Мәжіліс депутаттары Ирина Унжакова, Зарина Қамасова және Игорь Панченко Өскемендегі Ана мен бала орталығында медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиында алдағы конституциялық реформалардың мән-мағынасы түсіндірілді.
Депутат Ирина Унжакованың сөзінше, алдағы референдумда ел тұрғындары республиканың Негізгі Заңын қабылдайтын болады. Бұл – аса маңызды міндет. Ата Заңдағы 98 баптың 33-іне, яғни үштен біріне өзгерістер енгізілмек. Мұндай ауқымды реформа референдум өткізуді, атап айтқанда, азаматтардың пікірін білуді талап етеді.
Референдум бюллетенінде «Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерді қолдайсыз ба?», деген сауал болады. Азаматқа «иә» немесе «жоқ» деген екі таңдау ұсынылады.
«Конституцияға енетін өзгерістердің бәрі маңызды және әрбір азаматтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Айталық, жоба бойынша жер халыққа тиесілі болады. Осы ретте «Жерасты байлықтарынан түскен қаржы енді азаматтарға тең бөлініп беріле ме?», деген сауалды көп қояды тұрғындар. Атап өтерлігі, мұндай тәжірибе әлемнің бір ғана елінде бар, ол – Біріккен Араб Әмірліктері. Онда мұнайдан түскен қаражат тек ұлты араб тұрғындардың есепшотына түсіп отырады. Ал біздің елде Ұлттық әл-ауқат қоры бар. Қара алтыннан түскен ақшаның бір бөлігі сонда жинақталады. Мемлекет ол қаржыны 2006-2008 жылдардағы дағдарыс кезінде пайдаланды. Пандемия кезінде тағы да Ұлттық қорға қол салдық. Жуырда тағы 4 млрд теңге алынды, ол қаражат экономиканы қолдауға, атап айтсақ кәсіпкерлікті сусбсидиялауға, шағын несиелендіруге қарастырылып отыр. Яғни мұнайдың ақшасы ел игілігіне жұмсалуда», деп түсіндірді депутат.
Реформа аясында елімізде Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот құрылады. Бұрын ол органға тек Президенттің өзі және Парламенттегі депутаттардың үштен екі бөлігі бірлесе отырып қана жүгіне алатын. Ал келешекте құрылуы тиіс Конституциялық сотқа еліміздің кез келген азаматы жүгіне алады. Сондай-ақ адам құқығы жөніндегі уәкіл институты күшейеді. Сайлау жүйесін де үлкен өзгерістер күтіп тұр.
«Мажоритарлық жүйенің енгізілуі ел арасында танымал, бірақ еш партияның қатарында жоқ азаматтарға депутат атануға, жұрттың мәселесін шешуге мүмкіндік туғызбақ. Пропорционалды жүйенің сақталуы да маңызды. Парламент депутаттарының 70 пайызы, облыстық мәслихаттардағы депутаттардың 50 пайызы партиялық тізім бойынша сайлана береді. Бұл маңызды мәселелерді тиімді шешу үшін қажет», деп ойымен бөлісті Ирина Унжакова.
Облыс әкімдерін тағайындау ісіне де өзгеріс енбек. Енді Президент облыстық мәслихатқа кем дегенде екі кандидатты ұсынады. Мәслихат депутаттары солардың ішінен лайықтысын тағайындауы тиіс.
Кездесуге қатысып отырған медициналық қызметкерлер депутаттардың айтқандарымен келісіп, реформалардың расында да қажет екеніне көз жеткізгендерін атап көрсетті. «Қаңтар қасіретінен» кейінгі орнаған қазіргі тыныштықты мызғымас деп ойлау – қателік. Қауіп әлі де толық сейілген жоқ. Еліміздегі олигополия әлі де мықты. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құрудағы үлкен реформалар осы референдумнан, яғни Негізгі Заңды өзгертуден басталмақ. Президенттің ұсынысын қолдайсыздар деп сенемін», деді И.Унжакова.
Ал З.Қамасова мажоритарлық жүйенің қайтарылуына үлкен үміт артып отырғанын жеткізді. Атап өтерлігі, сайлаушылар өздері қалаған депутатқа көңілдері толмаған жағдайда оны қайтарып алу құқығына ие. Сонымен қатар партиялар да өз міндеттерін дұрыс орындамаған депутаттарын қайтара алады.
«Сіздердің референдумға өз еріктеріңізбен баруларыңыз маңызды. Әдеттегідей, мекеме басшысының нұсқауымен, мәжбүрлі түрде дауыс беру дегенді ұмыту керек. Әлеуметтік желіде «Референдумның қажеті қанша? Қазына қаржысын шығындаудан не пайда?», деген секілді пікірлерді оқып жүрміз. Бұған айтарым, тіпті ұсынылып отырған реформалар ұнамаса да, дауыс беру учаскесіне барып, бюллетеньге «жоқ» деп белгілеңіз. Референдумның әділ өтуі – маңызды», деді жиналғандар алдында сөйлеген Зарина Айдарханқызы.
Депутат Игорь Панченко Ата Заңға енгелі отырған өзгерістердің ешқайсысы азаматтың бірде-бір құқығын шектемейтінін, керісінше құқықтарды кеңейтетінін атап өтті. «Мәжіліс депутаттары бір аптадан асты облыстың аудан-қалаларын аралап, жер-жерде тұрғындармен кездесіп жүр. Әр бапқа жеке-жеке тоқталып, өзгерістердің әр адамға нақты қандай пайдасы бар екенін ұғындырып келеді. Реформаның қажеттілік екенін түсініп, алдағы саяси науқанға бір кісідей қатысуымыз керек», деді Арайлым Есімбекова.
Кездесу соңында дәрігерлер депутаттарға өздерінің мәселелерін де жеткізді. Олар мемлекет тарапынан полицейлер мен дәрігерлердің құқығын қорғайтын арнайы заңдардың бар екенін айтып, дәрігерлерге де өз дәрежелерін нақтылайтын құжаттың қажеттігін атап көрсетті. «Науқастар тарапынан, өзге азаматтар тарапынан түрлі балағат, қорқыту сөздерін естиміз, соққыға да жығылатын кездеріміз болады», деген олар осы мәселеге жіті көңіл бөлуін сұрады. Ал депутаттар бұл мәселені құзыретті органдарға жеткізетіндерін айтты.
Шығыс Қазақстан облысы