• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Референдум 13 Мамыр, 2022

Саяси өзгерістердің басым бағыттарын түсіндірді

448 рет
көрсетілді

Қазақстанның Азаматтық Альянсының ұйымдастыруымен «Конституциялық реформа: мемлекеттік басқаруды трансформациялау» тақырыбында Ата Заңға енетін өзгерістер туралы сауалдар жан-жақты зерделенді. Өңірлік өкілдіктер бір кісідей қатысқан басқосуда елімізде өтетін референдумға қатысты ой-пікірлер ортаға салынды.

Альянс президенті Бану Нұр­ғазиева бейнекөпір жұмысын ашып, Қазақстанның жүйелі трансформация­сына ықпал ететін және мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының жаңа парадигмасын айқындайтын Президент Жолдауында белгіленген саяси рефор­малардың 10 басым бағытына жан-жақты тоқталды.

«Конституциялық реформаның саяси мәні – суперпрезиденттіктен президенттік басқару нысанына көшу мақсатында Екінші республикаға өту. Бұл Қазақстанның билік институттарын қалыптастыру мен өзара іс-қимылы­ның сапалы жаңа моделіне көшуін, жаңа сая­си мәдениеттің орнығуын білдіреді», деді Б.Нұрғазиева.

Іс-шара барысында республикалық штабтың басшысы Төлеубек Мұқашев, «Қазақстан депутаттары бірлестігі» РҚБ төрағасы Мақсатхан Анапин, Қазақстанның Азаматтық Альянсы­ның 17 өңірдегі көшбасшылары, жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері референдумды өткізудің мәніне толыққанды тоқталды.

«Бұл жердегі басты мәселе – ұсынылған өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу, сондай-ақ қоғамның барлық топтарын талқылауға тиімді тарту. Мұның бәрі Мемлекет басшысы ерекше назар аударатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді», деді Төлеубек Мұқашев саяси науқанның мәнісіне терең үңіліп.

Басқосуға қатысқан сарапшылар конституциялық реформалар уақыт талабына сәйкес келетінін, мемлекетті демо­кратияландыру бағытындағы оң үр­діске толы екенін атап өтті. «Халық реформалардың мәнін түсінуі және өз таңдауында белсенді болуы үшін түсіндіру жұмыстарында жұдырық­тай жұмылуымыз керек», деді «ГрИн» Қостанай облысының Азаматтық Альянсы қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Болат Қалиев.

Бүкілхалықтық референдумның маңызы жан-жақты сараланған жиын­да спикерлер адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тәуелсіз мәртебесі, конституциялық сотты заңдылықты қамтамасыз етудің жоғары тәуелсіз органы ретінде құру, суперпрезиденттік басқару формасынан президенттік республикаға көшу секілді тақырып­тарға да кеңінен тоқталды.