• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Мамыр, 2022

Жастарға арналған жарқын жоба

321 рет
көрсетілді

Бүгінде Мемлекет қолдауының нәтижесінде елімізде түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асып келеді. Оның ішінде ипотекалық бағдарламалар да бар. Нәтижесінде, көптеген тұрғын баспаналы болуда. Талай азаматтың күрделі мәселесі оң шешімін тауып, көпшілік қуанышқа кенелуде. Бірақ бұл ретте жастардың баспаналы болуына да түрлі талаптар қойылып келді.

Мәселен, мемлекеттік қызмет­ші­лер мен бюджеттік мекеме қыз­мет­кер­лері алатын пәтерді өзге санаттағы жастардың алуы қиын еді. Жуырда Жамбыл облысын­да өңір жастары үшін бірегей бағдарлама іске қосылды. «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы қолға алынып, жүздеген жастың баспана мәселесін шешу жоспарлануда. Аталған бағдарлама аясында енді аймақтағы жастарға жеңілдетілген баспана несиесі беріле бастайды. Осы орайда, басқа ипо­те­калық бағ­дар­ла­маларда қамтылған санат­тарға жат­пай­тын, бірақ төлем қабі­леті бар жас­тарға басымдық беріліп отыр­­ғанын айта кеткен жөн. Қазіргі таң­да түсін­діру жұмыстары басталып та кетті.

Қазіргі кезде қалада тұрақтап қал­ған жас көп. Бірақ бәрінің бірдей бас­пана алуға шамасы жете бермейді. Жамбылдық жастардың пәтер ауырт­палығын тартып жүргендері де аз емес. Осы орайда, өңірге жастарды мей­лінше қолдайтын, олардың баспана­лы болуына жағдай жасайтын бір мүмкіндік керек-ақ еді. Сол олқылықтың орны енді толып отыр. Облыстық жастар саяса­ты мә­се­лелері басқармасының бас­шы­сы Серікбол Берікқожаның ай­туын­­ша, «Әулиеата жастары» облыста мемлекеттік жас­тар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы. Кешенді жос­парды іске асыруға 5 жылға 1,3 миллиард теңге қарастырылған. Жоба облыс әкімдігі тарапынан да қолдау тапқан. Бірақ бұл мақсатқа тиісті қаражат қарастырылғанмен, аймақтағы кейбір атқамінерлер аталған мәселеде салғырттық таны­тып отыр екен. «Өткен жылы бағдарламаның тиімді іске асырылуын бақылау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілді. Мұндағы 94 тармақтың 80-і орындалса, қалғаны ұзақ мерзімге жоспарланған. Зерделеу нәтижесінде Тараз қаласы мен аудандарда бірнеше кемшілік анықталды. Аталған әкімдіктердегі салалық бөлімдер бұл тапсырманың мерзімінде орындалуына баса назар аудармаған және таныспаған», дейді Серікбол Берікқожа. Сондай-ақ басқарма басшысы Сарысу, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов және Мойынқұм аудандарының әкімдері бағдарламаның аудан көлемінде іске асырылуын бақылауға алу қажет екенін айтты. Бұл ретте аудан жастарының да баспаналы болуына мүмкіндік мол.

«Әулиеата жастары» бағдарлама­сы бүгінгі таңда Мемлекет қолдауы­ның нәтижесінде Жамбыл өңірінде жүзеге асып отырған жаңа жоба. Бағ­дарлама шеңберінде жергілікті жастарға жеңіл­дікпен несие беру қарастырылуда. Бұл жоба биылғы жылдың шілде айында іске аса бастайды деп жоспарлануда. Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларды қолдау мақсатында дайындалған. «Бағдарламаны әзірлеу­де облыстың ерекшеліктерін ескере отырып және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізге алынды. Бұған дейін облыста жас­тар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмаған», дейді Серікбол Берікқожа. Мұнда түрлі жеңілдіктер де қарастырылған. Аталған жоба аясында пәтер алуға ниеттенген әрбір жас 19 жыл мерзімге 13 миллион теңгеге дейін ала алады. Әрбір пәтер алуға ниетті жас бес пайыздық жеңілдікпен баспана алуы­на болады.

Баспана алу жастар үшін басты мәселе. Бүгінде облыс бойынша тұр­ғын үй алуға 7 140 жас, ал жер телі­мін алуға 10 787 жас кезекте тұр екен. Өткен жылы 318 жас қана ипо­те­калық несие рәсімдеген. Ал бүгінгі «Әулиеата жастары» жобасы жамбылдық жастарға қолдау көрсетуде. Керісінше, бұл жобаға кезекте тұрған мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер қатыса ал­майды. Жамбылдық жастарға үміт сыйлап отырған бұл жарқын жо­ба мемлекеттің тағы бір маңызды мүмкіндігі екені анық.

 

Жамбыл облысы