• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Мамыр, 2022

Жыр арқауы – «Қанатты қыз»

736 рет
көрсетілді

Қазақтың қайсар қызының бірі – «Халық қаһарманы» Хиуаз Доспанова. Оралдағы мектепте оқып жүргенде-ақ аэроклубтағы курста тәлім алады. Осылайша, ұшақ штурвалын меңгеруді аңсаған қазақ қызы 1940 жылы Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе ұшқыштарын кәсіби тұрғыда оқытатын жоғары білім ордасына түспек болады. Алайда оқу орнының басшылары мұнда тек ерлерге жол ашық екенін желеу етіп, қазақ қызын кеудесінен кері итереді.

Өжеттігі де, қазаққа тән қай­сар­лығы да басым Хиуаз Дос­па­нова Мәскеудің медици­на­лық институтына құжатын тап­сы­рып, оқуға түскен. Адам жаны­ның арашашысы болу үшін дәрігерлік кәсіптің қыр-сырына ден қойғанына бір жыл өткенде Екінші дүниежүзілік соғыс бас­талып, жер-жаһан аласапыранға айналды. Адамзаттың ертеңі бұлыңғыр тартқан қиын кезеңде ол майданға  медбике, не санитар болып баруға сұранады. Міне, осы сәтте қыз-келіншектердің авиаполкі құрылғанын құлағы шалады. Полк басшылығына Оралдағы аэроклубта меңгерген ұшу дағдыларын өжеттікпен көрсетіп, ұшқыштар құрамына қабылданды.

Қайсар қыз ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқасына қатысты. Майдандастары қазақ қызының ерлігіне тәнті болып, «қанатты қыз» атаған Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толды. Осы­ған орай Атырау облыстық мә­дениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен халық шығармашылығы орталығы жас ақындардың облыстық мү­шәйрасын өткізді. Екі кезеңнен тұратын мүшәйраға 15 жас ақын қатысты.

– Мүшәйраның алғашқы ке­зеңінде жас ақындар батырдың тұлғалық болмысын, ерлігін насихаттайтын, бұрын жарияланбаған шығармасын ұсынды. Ал екін­ші кезеңде ел бірлігі мен та­тулықты арқау еткен өлең жа­зып берді. Әрине, әр сайыс­та оза шабатындар да, қалыс қалатындар да бар. Әсіресе, өлең жазу еріккеннің ермегі емес. Ақындық жолды таңдағандар өлеңнің ұйқасына да, мазмұнына да мән беруі керек. Қойылған талапты бұлжытпай орындау – негізгі шарт. Бұл мүшәйраға жас ақындар осы қағиданы орын­дауға тырысты. Алайда әлі де шығармашылық ізденісті ес­­керетін ақындар кездесті, – дейді Қазақстанның еңбек сіңір­­ген қайраткері, Қазақстан Жа­зушылар одағы Атырау об­лыстық филиалының директо­ры Қойшығұл Жылқышиев.

Атыраудың ақын қыздарының бірі Бақытгүл Бабаш жас ақын­дарға поэзиядағы талғам мен талап туралы бағыт-бағдар берді. Қазылардың шешімімен Диана Ізбасарова мен Нұрлыбек Амандықов, Еркебұлан Зи­­не- денов, Нұрдәулет Жылқышы үшін­ші орынды иеленді. Екінші жүл­деге Әзілхан Құранбай мен Иман­ғали Бөгетбай ие болды. Ал Ақтілек Абаева бірінші орынға, Фариза Жетпісбаева бас жүлдеге лайық деп танылды.

 

Атырау облысы