Алматы облысындағы Балқаш ауданның орталығы – Бақанас ауылында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші бой көтерді. Күрті гранитінен қашалған ескерткіш демеушілер есебінен тұрғызылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тау тұлғаның өр бейнесінің биіктігі - 3,30 метр болса, тұғырының ұзынды - 2 метр, жалпы ескерткіштің тұтастай алғандағы еңсесі – 5,30 метр шамасында. Бұл әйдік мүсіннің авторы Алтай Бейсенов болса, сәулетшісі Бекзат Бейсенова екен. Бақанас ауылына ескерткіштің ашылуына орай жергілікті билік өкілдері, депутаттар, зиялы қауым өкілдері және аудан жұртшылығы жиналды..
- Халқымыздың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына биыл 110 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі берілді. Бүгін, міне, қазақтың аяулы перзентіне үлкен құрмет көрсетіліп, еңселі ескерткіш орнатылды. Ірі тұлғалардың ерен еңбектерін үлгі етіп, ұлыларды ұлықтау – басты парызымыз. Дінмұхамед Қонаевтың бойындағы ұлтжандылық жастарға жұғысты болсын! Қазақтың дара тұлғасының ескерткіші құтты болсын! – деді жиында сөз алған Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев.
Өз кезегінде ел адына шыққан Дінмұхамед Ахметұлының ұрпағы Эльдар Асқарұлы Қонаев бұл күнді тарихи күн деп бағалап, Димаш ақсақал үшін ата-бабасының туған жері Бақанастың, ондағы жұртшылығының жөні мен жолы әрқашан ерекше болғанын атап өтіп, халықтың ниеті мен пейіліне әулеттері атынан ризашылық білдірді. Сондай-ақ, салтанатты іс-шарада сөз алған Парламент Сенатының депутаты Бейбіт Исабаев халық ықыласы мен көңілінен шыққан тұлғаға деген құрметті ешкім де, ешқандай күшпен тоқтата алмайтынын ерекше атап өтті. Ал генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев «Бақанасқа Димаш Ахметұлының ескерткішін қою Балқаш халқының арманы еді, ұзақ күткен арман бүгін орындалды» деді.
Ескерткіштің ашылуы салтанатынан кейін Дінмұхамед Қонаев рухына құран бағышталып, ас берілді.