• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Референдум 13 Мамыр, 2022

Реформаның рөлі талқыланды

322 рет
көрсетілді

Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында «Конституциялық реформа: мемлекеттік басқаруды трансформациялау» атты Sarap эксперттік клубының отырысы өтті. Жиынды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Отырысқа қатысқан Қазақ­станның үкіметтік емес ұйым­дарының өкілдері референдум өткізу мәселесі бойынша өз көз­қарас­тарын білдірді. Сондай-ақ билік тармақтары арасындағы қаты­настарда конституциялық рефор­маның рөлін, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңей­туді және азаматтардың консти­ту­ция­лық құқықтарын қорғауды кү­шейтуді талқылады. Іс-шара «Қазақ­стандық қоғамдық даму инс­ти­туты» КеАҚ басқарма төр­аға­сының кеңесшісі Самат Нұр­таза­ның модераторлығымен өтті.

Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиева өз сөзінде бүгінгі таңда басты міндет азаматтарды Конституцияға өзгерістер мен түзетулер туралы хабардар ету екеніне назар аударды.

«Бұл қарапайым азаматқа не береді, не өзгереді, осыны түсіну өте маңызды. Конституция Пар­ламенттің қабылдауымен бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Бұл заңды процесс және мұндай тәжірибені осы жолы да қолдануға болатын еді. Бірақ қазіргі Мемлекет басшысы қабылдаған саяси қадамдардың бірізділігі «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатымен көрініс табады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықтың пікірін есту маңызды. Өз азаматтарын тың­дау, олардың пікірін білу билік пен халық арасындағы қарым-қатынаста терең сенімге тең», деді Б.Нұрғазиева.

Референдум өткізу туралы жаңалыққа «Белсенді Азамат» қоғамдық қорының төрағасы Гамал Түзелбаев та түсініктеме берді. Оның пікірінше, елдің әр­бір азаматы референдумға қаты­судың маңыздылығын сезінуге тиіс. Сонымен қатар ол Үкіметтің атқарушы билік институты ретінде қаңтар оқиғаларынан кейін азаматтардың сенімін қалпына келтіруі керек екенін атап өтті.

«Әрине, қазір ұсынылып отыр­ған Конституцияға енгізілетін өз­герістер қоғамды одан әрі демо­кратияландыруға, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерінде мем­лекеттік органдардың жауап­кершілігін арттыруға бағыт­тал­ғаны қуантады. Егер қаңтар оқиғасының ауыр зардаптары болмаса, Үкіметтің отставкаға кетуі мүмкін емес еді. Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстан азаматтары үкіметтің бұрынғы құрамы жол берген әлеуметтік-экономикалық мәселелердің салдарын әлі де бас­тан кешуде. Сатып алу қабілетінің төмендігі, көлеңкелі монополиялар, рейдерлік, алаяқтық, сыбайлас жемқорлық, елдегі тауарларға түсініксіз баға белгілеу, жеке тұр­ғын үй сатып алуға қол жетім­ділік­тің төмен деңгейі, заңна­мадағы ол­қылықтар. Демек Үкі­мет­ке заң күші бар уақытша нор­мативтік құ­қықтық актілерді өз жауап­кер­шілігіне алу құқығын бере оты­рып, азаматтардың құқық­тары­на, бостандықтары мен мін­дет­тері­не қатысты НҚА-ны қоғам­дық тал­қылау нормаларын елемей, қайта бетпе-бет келу қаупі бар екені белгілі болды», деді Г.Түзелбаева.

Халықаралық құқық сала­сындағы сарапшы, СІМ жанын­дағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Лилия Испенбетова дауыс беру­дің практикалық мәселе­леріне тоқталды. Сондай-ақ дауыс беру учаскілерінде нені қарас­тыру керектігіне екпін берді. Ал Eurasian Expert Council Foundation қоғамдық қорының Пр­езиденті Шыңғыс Лепсібаев рефе­рендумның халықтың тіке­лей заң шығаруын білдіретін демо­кратияның маңызды институты екенін алға тартты.

«Бұл – мемлекет және әрбір аза­маттардың маңызды шешім­дер қабылдауда қоғамның қаты­суының бір тәсілі. Тұлғаның қабылдаған шешімі процедураның нәтижесіне әсер етеді, сондықтан да осы мәселе бойынша оның хабардар болғаны маңызды. Рефе­рендумның шарттары мен тәртібі тиісті елдердің Конституциялары мен заңдарымен реттеледі», деді Ш.Лепсібаев.

Отырысқа қатысушылар рефе­рен­думды өткізу идеясын қолдап, Конституцияға енгізі­летін түзетулер жобасы саяси инсти­туттардың құрылымдық қайта құруын қамтитынын атап өтті.