• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 16 Мамыр, 2022

Тарихы терең білім ордасы

830 рет
көрсетілді

Мектеп – парасат пен кемелдікке бастайтын қақпа. Мектеп – ертең мен бүгінді жалғайтын білім ошағы, сәулелі болашаққа апарар кеме. Елімізде қазіргі таңда есепсіз білім ордалары салынып, ұрпаққа жаңаша бағытта білім таратуға атсалысу үстінде. Ақмола аймағы ерте кезден-ақ ағартушылық бағытқа шындап ден қойған өңір. Оған куә – Жамбыл атындағы №4 мектеп гимназиясы.

Мектептің іргетасы қалай қаланды?

Тарихы ертеден тамыр тартқан мектептің алғашқы іргетасы 1907 жылы қаланады. Ауыл арасындағы қазақ пен татар тұрғындарының қаржысына соғылған білім ордасы қарапайым халықтың қолымен тұрғызылған. Алғашында мектеп медресенің қызметін атқарып, түске дейін ересек балалар оқыса, түстен кейін кіші шәкірттер алмасып білім алады. Абылханов және Бақиев есімді молдалар балаларға сабақ беріп, мұсылманша хат танытады. 1909 жылы мектеп жаңаша бетбұрыс кезеңін бастан кешеді. Қаланың зиялы азаматтарының ша­қыртуымен Қазан қаласындағы «Мұхамедия» медресесінің түлегі, Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны тәмамдаған кәсі­би мұғалім, жан-жақты ізденімпаз, білгір азамат Ғалымжан Құрма­шев оқу ордасына қызметке келеді. Ғалымжан Шәкіржанұлы мектепті «жәдид» үлгісімен жаңаша оқытуға барынша күш салып, діни білімді ғана оқытатын ошақта тарих, ана тілі, жаратылыстану мен арифметика пәндерін оқытуды бастайды. Мұнымен қоса тәртіп бұзған шәкірттерді шыбықпен ұруға ты­йым салып, алғаш рет 45 минут оқы­ту мен үзіліс беру тәртібін жолға қояды. Жалғыз ұл балаларды ғана емес, 1911 жылы қыздарды да оқуға шақыру ісі қарқынды жүзеге асырыла бастайды. Дүмше молдалар мен ғылымсыз имамдардың «мектепке барған қыздардың болашақта некесін қиюға болмайды» деген жал­ған уағыздарына төтеп берген зиялы азаматтар осылайша ал­ғыр, парасатты ұл-қыз тәрбиелеу жұмы­сына табанды түрде атсалысты.

Сәкен Сейфуллиннің ізі қалған

1912 жылы Ғалымжан Құрма­шев ата-аналар жиналысын өткізіп, балаларға орыс тілін оқыту жөнінде пікірін ортаға салады. Ата-аналар ұстаздың ұсынысын жарыса қол­дасады. Алайда қалалық дума депутаттары орыс тілін оқыту мен ар­найы мұғалімдер даярлауға қар­жы бөлу ісіне қарсылық танытады. Тығырыққа тірелген маңыз­ды мәселеге көмек қолын созған біре­гей тұлға Сәкен Сейфуллин еді. 9 жа­сында-ақ Нілді кенішіндегі орыс бастауыш мектебіне оқуға қа­­был­данып, одан соң екі жыл­дық приход мектебін бітірген тілге жүй­рік, кеудесі қазына қаламгер оқу ор­ны­ның жағдайымен етене та­ныса келе, ешқандай ақы сұра­май-ақ шәкірттерге орыс тілін үйре­­ту жұмысына кіріседі. Бұл жө­нін­де сәкентанушы, белгілі ға­лым Тұрсынбек Кәкішев: «1912 жыл­дың қысы мен көктем айларында Сәкен Сейфуллин мұсылман мед­­ресесінде шәкірттерге орыс тілі­­нен сабақ берді», деп зерттеу еңбе­­гінде келтірген. 1917 жылы 27 жел­­тоқсанда Ақмолада Кеңес өкі­меті орнап, ақын Совдеп президиу­мының мүшесі және Оқу-ағарту халық комиссары лауазымына таға­йындалады. Айтулы қызметте жүріп бүкіл қазақ халқының сауат ашуына едәуір үлес қосқан қайраткер қаламгер Ақмола облысын ағарту саласына өз қолтаңбасын өшпестей етіп қалдырғаны айқын.

