• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Мамыр, 2022

Тозған жылу электр орталықтарын жаңғыртсақ игі

467 рет
көрсетілді

Бүгінде еліміздің энергетика саласы күрделі қиындықтарды бастан өткеріп жатқаны белгілі. Бұл саланың пайдалы әсер коэффициенті (ПӘК) төмен қалпында жұмыс істейді. Сондықтан жылу энергиясы желілерде берілетін энергияның үштен бірін жоғалтады. Бұл проблемалар Қазақстанның барлық стансасына тән. Елдегі өндіруші қуаттың тозу деңгейі 75 пайызға жетсе, электр беру желілері 80 пайызға дейін ескірген. Ал жылумен жабдықтау секторы тіпті тиімсіз. Бұл сектордың дамуы қалдық қағидаты бойынша жүреді.

Қазақстанда бүгінде 37 жылу электр орталығы (ЖЭО) жұмыс істейді. Оның 22-сі – жекеменшікте (59 пайыз), 15-і – мемлекеттік меншікте (41 пайыз). 28 ЖЭО елу жылдан астам (76 пайыз) уақыт пайдаланылып келеді, қалған 9 ЖЭО-ның қызмет ету мерзімі 30 жыл­дан асады (24 пайыз). Қазір орташа есеп­пен алғанда ЖЭО негізгі жаб­дық­та­рының 60 пайызы тозған. Бұл ретте Орал, Тараз, Кентау, Қызылорда және Степногорск қалаларының ЖЭО энергия жабдықтарының тозуы 80 па­йыздан асып отыр.

Осы және өзге де проблемаларды отандық энергетиктер бірнеше рет кө­тер­ді. Қозғалып отырған мәселе Қазақ­станның барлық стансасына тән. Соңғы уақытта блогерлер мен «сарапшылар» саланың қазіргі жағдайының басты себебі жекеменшікке өту салдарынан деп көрсетуде. Бұл шынымен солай ма?

Қазақстанда шекті тарифтер бағдар­ла­масының қолданылу кезеңі ішінде – 2009 жылдан бастап 2016 жылға дейін инвестиция көлемі 5 есе ар­тып, шамамен 700 млрд теңгені құ­рады. Аталған қаражат есебінен елі­міз­дің энергетиктері қолданыстағы 5 мың МВт-ты жаңғыртып, 1 700 МВт-ты қосымша электр қуаттарын іске қосты. «Шекті тарифтер» бағдарламасы аяқталғаннан кейін энергетиктердің тарифтері 2021 жылға дейін тоқтатылып, 12 пайыз рентабельділік алынып тасталды. Көрсетілген шаралар 2016 жылдан бастап осы күнге дейін энергетиктердің инвестициялық бағдарламасы көбінесе қуатты жаңартуға қарағанда қызметті қолдауға бағытталған болатын.

Энергетика объектілерінің әдетте, табиғи монополия субъектілері екені мәлім және оның кірісі монополияға қарсы ведомство бекітетін тарифтік смета бойынша қатаң айқындалады. Жасыратыны жоқ, бұл сметалардың көпшілігі тиімсіз. Сондықтан күрделі модернизация, әсіресе жаңа нысандар салу туралы сөз жоқ. Кейбір жағдайда жауапты бөлім жаңғырту, қайта құру және кеңейту үшін қаражат көзі болып саналатын пайданы жасанды түрде қалпына келтіреді. Жаңа тетік – қуат нарығы көтерме сауда нарығының бар­лық қатысушысына, оның ішінде тұты­нушыларға құрылысқа немесе жұ­мыс істеп тұрған объектілерді ұстап тұ­руға арналған шығындардың бір бө­ліГін жұмсай отырып, стансалардың мен­шік иелеріне жүктемені азайтуға тиіс болды.

Не ұсынылады? Бүгінгі таңда саланың аяққа тұруына мүмкіндік беретін басты құрал – тарифтік саясатты жақсарту. Өкінішке қарай, бүгінде тарифтерді ұстап тұру саясаты электр желісінде де, жылу-механикалық жабдықта да тозу­дың пайда болуына әкелді. Бұл көрсеткіш кейбір нысанда 100 пайызға дейін жетеді. Оның жарқын мысалы – коммуналдық меншіктегі Кентау ЖЭО-5. Жақында оған Энергетика ми­нистрлігінің қызметкерлері келіп, «Жылу энергиясын өндіру мен беру шы­ғыс­тарын өтемейтін шығынды тариф­тің салдарынан жергілікті атқару­шы орган жыл сайын бюджеттен жылыту маусымына дайындық үшін қаржы бөледі» деген қорытынды жасады. Бұл Қазақстанның электр энергетикасында экономикалық негізсіз төмен тарифтердің бар екенін тағы да растайды. Олар сектордың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етпейді, субъектілердің шығындарын өтемейді және қажетті көлемде жөндеу бағдар­ламаларын жүргізу мүмкіндігін шек­тей­ді. Коммуналдық ЖЭО-ны жасанды қолдау тарифтің жеткіліксіздігін растайды.

