Қазақтың қайсар қызының бірі – «Халық қаһарманы» Хиуаз Доспанова. Оралдағы мектепте оқып жүргенде-ақ аэроклубтағы курста тәлім алады. Осылайша, ұшақ штурвалын меңгеруді аңсаған қазақ қызы 1940 жылы Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе ұшқыштарын кәсіби тұрғыда оқытатын жоғары білім ордасына түспек болады. Алайда оқу орнының басшылары мұнда тек ерлерге жол ашық екенін желеу етіп, қазақ қызын кеудесінен кері итереді.
Өжеттігі де, қазаққа тән қайсарлығы да басым Хиуаз Доспанова Мәскеудің медициналық институтына құжатын тапсырып, оқуға түскен. Адам жанының арашашысы болу үшін дәрігерлік кәсіптің қыр-сырына ден қойғанына бір жыл өткенде Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, жер-жаһан аласапыранға айналды. Адамзаттың ертеңі бұлыңғыр тартқан қиын кезеңде ол майданға медбике, не санитар болып баруға сұранады. Міне, осы сәтте қыз-келіншектердің авиаполкі құрылғанын құлағы шалады. Полк басшылығына Оралдағы аэроклубта меңгерген ұшу дағдыларын өжеттікпен көрсетіп, ұшқыштар құрамына қабылданды.
Қайсар қыз ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқасына қатысты. Майдандастары қазақ қызының ерлігіне тәнті болып, «қанатты қыз» атаған Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай Атырау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен халық шығармашылығы орталығы жас ақындардың облыстық мүшәйрасын өткізді. Екі кезеңнен тұратын мүшәйраға 15 жас ақын қатысты.
– Мүшәйраның алғашқы кезеңінде жас ақындар батырдың тұлғалық болмысын, ерлігін насихаттайтын, бұрын жарияланбаған шығармасын ұсынды. Ал екінші кезеңде ел бірлігі мен татулықты арқау еткен өлең жазып берді. Әрине, әр сайыста оза шабатындар да, қалыс қалатындар да бар. Әсіресе, өлең жазу еріккеннің ермегі емес. Ақындық жолды таңдағандар өлеңнің ұйқасына да, мазмұнына да мән беруі керек. Қойылған талапты бұлжытпай орындау – негізгі шарт. Бұл мүшәйраға жас ақындар осы қағиданы орындауға тырысты. Алайда әлі де шығармашылық ізденісті ескеретін ақындар кездесті, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев.
Атыраудың ақын қыздарының бірі Бақытгүл Бабаш жас ақындарға поэзиядағы талғам мен талап туралы бағыт-бағдар берді. Қазылардың шешімімен Диана Ізбасарова мен Нұрлыбек Амандықов, Еркебұлан Зине- денов, Нұрдәулет Жылқышы үшінші орынды иеленді. Екінші жүлдеге Әзілхан Құранбай мен Иманғали Бөгетбай ие болды. Ал Ақтілек Абаева бірінші орынға, Фариза Жетпісбаева бас жүлдеге лайық деп танылды.
Атырау облысы