Мектептің қазіргі ахуалы

Мектеп директоры Мағзұмова Бақытгүл Амангелдіқызы білім ордасының та­ри­­хына көз жібере келе: «Мек­тебі­міз тарихи қатпарларын көріп отыр­ғандарыңыздай қилы кезеңдер­ден өткен. Тіпті оқушы саны жетіс­пей жабылып қалуға таяу кездер де бол­ған. Мұғалімдер үй-үйді ара­лап, түсіндіру жұмыстарын жүр­гізіп, мектептің қайта жұмысын жалғастыруына септігін тигізген. Биыл біздің оқу ордамыздың құ­рыл­ғанына – 115 жыл. Мектеп­тің 110 жылдығын үлкен деңгейде атап өтіліп, іс-шараға танымал тү­­лек­­теріміз келіп қатысты. Жур­на­лист Дөкеш Байымбетов, Оспан Сүлейменов, Светқали Жақиянов және Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлы университеттің ректоры болған Айтбай Булашев, спорттан әлем чемпионы Данияр Төлегенов, әнші Қанат Үмбетов сынды беделді түлектеріміз бар. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шара өткізіп, арнайы мектептің танымал 30 түлегін шетелден, басқа қала­лардан шақырып бүгінгі оқу­шылармен ғибратты кездесу өткіз­генбіз. Жылына шамамен 2-3 оқушы Назарбаев университетіне түседі, былтыр 112 оқушыдан 65-і грантқа түсті. Міне, осындай жетістіктеріміз бар» деп сөзін жалғады.

Сонымен қатар директор мек­тептің ішкі құрылымымен бірге әлеу­меттік мәселелерін де тілге тиек етті. «Мектепте 158 ұстаз, 2 100 оқушы, 35 қызметкер бар. Қоғамдық гуманитарлық салаларға, қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, тарих пәндерін тереңдеп оқытуға көңіл бөлеміз. Қазір соңғы төрт-бес жылда қазақ тілі мәселесі туындап отыр. Тәуелсіздік таңында туған балалардың тілі орысша шы­ғып, мектепке қазақ тілін білмей келетін оқушылар бар. 25 оқушының 4-5-і қарапайым қазақ тілінің қолданыстағы сөздерін білмей жатады. Он жылдай уақыт бұрын мұндай мәселе болмаған. Бұл жерде басты кінәлі – интернет жүйесі, әлеуметтік желілер деп ойлаймын. Сондықтан мұғалімдеріміз олармен арнайы жұмыс жүргізіп, 1-2 жыл көлемінде тілін сындырып отыр. Тағы бір мәселе, мектептің сыртында балалар ойнайтын спорт алаңы осы уақытқа дейін болмаған. Мектебіміз ескі екенін өзіңіз де көріп отырған шығарсыз. Осы мәсе­лелер шешімін тапса деймін», деді.

Бақытгүл ханым сонымен бірге бүгінгі оқушылардың намысшыл, еркін ойлы, мемлекетшіл екендігіне тоқталды. Рухында бұғау жоқ мұн­дай ұрпақ ел болашағына өз үлесін қосары даусыз.

Сөз соңы

Директор бөлмесінен шыққан соң мектеп мұражайына қарай қа­­дам бастық. Мұражайда Жам­был Жабаевқа арналған бағалы мә­ліметтермен қоса білім оша­ғы­ның терең тарихы суреттер мен жәді­герлер арқылы көрініс тап­қан. Мек­­тепке келген қадірлі қонақ­тар, алғашқы директорлар, озат мұ­ға­лімдер, айтулы оқушы­лар мұ­ра­жай бұрыштарында көрер­мендер үшін тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Тарихы кемел, руха­нияты биік білім ордасының алар асуы алда. Ақмола облысында ал­ғашқы оқу орны болып іргетасы қаланып, талай ұрпақтың көкірек көзін ашқан білім ордасының атауы тарих сахнасында алтын әріппен жазылары сөзсіз.