Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жаңадан ашылған шығармашылық хабтың жұмысы туралы жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Елордада алғашқы ірі шығармашылық хаб («Мирный дом» тұрғын үй кешенінде орналасқан) ашылды. «ÓzgeEpic» хабына бірегей этно-музей мен қолөнер шеберханасы кіреді. Мұнда қонақтарға заманауи арт-перформанс, музыкалық және әдеби кештер үшін трансформер зал, сондай-ақ заманауи өнер галереясы, театр алаңы және ұлттық ойындардың смарт аймағы ұсынылады. Сондай-ақ хаб аумағында отандық баспалардың өнімдерін сатуға арналған кітап дүкені бар», деп жазды қала әкімі.
Осы тұста Жеңіс Қасымбек Астанада алғаш рет ашылған креативті хабтың мақсатын айқындады.
«Астанадағы креативті хабтың мақсаты – бәсекеге қабілетті заманауи өнерді дамыту және қоғамның мәдени санасын арттыру, сондай-ақ дарынды және интеллектуалды жастарды қолдау әрі тәлімгерлік ету. Хаб шығармашылық нарыққа жүздеген маманды қосуға ықпал етеді», деп түсіндірді елорда әкімі.