Әлемдегі геоэкономикалық жағдай құбылып тұр. Ел экономикасында да жүйелі проблемалар жетерлік. Мұндай жағдайда Қазақстан экономикалық саясатта неге басымдық беруі керек?
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Төлеуовтің айтуынша, Қазақстан шағын ашық экономика ретінде сыртқы факторлардың ықпалына түсіп отыр.
– Шикізат пен азық-түліктің жаһандық экспорттаушысы болып саналатын Ресейге қатысты ауқымды санкциялар (6 мыңнан астам санкция) жеткізілім тізбегіндегі қиындықтарды одан әрі тереңдетті. Энергетикалық және азық-түлік нарықтарын жаңаша қайта бөлу жүріп жатыр. Олар энергия өткізу процестеріне әсер етеді және азық-түлік қауіпсіздігі тәуекелдерін күшейтеді. Жоғары инфляция және экономикалық құлдырау тәуекелі де соққы болып тиюі мүмкін, – деді Олжас Төлеуов Берлин Еуразиялық клубының отырысында.
Ол Қазақстан экономикасы 30 жыл бойы екі құрылымдық ауысудан өткенін атап өтті. Бірінші құрылымдық ауысу – жоспарланғаннан нарықтық экономикаға көшу (1990 жылдардың басы). Екінші ауысу – мемлекеттің экономикадағы рөлін күшейте отырып, өсудің шикізаттық моделіне көшу (2000 жылдардың басы). Екі құрылымдық өткел Қазақстанға табыс деңгейі орташадан жоғары ел болуға мүмкіндік берді. Бұл елдің бәсекелестік артықшылықтарының дамуымен қатар жүрді. Соған қарамастан, екі ауысу жүйелік күрделі мәселелердің жиналуына алып келді.
– Нарықтарды монополияландыру, шикізат салаларының үстемдігі, өнімділігі төмен еңбек нарығы экономиканы терең әртараптандыру және шығару мен экспортты қиындатуда кедергілерге айналды. Шығару мен экспорттың күрделілігі төмен деңгейде қалып отыр. Бұл ретте негізгі капиталға салынған инвестициялар шикізат секторында шоғырланған. Экспорт құрылымында шикізат секторының үлесі 67 пайызды, өнеркәсіпке инвестициялар құрылымында 76 пайызды құрайды. Экономиканың елеулі бөлігі өнімділігі төмен жұмыс орындарымен ерекшеленген. 2010 жылдан бастап жұмыс орындарының тек 20 пайызын өнімділігі жоғары салалар құрды. Ал өнімділігі төмен секторларда жұмыс орындарының 38 пайызы құрылды және оларда мемлекеттің қатысуы бар салалар басым. Жеке сектор жаңа, тұрақты және өнімді жұмыс орындарын іс жүзінде құрмайды, – дейді ол.
О.Төлеуовтің дерегінше, нарықтарды монополияландыру нәтижесінде ішкі жалпы өнім құрылымында корпоративтік сектордың таза пайдасының үлесі негізінен шикізат салалары есебінен 45 пайыздан 51 пайызға дейін өсті және еңбекақы төлеу үлесі 34 пайыздан 31 пайызға дейін төмендеді. Соңғы 15 жылда еңбек өнімділігінің жинақталған өсуі халық табысының нақты өсуінен 62 пайыздық тармаққа артта қалып отыр. Кірістердің өсуі әлеуметтік трансферттердің ұлғаюымен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік бюджет құрылымындағы өндірістік шығындар үлесінің төмендеуімен шиеленісетін фискалдық теңгерімсіздіктер күшейе түсті. Соңғы 5 жылда бюджеттің шығыс бөлігі оның шығыс бөлігін толық қамтамасыз етуге қабілетті жеткілікті кіріс базасымен бекітілмеген.
– Осылайша, Қазақстан экономикасы екі құрылымдық ауысудан өтіп, белгілі бір табыстарға қол жеткізді және бәсекелестік артықшылықтарды қалыптастырды. Бұл ретте мен тізбелеген сындарлы жүйелік сын-тегеуріндерді жинақтадым. Барлық сын-қатерлерге жауап еліміздің тұрақты және инклюзивті дамуын көздейтін үшінші құрылымдық көшу шеңберіндегі жаңа экономикалық бағыт болуға тиіс, – деді О.Төлеуов.
Үшінші құрылымдық ауысу жүзеге асырылатын алты түйінді бағыт айқындалған – құқық үстемдігі, адал бәсекелестік пен экономикалық бостандықтарды ынталандыру, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы жүйелі әртараптандыру, адами капиталды дамыту және мемлекеттік басқаруды реформалау.
– Құқық үстемдігі түсінікті, ашық және тұрақты заңдарға, баршаның заң алдындағы теңдігіне, сот жүйесінің әділдігі мен тәуелсіздігіне, дауларды сотқа дейін шешу институтын дамытуға, азаматтар мен бизнес құқықтарын қорғаудағы құқық қорғау және күш құрылымдары блогына негізделуге тиіс. Ұлттық идея ретінде адал бәсекелестікті дамыту орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметінің негізгі арқауы болуы керек. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бірыңғай, келісілген және болжамды макроэкономикалық саясатты іске асыру, фискалдық-бюджет саясатының теңгерімділігінің өсуі, қаржы секторын толыққанды инфляциялық таргеттеуге көшуі есебінен қамтамасыз етіледі. Еңбек өнімділігін арттыру, жұмыспен қамтудың сапалы құрылымын қамтамасыз ету және шикізаттық емес тапшылықты қысқарту экономиканы жүйелі әртараптандырудың негізгі мақсаттарына айналуы қажет. Адами капиталды дамыту сапалы білім мен медицинаға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сапалы ұлттық инновациялық экожүйені қамтамасыз етуге, еңбек нарығы экожүйесінің тиімділігін арттыруға, әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғыртуға негізделуге тиіс. Мемлекеттік басқаруды реформалау шеңберінде мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру экономиканың жаңа құрылымын тиімді қалыптастырудың негізгі шарты болуы керек, – деді О.Төлеуов.
Үшінші құрылымдық ауысу шеңберіндегі Қазақстанның экономикалық саясатының тәсілдері алдағы шілде айының соңында құрылымдық және институционалдық реформалар пакетін қалыптастыру кезінде нақтыланады.