Қызылордада 16 адамды алдап кеткен алаяқтар ұсталды. Олар тұрғындарды мұнай компаниясына жұмысқа орналастыруға уәде берген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алаяқтар тұрғындарды Теңіз мұнай компаниясына жұмысқа орналастырамыз деп уәде берген.
«Байқоңыр полициясына 16 тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны туралы арызданған. Осы жылдың наурыз-сәуір айларында екі азамат әлеуметтік желі арқылы арнайы топ ашқан. Онда ақшалай сыйақы арқылы Атырау облысындағы Теңіз мұнай компаниясына жұмысқа орналастыратынын айтқан. Сол арқылы әр адамнан 150-200 мың теңге аралығында банктегі есепшотына ақша аудартқан. Жәбірленушілерге келген шығын үш млн теңгеге жуықтаған», делінген Қызылорда облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында екі күдікті әйел ұсталды. Олардың екеуі де Қызылорда облысында дүниеге келген.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.