ЖЭО-ны қайта құру мен жаңғыртуға арнал­ған тариф қаражатының жетіс­пе­уінің айқын мысалы ретінде Орал ЖЭО-сын айтар едік. Оны енді респуб­ли­калық бюджет қана «құтқа­ра­тын» болады. Тағы бір мысал, Ақтау қала­сы­ның жылу желілерін ауыстыруға республикалық бюджеттен 194 млрд теңге бөлінді. Өйткені өндірістің тозуы бүгінде 82 пайызды құрап отыр.

Жөндеу бағдарламаларын іске асы­руға арналған тариф қаражатының же­тіс­­­пеу­і ЖЭО-ның жекеменшік иеле­рі­нің де проблемасы екенін атап өткен жөн. Наурыз айында Петропавл ЖЭО-2-де не болғаны есімізде, онда да та­риф­тік смета қаражатының жетіс­пеуі­­­нен энергетиктер сапалы жаңғырту жүр­гізе алмады. Осылайша, «Самұрық-Энерго» АҚ периметрінде стратегиялық энер­гетиканы біріктіру қажет болуы мүм­кін. Біздің ойымызша, ол өзінің бас ком­паниясымен бірге жаңғырту және жаңарту үшін жеткілікті қаражатқа ие. Мәселен, «Самұрық Энерго» АҚ Ал­ма­тыдағы ЖЭО-2 жаңғыртуды қар­жы­ландыруға шамамен 300 млрд теңге жұмсау мүмкіндігіне ие.

Жылдан-жылға ақшаның ұзақ мер­зім­де жетіспеуі, кез келген қазақ­стан­дық ЖЭО өңірдің жылумен жабдықтау өзегі екеніне қарамастан, жылу өндіретін жабдықтың елеулі техникалық тозуына алып келеді. Сала үшін тағы бір күрделі мә­селе – парктік ресурстың таусылуы сал­дарынан жылу қуаттарының істен шығуы болып отыр. Осының салдарынан энергетика қалалар құрылысының қарқынына ілесе алмайды. Жаңа өнер­кә­сіптік кәсіпорындарды іске қосу үшін энергия жетіспейді. Сонымен қатар мұнда энергетиктердің төмен жалақысынан және білікті кадрлардың басқа елдерге, соның ішінде оларға жақсы жағдай ұсынылатын Ресей Федерациясына кетуінен көрінетін әлеуметтік аспектіні де ескеру қажет.

Қазақстанның жұмыс істеп тұрған ЖЭО-лары Кеңес Одағы кезінде бой көтерген. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде бірде-бір жаңа ЖЭО салынбады. Жаңа жылу қуаттарын салу кем дегенде 5 жылға созылады десек, бүгінгі таңдағы өңірлердегі жылудың өткір тапшылығын қайтпекпіз?

Энергетика министрлігінің мәлімде­ме­сіне сәйкес, Қазақстан электр энергиясын Ресей Федерациясынан кВт/сағ үшін 25 теңгеден жоғары бағамен импорттайды. Бұл оның электр желілері арқылы берілуін ескере отырып, кВт/сағ үшін 30 теңгеге жақындайды. Алайда жылу энергиясы бойынша ұқсас сценарий технологиялық тұрғыдан мүмкін емес. Біздің елде жылуды импорттауға мүмкіндік жоқ, жылу энергиясының жаңа көздерін дамыту және салу қажет.

Алайда электр энергетикасын жаң­ғырту үшін одан әрі кең ауқымды ин­вес­тицияларға қажеттілік жоғары. Ма­ман­дардың бағалауы бойынша, генерация секторын жаңартуға шамамен 30 млрд доллар қажет. Осы сандарға қосымша энергия тиімділігін арттыру жөніндегі бағдарламаны іске асыру үшін 4 млрд долларды қосыңыз. Сон­дай-ақ жыл сайын бюджеттен та­риф­ті тоғыспалы субсидиялауға аса зор қаражат бөлінетінін атап өту керек. Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарына залал келтіреді. Өйткені осы қара­жатты мектеп, аурухана салуға немесе әлеуметтік көмекті пайдалануға жұмсауға болар еді.

Республикалық бюджет жете қаржы­ландырудан зардап шегіп отыр, ал Ұлттық қорымыз созылмалы резеңке емес. Нақты осы жағдайда көрші энергия жүйелеріндегідей нарықтық тетіктерге сүйену қажет. Сонда ғана электр энергия­сына тарифтер мен қуат үшін жасалған төлем сапалы жөндеу бағдарламаларын жүргізуге мүмкіндік берер еді.

 

Жақып ХАЙРУШЕВ,

Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының еңбек сіңірген энергетигі