге болмайтынын аңғарамыз. Осы тұста еліміздегі фармацевтика саласының бүгінгі ахуалы қандай деген заңды сауал туындайды? Президент Жолдауынан кейінгі бір жылда дәрі-дәрмек өндірісін жүйелі жолға қоя алдық па? Қолда бар мәліметке сүйенсек, биыл Денсаулық сақтау министрлігі 1,5 мыңнан астам дәрі-дәрмек түрін сатып алды. Соның 919-ы елімізде өндірілсе, қалған 628 атаулы дәрілік зат пен медициналық бұйымдар шетелдік тауар саналады. Осы дерекке қарап-ақ, отандық дәрі-дәрмек өндірісінің бәсі жоғарылағанын байқауға болады.
Фармацевтика саласындағы отандық ірі өндіріс кәсіпорындарының бірі – Kelun-Kazpharm фармацевтика зауыты. Бүгінде Kelun-Kazpharm корпорациясы әлемнің 20-дан аса мемлекетінде танымалдылыққа ие болған өнімдердің экспортын іске асыруда. Кәсіпорын жанкешті жұмысының нәтижесінде отандық фармөнімнің үлесі экспорттың 80%-ын қамтамасыз етіп отыр. Үздіксіз шығып жатқан препараттар отандық медицинаға жаңа қарқын беріп, тиімді бағада сатылу жағы да қолға алынған. Сонымен бірге кәсіпорында инекциялық сұйықтық шығару ісі жолға қойылып, ампулаларға құйылған өнімдер сапасы жаһандық сарапшылардан жоғары бағасын алған.
– Біз жұмысты 2012 жылдан бастаған едік. 2014 жылы нақты өнім шығаруды қолға алдық. Жаңадан бастағанда, әрине қиын болғаны рас. Ал соңғы пандемия кезінде біздің өнімдеріміз арта түсті. Ерте кезде 50-60 млн салакон өндіріп жүрдік, қазір соңғы екі жылда 90 млн-ға дейін ерітінді дайындадық. Бізде екі тармақ бар, бірі – ерітінді өндіретін, одан кейін антибиотиктер өндіретін. Ал ерітіндінің жылдық өнім мөлшері 100 млн-ға дейін жетеді. Шыққан өнімдердің біршамасын СҚ-Фармацияға жібереміз, олар өздері таратады, ал қалғанын Орталық Азия елдеріне экспорттаймыз. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан алады, қалғанын Ресейге жібереміз. Жылына 40 млн-дай ерітінді Ресейге жөнелтіледі. Жалпы, біздің кәсіпорында 400-дей жұмысшы еңбек етеді. Орташа жалақы – 250 мың теңге, – деді аталған кәсіпорынның атқарушы директоры Мерей Сламұлы.
Бұл ретте кәсіпорын басшысынан Жолдау жүктеген міндет дәрі-дәрмек өндірісінің артуына қаншалықты ықпал етіп жатқанын сұрадық.
– Әртүрлі антибиотиктер пандемия кезінде қажетті дәрілер сапында болды. Бұл өнімдер бізде бірнеше есеге дейін артты. Үкімет қандай тапсырыс берсе де, оны өндіріп шығаруға біздің зауыттың мүмкіндігі бар. Сол бір қиын шақтарда «СҚ-Фармацияның» берген барлық тапсырысын дереу дайындап отырдық. Қазір 40 шақты дәрі түрін өндіреміз. Шетелден келген, елге қажетті болып жатқан дәрілерге сараптама жасап, керектілерін өндіріп жатырмыз, – деді Мерей Сламұлы.
Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан елеулі жұмыстар атқарылып отыр. Осы мәселелер жөнінде ведомствоға қарасты Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры Бауыржан Жүсіпов:
– Президент отандық тауар өндірушілердің фармацевтика саласындағы өнімнің жалпы пайызын 50%-ға дейін жеткізуді мақсат етіп қойды. Осы бойынша біраз жұмыс жүргізіліп жатыр. Ең басты мәселе – отандық тауар өндірушілерді дамыту, бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше параметр бойынша істелуде. Бірінші параметр – қазіргі таңдағы тауар өндірушілердің жұмыстарын одан әрі дамыту, шығарылып жатқан дәрі-дәрмек санын бірнеше есеге көбейту. Елімізде Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы бар. Яғни медициналық ұйымдарды кепілдендірген медициналық көмек көлемі жобасындағы және міндетті медициналық сақтандыру шеңберіндегі дәрілік заттармен қамтамасыз етеді. Сол жерде отандық тауар өндірушілермен он жылға дейінгі ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалады. Қазіргі таңда бізде 98 ұзақ мерзімді келісімшарт 37 отандық тауар өндірушімен жасалған. Сол 98 келісімшарт шеңберінде 5 мыңнан астам дәрілік зат пен медициналық бұйымдарды шығаруға отандық тауар өндірушілері ниет білдірген. Екіншіден, big pharma деген ұғым бар. Тарқатып айтсақ, дүние жүзінде фармацевтика саласында 40-50 беделді компания бар. Сол компаниялармен арнайы келісімшарттар жасап, олардың дәрілік заттарын өндіру ісін Қазақстанда шоғырландыру, яғни сондай зауыт салу немесе біздегі зауыттарда сол дәрілік заттарды шығару ісі қолға алынуда. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша беделді компаниялармен бірге жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді.
Дәрі-дәрмек түрінің бірі – шөп дәрілер. 7 мың жылдан астам уақыт тарихы бар шөппен емдеу ісі бүгінгі дамыған кезеңде де маңызын жоғалтқан жоқ. Аурудың алдын алудың ең қауіпсіз және тиімді әдістерінің бірі саналатын шөп дәрілер елімізде біршама уақыттан бері өндіріліп келеді. Соның бірі – «Зерде-фито» кәсіпорны.
«Зерде-Фито» ЖШС – 20 жылдан астам денсаулықты сақтау және жақсарту үшін тұтынушыларды сапалы, экологиялық таза шөп өнімдерімен қамтамасыз етіп келе жатқан және Орталық Азия аймағындағы фитоөнімдерді өндірумен айналысатын ірі кәсіпорын. Бүгінгі таңда компания нарықтың 80%-дан астамын алып жатқан отандық шөптік препараттар өндірушілерінің арасында жетекші орынға ие. «Зерде-фито» кәсіпорнының өнімдері «Алтын сапа» сыйлығының байқауында «Жылдың үздік тауары» саналып, «Оңтүстік Қазақстан облысының үздік кәсіпорны» байқауында ерекше атап өтілген.
– «Зерде-фито» компаниясы да Президенттің тапсырмасы бойынша өз үлесін қосып отыр. Атап айтсақ, компания пандемия кезінде өндірісті бір күн де тоқтатпады. Халықты дәрілік шөптермен қамтамасыз ету мақсатында сол қиын кезеңдерде екі ауысыммен жұмыс атқарды. Соңғы екі жылдың аумағында кәсіпорын ассортиментінде қосымша 18 түрлі жаңа өнімдер пайда болды. Олардың ішінде иммундық жүйені нығайтатын, дәрумендік өнімдер және вирустарға қарсы әсері бар дәрілік шөптерге көбірек көңіл бөлінді. Осы жылдың шілде айына дейін өндіріске GMP жүйесін ендіріп, 41 түрлі дәрілік зат ретінде тіркелген өнімдерді шығаруға тырысып отырмыз, – деді кәсіпорын директоры Серік Шүйіншәлиев.
Фармацевтика – ең табысты һәм маңызды салалардың бірі. Бұл салада жоғары нәтиже көрсетіп, өнімдерді молынан экспорттайтын елдердің ондығына Германия, Швейцария, Бельгия, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Ирландия, Италия, Нидерланд және Испания сынды елдер кіреді. Дәрі-дәрмек сатуда әлемде озық көрсеткішке ие компаниялар тізімін сараласақ, АҚШ-тың 6, Швейцарияның 2, Ұлыбританияның 2 компаниясын тілге тиек етуге болады. Әсіресе АҚШ-тың Johnson & Johnson фармацевтикалық компаниясының нарықтағы капиталы 372 млрд долларды құрап, басқа компаниялардан бәсі жоғары болып отыр. Қазіргі Қазақстандағы отандық фармацевтиканың үлес көрсеткіші басқа елдермен салыстырғанда төмен болғанымен, алдағы уақытта ілкімді істер жалғасын тауып, өзімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны артады деген үміт басым.