• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
ANTIKOR 13 Мамыр, 2022

Мемлекеттік аудиттің лауазымды тұлғалары ұсталды

234 рет
көрсетілді

Мемлекеттік сатып алу бойынша аудит қызметкерлері де қылмыспен ұсталған. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Мемлекеттік сатып алудағы қылмыстар негізінен құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларында жасалады. Мәселен, Қызылорда облысында мәдениет басқармасының басшысы болған Әбуова Жалаңтөс Баһадүр ескерткішін салуға кедергісіз қаражат аударғаны үшін 1 млн теңге пара алған. Биыл Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары Балықбаев 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жолдар мен су өткізу құбырларын жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу шарттарын жасағаны үшін кәсіпкерден 1,8 млн теңге (10%) қайтарым алған», деді Ұ. Сарқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге өткен жылы агенттік Атырау облысы әкімінің орынбасары Б. Хаменованы әшкерелеген, ол қалада Абайға ескерткіш орнату үшін 4,5 млн теңге пара алды деп күдіктелуде.

«Қаржылық бақылау органдарының да сыбайлас жемқорлығын атап өту керек. Соңғы 2 жылда агенттік ішкі мемлекеттік аудиттің лауазымды тұлғаларына қатысты 27 қылмысты тіркеді. Олар әдетте, мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындыларын қайта қарау үшін пара алып келген. Мысалы, ішкі мемлекеттік аудит мамандарының өздері шағым ұйымдастырған. Содан кейін қайтадан өздерінің пайдакүнемдік мақсатында тексеру жүргізген. Мәселен, өткен жылы бір ғана ЖШС-дан осындай 1600 шағым түсіп, оның 900-і қанағаттандырылған. Ал басқа нақты, шынайы өтініштер еленбеген», деді Ұ. Сарқұлов.