Орталық референдум комиссиясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе отырып, референдумға дайындық және оны өткізу мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларына арналған оқыту семинарын өткізді.
Офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылған жиынға республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары, ішкі саясат басқармаларының қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум туралы, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы, республикалық референдумды дайындау мен өткізу, азаматтарды хабардар ету, үгіт, қоғамдық пікірге сұрау салу, БАҚ өкілдерін аккредиттеу, республикалық референдумды қаржыландыру, сондай-ақ референдум туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік мәселелері бойынша түсініктемелер берілді.
Семинардың спикерлері ретінде Орталық референдум комиссиясы тарапынан Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман, ОРК мүшелері Сабила Мұстафина, Анастасия Щегорцова сөз сөйледі.
Жиын барысында сонымен қатар Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, халықтық талқыға ұсынылатын жаңа құжатты қабылдаудың маңызы зор.
«Алдағы уақытта Президенттің жақын туыстары үшін саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды атқаруға шектеу қойылады. Сонымен қатар Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия мүшесі болуына тыйым салынатыны бұған дейін де хабарланған болатын. Осы өзгерістердің маңызы зор екені рас», деді Алма Мұқанова.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мауберлинова өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдары кез келген ұйым не компанияның референдумға қатысты материалына арнайы белгі соғылуы тиіс екенін жеткізді.
Бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин референдум кезінде бұқаралық ақпарат құралдарына қандай жауапкершілік жүктелетініне тоқталды. Оның айтуынша, медиа өкілдерінің референдумға қатысты заң бұзбауы өте маңызды.
Семинар соңында Орталық референдум комиссиясының және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.