• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 16 Мамыр, 2022

Харьков қақтығысы

223 рет
көрсетілді

Украина әскері Харьков маңындағы бірнеше елді мекенді азат етті. The Study of War институтының мәліметіне сүйенсек, Ресей аталған маңнан сарбаздары мен техникасын әкете бастаған.

Харьков мэрі Игорь Терехов ВВС-ге берген сұхбатында Ресей әскерлері Украинаның екінші үлкен қаласы маңайынан кетіп жатқанын айтқан көрінеді. Соңғы екі аптада Украина қа­ру­лы күштері Харьков облы­сын­дағы бірнеше елді мекен­ді азат етті. Тіпті кей бағыт­та Ук­раи­наның мемле­кет­тік шекарасына дейін жеткен-ді. Ресей әскері Харьков қаласына кірген жоқ, бірақ шаһарға жақындап, ауыр артиллерияның бүкіл тү­рі­­нен оқ жаудырды.

Зымыран салдарынан Харь­ков қаласының орталық ала­ңын­дағы облыстық мемле­кет­тік әкімшіліктің ғимараты, Ук­раи­на­ның ішкі істер министр­лі­гі мен қауіпсіздік қызметінің кеңселері, сондай-ақ қалалық әкімдік ғи­ма­­раты қираған. Ша­һардағы Северная Салтовка тұрғын ауда­ны артиллериялық атқылаудан қат­ты зардап шек­ті. Ондағы үй­лер қирап, тұр­ғындардың көп­ші­лі­гі босып кетуге мәжбүр болды.

BBC агенттігіне сұхбат берген Тереховтың айтуынша, Украи­на қарулы күштерінің қарсы шабуылы басталғалы бес күн­нен бері Харьковты атқылау тоқтаған. Осы уақыт ішінде Ресей сарбаздары Харьков әуе­жайы аймағында зымыран ұшыруға әрекет жасаған екен. Бірақ оны Украинаның әуе қорғаныс күштері атып түсірген.

Сондай-ақ қаланы атқылау­дың салдарынан трамвай паркі­нің жартысынан астамы және 35 шақырым электр желісі қираған. Сондықтан қоғамдық көліктер біраз уақытқа дейін толыққанды жұмыс істей алмайды. Метро да тоқ­тап тұр.

Америкалық соғысты зерттеу институты (ISW) 13 мамыр күні кешке жарияланған зерт­теуінде ресейлік әске­ри­лер Харьков тө­ңі­регіндегі позиция­ларын толы­ғымен тас­тауға ше­шім қа­был­дады деп мәлім­деді.

Мұның басты себебі ретінде Украина әскерінің қарсы шабуылы сәтті жүріп жатқа­нын, Донбастағы ресейлік бөлімше­лер­ді күшейту қажеттігі деп есеп­тейді. Дегенмен Ресей әс­кері әлі де Харьков облы­сын­дағы бірнеше маңызды елді ме­кенді бақылауында ұстап отыр. Сол арқылы темір жолмен Донбасс аймағындағы әскерін қам­тамасыз етпек. Сонымен қатар Изюм бағыты да аса ма­ңызға ие.

Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович сенбі күні YouTube-тегі Фейгин-Live арнасына берген сұхбатында украин күш­те­рі Изюм бағытында қарсы шабуылға шыққанын хабарлады. 

Өткен жұмада Украина тарапы Донбасста өзеннен өтпек болған Ресейдің бронды колон­насын қиратқанын мәлім­де­ді. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, Украинаның әуе-шабуыл­даушы әскерлерінің қолбас­шы­лы­ғы таратқан кадр­ларда өртеніп кеткен ондаған броньды көлік пен суға батқан понтон көпірі көрсетілген. Сондай-ақ қирап қал­ған онда­ған танк, броньды кө­лік пен түрлі әскери техника бар.

Әйтсе де, сарапшылар Харь­ков маңындағы соғыс аяқталды деп есептемейді. Ресей тара­пы бұл қалаға тағы да ша­буыл жасауы мүмкін. Сон­дық­­тан Украина тарапы шаһар тұр­­ғындарын босаңсымауға шақырып отыр.