• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Өнер 16 Мамыр, 2022

Сәулелі сапар суреттері

563 рет
көрсетілді

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде суретші Ботагөз Нұрпейісованың «Сұлулықтың бастауы» атты жеке көрмесі ашылды. Экспозицияда автордың 80-нен астам көркем және графикалық жұмыстары ұсынылған.

Ботагөздің балалық шағы Павлодар облысы, Набережный ауылында өткен. Ертіс өзенінің жағасындағы әспеті бөлек әсем табиғат суретші кенебіндегі көр­кем образға айналған. Сюжеттер еңбекқор ауыл тұрғындарының өмір тынысы туралы баяндайды. Әсіресе әке мен ана портреттері махаббат пен мейірімге толы. Ауыл табиғатын жырлаған туын­дылардан жарқын болашаққа ұмтылған бақытты балалық шақ туралы ностальгиялық ноталар естіледі.

Ботагөз қылқа­ламындағы тағы бір ерекшелік – түрлі халықтардың мәдениетінен адамзатқа ортақ құндылық іздеу. Өмір арнасы, тұрмыс-тіршілігі, тіпті наным-сенімі бір-бірімен мүлде қабыспайтын ұлттардың өнерінен ұқсастық таба отырып, оларды рухани тұтастыққа шақыру суретшінің қайраткерлік қыры деп атауға болады. Үнді тақырыбына арналған жұмыстар сериясы автордың терең фи­ло­- софиялық дүниетанымынан ха­бар береді.

Бұл туралы көрме жетекшісі, өнертанушы Наталия Баженова: «Үндістан Ботагөздің жүрегіне бала кезден жақын. Әйгілі «Ого­нек» журналының бетте­рінен көрнекті суретші, философ және саяхатшы Николай Рерихтің суретін көрген кезде оның бала арманы бүр жарған. Содан кейін суретші болу арманы орындалды әрі ондаған жыл өткен соң осы көрмеде ұсынылған таулардың керім-келбеті, ұлы шебердің портреті пайда болды», деп атап өтті.

– Үндістанның қасиетті жер­леріне саяхат 2011 жылы басталып, алып Гималай бөктерінде өткен шығармашылық күндер жемісті болды. Куллу алқабында, Наггарда (Химачал Прадеш штаты) өмірден алынған этюдтер жазылды. Дәл осы жерде атақты Орталық Азия экспедициясынан кейін Н.К.Рерих және оның отбасы «Урусвати» – Гималай зерттеулер институты құрылды. 2019 жылы Үндістанның солтүстік-шығысындағы штаты Сиккимге сапар шектік. 2020 жылы осы бір сәулелі сапардан алған әсер­дің арқасында көптеген жаңа гра­фикалық және көркем туындылар жасап шықтым, – дейді Ботагөз Нұрпейісова.

Экспозицияда ұсынылған туын­дылардың бір парасы Қа­зақ­стандағы «Бхаратанатьям» алғашқы және жалғыз Үнді клас­­сикалық биінің кәсіби оры­н­­­­­­­- дау­шысы Қазақстанның Еңбек сіңір­ген өнер қай­раткері – Ақма­рал Қайна­зарованың шығарма­шы­­­лығына арналғанын байқа­дық. Ақмарал Қайназарова мен Бота­гөз Нұр­пейісова өз шығар­машы­лы­ғында қазақ және үнді мәде­ниет­терінің дәстүрлерін үйлес­тіріп, жалпыадамзаттық құнды­лық­тарды біріктіруге күш салған.

Ботагөз кескіндемелері жар­қын, қанық түстермен, жан­ды, темпераментті жазу­мен, жеңіл фактуралық пысық­тау­мен, айқын қарама-қайшы­лық­тармен, тұтастық пен мону­менталдылықпен сипатталады. Көрме Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық және мәдени қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын мерекелеуге арналыпты.

 

АЛМАТЫ