Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, Сенім және діни қауымдастықтар істері жөніндегі министр, Парламенттің Лордтар палатасының мүшесі баронесса Саида Варсиді қабылдады.
Жүздесушілер Орталық Азияның қазіргі кездегі дамуы, президенттік сайлау тұрғысындағы Ауғанстандағы жағдай, Украинадағы ахуал және ирандық ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер туралы пікір алмасты.
Сенат Төрағасы үнқатысуды қалыптастыру және шиеленістерді реттеудегі БҰҰ және ЕҚЫҰ секілді халықаралық институттардың аса маңызды рөлін атап өтті. Ол халықаралық парламенттік қоғамдастықты өте қауіпті қақтығыстар кезеңіне тап болған украин шиеленісін реттеуге ықпал етуге шақырды.
Кездесу барысында Қазақстан мен Ұлыбритания парламентшілерінің сапар алмасуларын белсенділендіру туралы уағдаластыққа қол жетті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.