Сандықтау ауданының тұрғындары 5 маусымда өтетін референдумға байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьевамен кездесті.
Халық қалаулысы аудан активімен жүздесіп, «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы туралы әңгімелеп берді. Сөз арасында түзетулердің бір бөлігі билік өкілеттіктерін қайта бөлуге және ел Парламентінің рөлін күшейтуге бағытталатындығын егжей-тегжейлі баяндады. Мәселен, ел Президентінің ешбір саяси партияның мүшесі болмайтындығы, ал, оның туыстарының саяси мемлекеттік қызметшілер немесе квазимемлекеттік сектор субъектілеріне басшылық жасауға құқығы жоқ екендігі де айтылды. Тағы бір түзетуде Қазақстанның жері мен жер қойнауындағы қазба байлықтың меншік құқығы халыққа тиесілі болмақ. Ал мемлекет меншік құқығын халық атынан жүзеге асыратын болады.
Кездесу барысында Наталья Дементьева Конституцияға енгізілетін өзгерістер өңірлердегі әкімдердің, барлық деңгейдегі халық қалаулыларының жауапкершілігін күшейтуге, азаматтардың құқықтарын қорғау саласын нығайтуға ықпал ететіндігіне тоқталды. Депутат атап өткеніндей, барлық түзетулер саяси жүйені демократияландыруға бағытталмақ. Түзетулер терең мағынаға және үлкен мазмұнға ие. Сондықтан әрбір азамат дауыс беруге қатысып, елдің одан әрі дамуы үшін өз таңдауын жасағандары абзал.
Наталья Дементьева «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ермек Нұғымановпен бірге аудандық аурухана ұжымымен де осы мазмұндағыдай кездесу өткізіп, медицина қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.
Ақмола облысы