Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс алаңдарының бірінде мұнара кранының тросы үзіліп, бір жұмысшы оқиға орнында қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«15 мамырда сағат 03:34 шамасында «Тұран 1» МЖК құрылыс нысанының аумағында (құрылыс салушы «EMPAIRE» ЖШС) жүк көтергіш механизмді пайдалану кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында (мұнара краны, «Кrans Service Group» ЖК кран жеткізушісі) апат орын алды», делінген ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті таратқан хабарламада.
Алдын ала мәліметтер бойынша, мұнара кранының тросы үзіліп, металл ілгек құлап кеткен. Салдарынан бір жұмысшы оқиға орнында көз жұмды.
Ведомствода мәлімдегендей, жазатайым оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрылады.
ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің қызметкері апаттың себептері мен мән-жайларын анықтау мақсатында осы комиссияның жұмысына жетекшілік етеді.